• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2015

Минскіде Бас прокурорлар маңызды мәселелерді талқылады

197 рет
көрсетілді

АСТАНА. 30 қаңтар. Минскіде Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері бас прокурорлары – Асхат Дауылбаев, Юрий Чайка және Александр Конюктің үшжақты кездесуі болып өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Тараптар ортақ экономикалық кеңістік жағдайындағы өзекті мәселелерді, оның ішінде халықтық сұраныстағы тауарлар айналымына қатысты, автомобильдерді заңсыз кіргізу және тіркеу, қосымша құн салығын заңсыз қайтару саласы, сондай-ақ Еуразиялық одақ қызметі аясындағы мәселелерді шешу бойынша сарапшылар тобын құру туралы талқылады. Сұхбаттасушылар экономикалық интеграция тұрғысында ЕАЭҚ елдері қадағалаушы органдарының ынтымақтастығын тереңдету аймақтағы заңдылықты қамтамасыз ету, трансұлттық қылмысқа қарсы тұру, тұрақтылықты нығайту бойынша ортақ стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған басты біріктіруші фактор екендігін баса айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Минск қаласында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру бойынша мемлекетаралық кеңес отырысының бірінші ұйымдастырушылық отырысына қатысты. Форум жұмысына Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстанның құзырлы органдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында құқықтық тетіктерді жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың алдын-алу, сондай-ақ олардың салдарын жою мәселелері кеңінен сөз болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру бойынша мемлекетаралық кеңес 6 мемлекеттің (Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан) басшыларымен құрылған ТМД-ның салалық ынтымақтастық органы болып табылады. Кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру бойынша шараларды ұйымдастыру және үйлестіруді, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық заңнаманы жақындастыру және үйлестіру, ақпарат алмасуға ықпалдастық ету, сондай-ақ Кеңеске қатысушы-мемлекеттер құзырлы органдарының өзара ынтымақтастығын нығайтуды жүзеге асырады. Жолдыбай Базар. Дерек: Бас прокуратураның баспасөз қызметі. Сурет: time.kz.