• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Экология Бүгін, 11:27

Балқаштың тұрақты экожүйесін сақтау үшін 5 млн доллар бөлінеді

66 рет
көрсетілді

«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін сақтау үшін 5 млн доллар бөлетінін мәлімдеді. Бұл туралы «Қазақмыс» корпорациясының Тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов Бакуде өткен COP29 халықаралық конференциясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық конференцияда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Қазақмыс» «Балқаш көлінің су ресурстарын басқару: Халықаралық ынтымақтастық, зерттеулер және қаржыландыру» тақырыбында диалогтық сессия өткізді.

Сессияға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақабаев, Ernst&Young компаниясының Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және тұрақты даму мәселелері жөніндегі аймақтық директоры Виктор Коваленко, сондай-ақ АҚШ, Финляндия, Иран мемлекеттерінен халықаралық сарапшылар мен Азия Даму Банкі (АДБ) сынды ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сессияны жүргізген Сәкен Шаяхметов Балқаш көлін сақтаудың стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе ұлттық әрі халықаралық деңгейде ерекше назарда болуы тиіс.

«Балқаштың Арал теңізінің қайғылы тағдырын қайталауына жол бермеуіміз керек. Бұл көл миллиондаған адамның өмірі, аймақтың экономикасын және ел болашағын айқындайтын маңызды жобалар үшін шешуші мәнге ие. Біз осы мақсатқа жету үшін әлемдік қауымдастықпен күш-жігерімізді біріктіруге дайынбыз», деді С.Шаяхметов.

Бұған дейін мамыр айында Балқаш қаласында өңірдің экологиялық мәселелерін шешуде маңызды қадам болған Су-климаттық форумы өткен еді. Бұл мәселе COP29 конференциясында халықаралық деңгейде талқыланды. Келесі кезеңде жетекші сарапшылардың қатысуымен нақты бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жоспарланған бастамалар аясында «Қазақмыс» Балқаш көлінің экожүйесін зерттеуге арналған ғылыми жобаларды дамыту және аймақтың су ресурстарын тұрақты басқару тәсілдерін енгізуге ниет білдірді. Биоалуандық пен судың сапасын бақылауға ерекше назар аударылып, экожүйедегі өзгерістерге дер кезінде жауап беру күн тәртібіне қойылады. Сондай-ақ жергілікті халықты экологиялық тұрғыда ағарту бағдарламаларын жүзеге асыру және су ресурстарын сақтау саласындағы үздік тәжірибелерді енгізу үшін халықаралық сарапшылармен және серіктестермен ынтымақтастықты дамыту жоспарланған.

Алдағы 5-10 жылда жүзеге асырылатын бастамалар Балқаш экожүйесінің жағдайын жақсартуға, антропогендік әсерді азайтуға, жергілікті халық пен бизнес арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға және Балқаш-Алакөл бассейінінің табиғи ресурстарын тұрақты басқарудың тиімді моделін құруға мүмкіндік береді.

«Қазақмыс» Арал теңізінің құрғауы немесе Каспий теңізінің қазіргі экологиялық қиындықтары сияқты апаттардың алдын алу үшін Балқашты сақтау аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Ұлттық және халықаралық серіктестердің бірлескен күш-жігері көлді болашақ ұрпақ үшін өмірлік маңызы бар табиғи әрі экономикалық ресурс ретінде сақтап қалуға көмектеседі.