Жаңа жылдан бастап жеке тасымалдаушы есебінде тіркелмеген таксисттер "Яндекс", "Индрайв" секілді платформалар арқылы тапсырыс қабылдай алмайды. Олар сонымен қатар медициналық тексерістен өтуге міндеттеледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Деректерге сүйенсек, тіпті бір мезгіл жолаушы тасымалдау үшін де алдымен тіркелу қажет. Сондай-ақ, әрбір жүргізуші еңбек және демалыс режимін сақтауға және медициналық тексеруден өтуге міндеттеледі.
- Медтексерістен өту дегенге мен негізі өзім қарсымын”. Жолға шығардың алдында әркез тексеріліп отыру қиын ғой. Дегенмен сегіз сағаттан артық жүрмеуді қолдаймын. Апат сол кезде азаяды деп ойлаймын”, “Бізді тіркемей ме, мысалы оң рөлді. Осыны алдық бала-шағаны асырау үшін. Енді қалай сонда бала-шағамызды асыраймыз. Оң рөлді алып тастауына қарсымын, – деп пікір білдірді жүргізушілер.
Жүргізушілер кейбір талаптарды қайта қарауды ұсынып отыр. Пікірлерінше, рөлі оң жақта орналасқан көліктерді түбегейлі онлайн агрегаторлардан алып тастау дұрыс емес. Дегенмен бұл таксисттерге қойылатын жаңа талап өзгермейін деп тұр.
-Күнделікті рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексеруден өтуге, автокөлікті күнделікті техникалық байқаудан өткізуге, сол жақтан басқаратын техникалық жарамды автокөліктерді пайдалануға, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауға міндетті болады”, – деді әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Комитет өкілінің айтуынша, қазір интернет-агрегаторлар қосымшаларының жұмысын пысықтап жатыр. Өйткені, жүргізушіні тіркеп, талапқа сәйкестігін нақтылайтын өздері. Тапсырысты да солар үлестіреді. Сондықтан талаптардың орындалған, орындалмағанына көз жеткізулері шарт.