• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2015

Ұлықтады халқыңыз, сеніммен алға тартыңыз!

530 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына ресми кірісуінің

салтанатты рәсімін тікелей эфир арқылы тамашалаған отандастарымыздың ортақ ойы осы

АЛМАТЫ Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-де студенттер мен қызметкерлер Президенттің салтанатты ұлықтау рәсімін теледидардан тамашалады. Атап өтер жағдай, саяси науқан күні университет студенттері мен қызметкерлері алғашқылардың бірі болып 100 пайыз қатысумен белсенділік танытты. Олардың қатарында 1000 студент алғаш рет дауыс берді. Ұлықтау рәсімін көрген қай адамның да көңілі толқыды деп білеміз. Себебі, біздер тарихи сәттің куәсі болдық. Бізден кейінгі толқын, келер ұрпақ тарихтан оқитын сәттің ішінде болып, соның ауасымен тыныстадық. «Біз ұрпаққа көркейген елді, нығайған бірлікті, мызғымас тұрақ­тылық пен еселенген байлықты мирас етеміз, дамудың даңғылына тың қарқынмен аяқ басамыз. Бес халықтық реформаны табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз», – деді Елбасы. Президенттің реформасын қолдай отырып, университетіміз ғылыми-инновациялық қызметі тарапынан еліміздің стратегиялық мақсатын жүзеге асыруға, отандық және шетелдік компаниялармен серіктестік қатынасын дамытуға, Қазақстан экономикасының ғылыми-технологиялық дамуына  бағытталған міндеттерді орындауға бар күшін салады. Римма ЖАНБАЕВА, ҚазҰТУ-дың ақпараттық-талдау орталығының бас маманы. АҚТӨБЕ Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімін теледидардан көріп, егеменді еліміздің абыройын асқақтатар тағы бір тарихи маңызды оқиғаға куә болдық. Елбасының Қазақстан халқына ант беру сәті елдіктің салтанатындай әсерге бөледі. Мұны жалғыз мен ғана емес, барша қазақстандықтар асыға күткені шындық. Сөйтіп, егемен еліміз Елба­сын ұлықтау рәсімін бас­тан өткерді. Мұның өзі Қазақстанның демо­кратиялық және саяси дамудың даң­ғыл жолымен өркениетті елдер қата­рына еркін енгенінің айқын мысалы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзін тыңдап, болашағымыз бұдан да нұрлы болатынына сеніміміз нығая түсті. Мемлекет басшысы сайлаудың бірлігіміздің қуатын паш еткеніне тоқтала келіп, елдің әрі қарай дамуы­ның төңірегіндегі бірқатар сыртқы ­ық­палдарды да атап өтті. «Мәңгі­лік Ел» ұлттық идеясын, «Қазақ­стан-­2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол» бағдарламасын, бес халықтық реформаны жүзеге асыруды жалғастыра отырып, жаңа белестерді бағындыруға бағыт ұсталып отырғанына көзіміз жетті. Ұлықтау рәсімінен өркендегенімізді, өскенімізді аңғардық. Мен өзім әзербайжанмын, зайыбым қазақ қызы. Біздің отбасының өзінен еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық аңғарылады. Ал, республикамызда 130-дан астам ұлттардың өкілдері тұрып жатыр. Елбасы мен ел бірлігінің мерейлі сәті біздің әрқайсымыздың көңілімізде мәңгі­лік орнығып қалары сөзсіз. Бұл – біздің ортақ қуанышымыз, бола­ша­ғымыздың бастау бұлағы. Ертеңіне ер­кін қадам басқан Қазақстанның шығар биігі, алар асуы аласармасын. Қазақстанды аса дамыған 30 елдің қатарына енгізуге құлшына кіріскен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қадамына сәттілік тілейік.  Шахбаз ЖАМАЛОВ, «Әзербайжандар қоғамдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе қаласындағы филиалының төрағасы.

АТЫРАУ Өткен жексенбіде барша қазақ­стандықтар секілді өзім де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бердім. Өйткені, тәуелсіздік алғалы бері Қазақ­станды экономикасы жаңғырған, әлеуметтік ахуалы жақсарған қуатты мемлекетке айналдыруда Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі бар. Елі үшін емірене еңбек еткен ер қашанда сенімге лайық екені бұл жолғы сайлауда да тағы бір мәрте дәлелденді. Еліміздің абыройы әлемдік өркениетте кеңінен танылды. Отандық экономика өрге бас­ты. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында елімізде жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтарды шығару қолға алынып жатыр. Өз елімізде мұнай-газ кеніштері барланып, «қара алтынды» өңдеу сапасы арта түсті. Міне, осының бәрі «Алдымен – экономика...» қағидасын ұстанған Нұр­сұлтан Назарбаевтың идеясымен қолға алынып, сәтті жүзеге асырылып келеді. Кеше біздің ұжым Президентті ұлықтау рәсімін арнайы мәжіліс залында орнатылған үлкен монитордан көрді, сөзін тыңдады. Елбасының «Қазақстандықтар маған ұлы сенім көрсетіп, Отанға тағы қызмет етуге шақырды. Біз күрделі жолды бірге жүріп өттік: өзімізге сеніп, Тәуелсіздігімізді алдық, мемлекет құрып, әлемге жаңа Қазақстанның есігін аштық, өзімізді біртұтас ұлы ұлт ретінде таныттық. Сіздердің сенімдеріңіз мені әрдайым шабыттандырды, сенімділік пен күш-қуат берді. Қазір барлық жауапкершілікпен айтқым келеді: бұған дейінгі жылдардағы сияқты халыққа адал қызмет етіп, елдің және барлық азаматтарымыздың амандығын сақтап, жалпыұлттық биік мүдделерімізді қорғайтын боламын», – деген сөзін естігенде мақтаныш сезіміне бөленіп отырдық. Елбасы ұдайы елді алға жетелеп келеді, айтқан сөзінде тұрады. Демек, тәуелсіз еліміз алда әлі талай биікке көтеріледі. Дамыған 30 елдің қатарына еніп, қуатты мемлекет атанарымызға кәміл сенемін. Қуандық ҚАЛИДУЛЛИН, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары. КӨКШЕТАУ Көпұлтты халқымыз Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімін еліміздегі ұлық оқи­ға ретінде қабылдағанына шек кел­тірмеймін. Өйткені, бұл жай ғана мерекелік рәсім емес, баршамыздың үкілі үміттеріміз бен асыл мұратта­ры­­­­­мызды тағы бір жаңа белеске көтерген қадам болды. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті өз халқы алдындағы антына адал­дығын мүлтіксіз орындаған тұлға ретінде еліміздің абыройын асқақ­татуда. Осы жолы да халқы­мызға адалдықтан тай­­­мауға, заңда­ры­мыз­ды қатаң сақтауға, барша­мыз­дың құ­­қықтарымыз бен бос­тан­дық­та­ры­мыз­ға кепілдік беру­ге­ салтанатты түрде Ант бергенде аса зор құрмет сезімінде болдым. Көңілім жайланып, көкжиегім кеңейе түсті. Біз бола­шағымызға сенімдіміз және Елба­сы­мыздың көрегендігі арқа­сын­да сол болашақты өзіміз жасап, ұр­пақ­тарымызға аманаттайтынымыз анық. Қазақ елі биыл аса мәртебелі мерекелер құшағында күн кешуде. Елбасы құрған Ассамблея мен халқымызды топтастырған Конституциямыз 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өту сал­танатымызға қадірлі Президентіміздің сайлану тойы мерей қоса түсті. Біз енді жаңа жігермен алға басатын боламыз. Валерий СИМЧУК, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты.

Айқын таңдау адастырмайды

Астанадағы Президентті ұлықтау рәсімі Қызылжар өңірінде салтанатты жағдайда кеңінен атап өтілді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жиналған этномәдени бірлестіктер, студент-жастар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері салтанатты рәсімді тікелей эфир арқылы тамашалағаннан кейін флешмоб ұйымдастырды. Онда Шыңғыс Құрбанов, Мария Чернышова, Александр Плотко, тағы басқа спикерлер сөз алып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың инаугурация барысында ант беруі өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық сезімдерін қалып­тас­тырумен қатар, ерен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. – Жастар! Сендер жаңа ғана Мемлекет басшысының сөздерін тебірене тыңдадыңдар. Мен бәріңді Елбасымыз секілді халыққа адал қызмет етіп, ел мен ұлт мүддесін алдыңғы орынға қоюға шақыра­мын. Бүгінде Қазақстанды әлем­дік қоғамдастық жақсы таниды, демократиялық ел ретінде мойын­дайды, – деді спикерлердің бірі, жергілікті күрд қоғамдық ұйымының жетекшісі Рашид Надиров. «Дослук» татар-башқұрт мә­дени қоғамының төрағасы Әмір Бая­зитовтің сөздері де жар­қын шықты. Ол Елба­сының ұлықтау рәсі­­мінде белгілеп берген міндет­те­ріне тоқталып, тарихтың жаңа беті ашылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, кейінгі ұрпаққа Қазақ­станды табыстау баршамызға ортақ парыз, халықтың зор сенімін арқалау ең биік мәртебе, жаңа ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беріп, өркениетті елдер қатарына қосылу – басты жауап­кер­шілік, деген Елбасы талаптары жи­налғандар тарапынан қызу қолдау ­тауып, жігерлі ұран сөздермен ­жау­ап берілді. Тек бейбітшілік, ынтымақ, келісім арқылы ғана қуатты мемлекет болып қалыптасамыз, ол үшін қажы­май-талмай еңбек ету керек, деген ой түйілді жиында. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Жастар қашанда Елбасымен бірге

Кеше Шымкенттегі «Көрме» орта­лығында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ұлықтау рәсімін қол­даған мыңдаған жас­тар флешмоб ұйым­дастырды. Қазақстан секілді алып мемлекетке кірпіш болып қаланып жүр­ген жастардың Мемлекет басшы­сын әрдайым қолдап, құрмет көр­сетуі, ұйымшылдық танытуы олар­дың деңгейін көрсетеді. Елдің жақ­сы­лығына, бағындырған биігіне ниеті таза, халқына жүрегі шын ашитын жандар ғана қуана алады. – Бүгін оңтүстіктің 700 мыңнан астам жастары атынан флешмоб ұйымдастырып отырмыз. Жеңіске жеткен Елбасымызды біз – жастар қолдаймыз, қуаттаймыз. Елбасымыз­дың еткен еңбегі, сарабдал саясаты қашанда қыз-жігіттер назарынан тыс қалған емес. Сондықтан да нұрлы жолға, нұрлы болашаққа бірге қадам жасайық! Елбасын қолдайық! – деді «Шымкент жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жандос Өсербаев. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ. Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ. ҚАРАҒАНДЫ Маған қазір алыстағы тарихи отан­дас­тарымнан елімізде кезектен тыс өткен ­президенттік сайлауға байланыс­ты ой-пікірімді білу үшін хабарласушы­лар көп. Шынын айтқанда, оларды дауыс беру­шілердің сайлауға жаппай қатысуы және Нұрсұлтан Назарбаевтың аса жоғары деңгейде дауыс жинауы таңғалдыр­ғаны сезіледі. Әрине, Қазақстандағы ішкі қоғамдық жағдайды сырттай есті­гендерінен, жете білмеулерінен бе деп ойлаймын мұны. Ал бізге еш таң­данарлығы жоқтығына өмірдің өзінен куәміз. Этносаралық достық пен татулық арқасында бәріміз­ді ортақ мақсатқа ұйыстырған мемле­кет­тік ­сарабдал саясат, келешегімізге берік сенімділік осындай ауызбірші­лік­ке тығыз топтастыра түсуін мақтаныш тұтатынымызды айтамын. Президентімізді ұлықтау рәсімін теледидар арқылы көріп, көңіліміз мақтанышқа бөленді. Бұл салтанатқа облыстағы этномәдени бірлес­тіктер өкілдері қатысуы бәрімізге ортақ мерей болды. Елбасын барша қазақ­стандықтар өз жүрек қалауымен таңдады. Халқымыздың Президент Нұрсұл­тан Назарбаевты қолдап, бірауыз­дан еліміздің алға дамуына, сол ұлы мұратқа белсенділікпен атсалысуға ниет­тілік танытуы елдіктің, отаншылдықтың жеңісі болып табылатындығы талассыз. Мызғымас бірлік пен бұлжымас татулықты ту еткен Отанымыздың одан әрі өсіп-өркендеуіне жаңа жол ашылуына қуаныштымыз. Қазақстанымызбен, Назарбаевпен біргеміз. Виктор Кист, «Видергебурт» неміс орталығы» облыстық қоғамының жетекшісі.  

«Біз Елбасын ұдайы қолдаймыз»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырауға ықыласы ерекше болса, мұ­найлы өңір тұрғындары да мем­л­е­кеттің саясатына ұдайы қолдау білдіріп келеді. Соның жалға­сы секілді жас буын өкілдері Елба­сы саясатына флешмоб өткізу арқылы қолдау білдірді. Бейбарыс сұл­­тан алаңына жиналған жастар патриот­тық әндер сазына биледі. Тәуелсіз елдің көк байрағын бейнеледі. – Біз, жас буын өкілдері Елбасы саясатының жемісін көріп келеміз. Еліміз тыныш, экономикамыз өр­кен жай­ды. Алаңсыз білім алдық. Жұ­мысы­­мыз бар, жалақымызды тұрақ­ты алып тұра­мыз. Келешекке сеніміміз мол, туған Ота­нымыз – Қазақстан бәрінен қымбат. Отаныңа, туған жерге жетер ел де, жер де жоқ. Оны ешбір елмен айырбастағым келмейді. Әлем елдері біздегі тұрақтылық пен бірлікке, экономикалық өркендеу мен жаңғыруға қызығып та, қызғанып та қарайды. Мұның бәріне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі арқылы қол жеткіздік. Елбасы – біздегі тұрақтылық пен дамудың кепілі. Сол себептен, біз Елбасымызды әрдайым қол­даймыз, – деді қазақшаны еркін меңгерген белсенді жас Светлана Любина. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.

Флешмоб: көк Ту, бүркіт және күн

Алматы жастары Астанадағы Елбасын ұлықтау салтанатына орай, Тұңғыш Президент саябағында флешмоб өткізді. Игілікті бастаманың алғы шебінде тұрған жалын жүрек, жас жігер Елбасының әрқашан да өздеріне иық сүйейтінін мақтанышпен атап өтті. Қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті Тол­ғанай Бекмұқа президенттік сайлау кезінде университеттегі барлық замандастарының ұйымшылдықпен дауыс беріп, зор белсенділік танытқаны туралы әңгімеледі. Президентті ұлықтау салтанатын теледидардан тамашалап болы­сымен, жастар флешмобына келген Толғанайдың құрбылары Айдынгүл Айтуған мен Әйгерім Бостан: «Біз  Президентке сенеміз, Президент бізге, жастарға сенеді», деді бірауыздан. Жастар қауымының жылдам басқосуы салтанатына 1000-нан астам Алматы жастары жиналды. Олардың ішінде студенттер, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бар. Елбасын ұлықтау салтанатын қолдап, азаматтық ұстаным танытқан алматылық жастар, сазды музыка ырғағымен алаңда жүгіре жүріп, елдің көк Туын, бүркіт пен күннің кескінін өрнектеп салып, халық бірлігін дәріптеді. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Айтжан МҰРЗАНОВ. ҚОСТАНАЙ Астанадағы ұлықтау рәсімі  басшысын жаңылмай таңдаған мемлекеттегі елдіктің салтанаты десе болады. Теледи­дардан қарап, көңілімізді мақтаныш кернеп отырды. Осындай елде, кең-байтақ жерде өмірге келіп, азамат атанғаныма тәубе деймін. Түркі тілдес түбі бір қазақ пен татар қашаннан бірге келеді. Рухани жағынан да бірін-бірі толықтырған қос халықты туыстық жағынан да ешкім бөле алмайды. Біздің бірінші байлығымыз – ынтымақ, бірлік,  содан кейін елді  болашаққа адастырмас тура жолмен бастаған Елбасымыз екенін білеміз. Шүкіршілік етеміз. Біздің мемлекеттің тізгіні тағы да сенімді қолға тапсырылғанына  қуандық. Қазақстан бүгінде  әлемге танылды. Тәуелсіз жас мемлекет  халықаралық көптеген мәселе бойынша үлгі көрсетіп келеді. Атом қаруынан  өз еркімен бас тартуы, түрлі діни конфессиялардың, түрлі ұлттардың бірлікте өмір сүруінің қазақстандық үлгісін паш етті. Сөйтіп, Қазақстанда барлық ұлт өкілдерінің  бірлігі мен достығы салтанат құрып келеді. Бізді уақыт осы қалпымыздан айырмасын деп тілеймін. Мен – татар халқының ұлымын. Өзім Қостанайдағы  Әулиекөл ауданында туып, қазақтың ән-күйіне елтіп өстім. Қазақ даласының ерке самалындай әндегі: «Құбыла соққан желден,  Тілегін Тәңір берген, Қасиет қонған елден, Елі үшін туған Ерден, айналайын!» деген жолдар әр қазақстандықтың жүрегінен төгіліп тұрғандай естіледі. Ренат БЕКТЕМІРОВ, татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы. ӨСКЕМЕН Шығыс өңірінің жұртшылығы Елбасын ұлықтау рәсімін зор қуа­ныш­­пен тамашалады. Біз, облыс­тық Дос­тық үйінде Қазақстан халқы ­Ассам­блеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері және Ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топ өкілдері бас қосып, теледидардан тікелей эфир арқылы Президентті ұлықтау рәсімін көрдік. Биылғы сайлауда қазақстандықтар өздерінің бір мақсатқа жету жолындағы арман-мүддесін іске асыруда бір Тудың астына топтаса алатынын байқатты. Елбасының жеңісі – барша халықтың жеңісі. Инаугурация елі­міздің заңнамасына сәйкес салтанатты жағдайда өтті. Президент Ата Заңымызға қолын қойып, Қазақстан халқы алдында Отанға қызмет етуге ант берді. Еліміздің көк байрағын сүйді. Әрине, мұның бәрі барлық отандастарымыз үшін жан толқытарлық көріністер. Елбасы атап өткендей, қазіргідей алмағайып дүниеде елдігіміздің айнасы іспетті осындай мемлекеттік салтанатты шаралар тарихымызға алтын әріптермен жазылып жатыр. Бұл – бүгінгі Қазақстан азаматтары мен келешегіміз үшін тағылымды, Отан алдындағы рухты оятатын маңызды оқиға деп білеміз. Енді барша қазақстандықтар Мемлекет басшысымен бірге жаһандық сын-қатерлерге қарсы қабылданатын іс-шараларға, бес халықтық реформаны жүзеге асыруға жұмыла кіріседі деген сенімдеміз. Александр АЛЕКСЕЕНКО, тарих ғылымдарының докторы,  профессор. ТАЛДЫҚОРҒАН Біз күллі қазақстандықтардың ақ тілеуі мен ақ ниеті нәтижесі Елбасын ұлықтау рәсімін көгілдір экраннан көрдік. Өте разы болып, көңіліміз шалқыды. Алматы облысында тұра­тын 103 этнос өкілдері тату-тәтті ынтымағы жараса отырып, ел бірлігінің бірегейлігін паш етті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалың елдің алдында салтанатты жағдайда ант қабылдауын әлемдік деңгейдегі аса ірі саяси сәт болды деп түсінеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен осы қадамды жасап, үлкен жеңіске жеткен Елбасы шын мәнінде теңдессіз тұлға екендігін дәлелдеді. Осы бір сәтте біз шын жүрегімізден қуандық. Елімізді өркениетке бас­тай білген Елбасы «Нұрлы Жол» бағдарламасын ұсынып, бес халықтық реформа бағытын айқындағанын бұл күні тағы нақтылай түсті. Бұл бес бағыт Қазақстан Республикасын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытқан үстіне дамытып, ел бірлігін нығайтарына кәміл сенім бар. Көреген саясаткер арғы-бер­гіні екшеп, батыл қадам жасай алатын­дығымен және бейбітшіліктің тіре­гіне айнала білуімен ерекшеленеді. Еліміздегі тұрақтылықтың кепілі бола білген Көшбасшымызбен біз, қазақстандықтар, мақтанамыз. Сон­дықтан да жалпыхалықтық қолдаумен Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті. Бұл елдің үлкен қуанышына айналып, Астанада өткен ұлықтау рәсімі жұртшылықты қуантып отыр. Татьяна КРИВОРУЧКО, Алматы облысындағы украин этномәдени бірлестігінің тең төрайымы. ШЫМКЕНТ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы айқын жеңісі – елдегі жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты халықтың айқын қолдауының жемісі. Оны шетелден келген байқаушылар да өз көзімен көріп, бірауыздан айтты. Елбасының Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімін теледидардан көріп, сөзін тыңдадық. Халықтың Мемлекет басшысына деген үлкен құрметін ерекше сезіндік. Халық қашанда Елбасымен бірге. Қай кезде де тіреу болуға, сүйеу болуға жарайды. Бүгінгі жеткен жетістіктерге тоқмейілсімеу керек. Алда үлкен жұмыстар бар. Қазақ­станды жаңа жеңіс­­терге жете­леу үшін Алла тағала Елба­сына ден­саулық, қуат, халыққа сабыр, ынтымақ берсін деп тілейміз. Дархан САБЫРХАНОВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.