• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Көрме 20 Қараша, 2024

Помпей мен Сарайшық

159 рет
көрсетілді

Сурет өнері көне шаһарды қалай жаңғырта алады?

Бала кезімде кітаптан көріп, маған әсер еткен бір сурет болды. Карл Брюлловтың атақты «Пом­пей­дің соңғы күні» картинасы. Кейін Санкт-Петербордағы мем­ле­кеттік орыс мұражайынан тама­ша­ладым. Ал бірнеше жыл бұрын Италиядағы Помпей архео­логиялық кешенінде болып, ерекше күйде оралдым. 

Көне қаланың күйреуі арқылы мәңгі тақырыптарды қозғаған картина Еуропада мадақ пен марапатқа ие. Одан алған әсерін ақындар – өлеңге, музыканттар – әуенге, режиссерлер – киноға айналдырды. Суреттен басталған өнердегі «домино эффектісі» ғасырлар бойы жалғасып келеді. Тіпті Помпей аттас компьютер ойыны да бар екен. Осының барлығы көне Рим шаһары атағын аспандата түсті.

 

 Помпей эффектісі

Ал б.з. дейінгі 79 жылы күлдің астында қалған көне Помпей – қазір туристер ең көп баратын, мысалы, былтыр 4 млн астам турист келген, жылына 20 млн еуродай кіріс әкелетін әлемдегі табысты заманауи мәдени ошақтардың бірі. 2027 жылы «Италияның мәдени астанасы» атануға үмітті.

Сол аймақта тарихы Помпейге ұқсас тағы бір бағзы шаһар – Гер­ку­ланум бар. Биыл онда көп ғи­ма­раттар, жәдігерлер Пом­пей­ден әлдеқайда жақсырақ сақталғанын көр­дім. Бірақ көпшілік бұл қаланы біле бер­мейді.

Яғни көне шаһарға дем бе­ре­тін, оны жандандыратын – өнер. Ал тарихи ескерткішке ең үз­дік жарнама – көркем туынды. Мы­салы, Римдегі Треви субұрқағы турис­тердің ырымдап салған тиында­рынан былтыр 1,6 миллион жинапты. Өйткені бұл жер көпшілікке атақты кино шедеврлар – Феллинидің «Тәтті өмірі» мен Одри Хепберн ойнайтын «Рим каникулдары» арқылы танымал.

Өнердің жоғалғанды қалпына келтіріп, өткенді – бүгінге, асыл мұ­­ра­ны кейінгі ұрпаққа жеткізетін ғана емес, тарихи орынды кіріс кө­зі­не айналдыратын да құдіреті бар.

Елімізде де тылсым тарихына әлем қызығатындай қаншама ежелгі қалашықтар мен құнды ескерт­кіштер бар! Солардың бірі – Ұлы Жібек Жолы бойындағы, орта­ға­сырда Бағдаттан кейінгі ірі қала са­налған, сол кезде сұлулығы мен сән-салтанатымен тамсандырған Сарайшық.

 

Сарайшық – бабалар мұрасы

Тарихы жұмбақ пен ақтаңдаққа толы Сарай­шықты көркем сурет арқылы жаң­ғырту – тың әрі сан қыр­лы бастама. Өйткені онда өнер, мәдениет, тарих, туризм сияқ­­ты түрлі сала элементтері тоғы­­сады.

Осы мақсаттағы «Сарайшық – бабалар мұрасы» жобасы мәресіне жетуде дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Астана филиалының төрағасы Лариса Алдаберген. Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы қолдауымен жүзеге асқан жоба аясында осы өңірдегі танымал мүсіншілер мен графикалық суретшілердің қатысуымен шеберлік сыныптары, семинарлар ұйым­дастырғандарын айтты ұйым жетекшісі. Бұл іс-шараларға 200-ден астам адам қатысып, сурет өнері шеберлері тәжіри­бе­сімен танысқан.

Суретшілер көне Сарайшық қала­шығына барып, графика, мүсін және кес­кіндеме бағытында көне шаһар мен оның бағзы тарихын бейнелейтін картиналар сал­ған. Олар пейзаж, тарихи көркем сурет, графика, абстракция, символика эле­мент­терін пайдаланған. Арнайы көр­меге 50-ден астам жұмыс қойылып, олар ката­логке топтастырылған. Байқау аясында үздік жұ­мыстар анықталып, жеңімпаздар жария­ланған.

Көне шаһарлар мен оның тарихи мұра­сын көркем өнер арқылы ілгерілету – мәдени дипломатия мен бабалар мұрасын дәріптеу құралы. Көптеген ел сурет өнерін көне қала­ла­ры­ның тарихы мен мәдениетіне назар аудар­ту, оған туристер тарту, мемле­кет­тік имид­жін жақсарту, тіпті мәдени ескерт­кіш­терін ЮНЕСКО мұрасы тізіміне ензігу үшін де пайдаланған.

Ауқымды жобалар арнасы қазақтың көне, тарихи шаһар­лары, әсіресе Ұлы Жібек жолы бойындағы қала­шықтар мұра­жай­ла­ры арасында тұрақты байланыс ор­нап, ортақ бастамаларды бірге қол­ға алса, бұл ұлттық мұрамызды сақ­тау мен оны ілгерілетуде ­ау­қым­ды ұлттық жобаға айналар еді.

Ал көне мәдениет ошақтарын насихаттауда дәстүрлі бейнелеу өнері түрлерімен қатар заманауи форматтар – цифрлы сурет өнері, онлайн галереялар, инсталляциялар, видео-арт, стрит-арт және перфоманстарды пайдалану жастардың, сонымен бірге шетелдік суретшілердің тарихи мұрамызға қызығушылығын арттырады.

Сонымен бірге жобаны ауқымды ету жолы – көне тарихи шаһарларын сақтап, оны өнер арқылы көркейтіп отырған Италия, Грекия, Франция, Жапония, Түркия сияқты елдермен әріптестік байланыс орнатып, келісімге келу, бірлескен жыл­жымалы көрмелер, арт фестивальдар өткізу. Қазақ суретшілерінің тарихи көр­кемсурет жанрындағы үздік суреттерін еуро­палық галереяларға шығару да басқа мем­лекеттер назарын Қазақстанның тарихы тұң­ғиық қалаларына аудартар еді. Бұл – бір жағы­нан еларалық мәдени байланысты нығайтудың жолы.

Суретшілердің халықаралық резиден­ция­­сын, мысалы, Сарай­шық маңында ұйым­дас­­ты­рып, шетелдік және отандық сурет­ші­лер­­дің ортақ өнер зертханасын жасау қазақ тари­хы мен мәдениетін әлемге насихаттауға жол ашады.

Сарайшық – Еуропа мен Азияны бай­ланыстырған, саяси, сауда-экономикалық қана емес, мәдени қарым-қатынаста да маңызды қала болды. Онда осы дәстүрді өнер мен білім арқылы қайта жаңғыртқан абзал. Ұлттық Арт Қала (ArtQala-AQ) ағартушылық идеясы ауқымында көне қалаларда, оның ішінде алдымен Сарайшықта AQ интеллектуалды арт-платформасын ашуға болады.

Ортақ алаңда әлемдегі білім мен инно­вациялар, трендтер, көне шаһарлар бойын­ша тарихи-мәдени құнды деректер қазақ­стандықтарға жетсе, қазақтың өнері мен тари­хы, оның ішінде көне қалалар мұрасы бас­қа мемлекеттерге таныстырылады. Бұл – бір жағы өнер мен мәдениетке қатысты ілім­ді көпшілікке түсінікті форматта жеткізу әрі кеңі­нен тарату идеясы. Әсіресе қазіргідей мәде­ниет – ойын-сауыққа, өнер – «попсаға» ай­налған кезеңде жастарды ойландыратын, та­ным көкжиегін кеңейтетін қазақ тіліндегі кон­тент қажет.

Өйткені мәдениеті озық, рухани­ құн­ды­лық­тары мығым, қоғамы саналы мемлекеттің экономикасы да берік, тәуелсіздігі тұғырлы болмақ.

 

Айжан Көшкенова,

журналист