• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Қараша, 2024

Экономикаға серпін берген жобалар

78 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары Сыр өңірі жүзеге асқан жобасы көп аймақ саналып отыр. Дамудың тиімді жолын таңдап, түрлі бағыттағы бастамаларды іске асыру экономикаға ерекше серпін бергені байқалады. Өңірдің 10 айдағы көрсеткіші осындай байлам жасауға негіз болады.

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірдегі көш­пелі брифингінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барлық негізгі макроэкономикалық көр­сеткіш бойынша қазір облыс республикада бірінші орында тұрғанын атап өтті.  Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім бар.  

 

Бюджет молайып, мүмкіндік кеңейді

Он айда осы жылға жоспар­ланған 517 млрд 500 млн теңге инвестицияның 478 млрд 300 млн теңгесі орындалды. Осыдан екі жарым жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, қазір 744 млрд теңгеден асып тұр.  Оның 55,4 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр.

Мұнай кеніштеріндегі қордың сарқылуынан 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі кейінгі жылдары оң динамикаға шықты.  Бұл өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасып отыр. Өңдеу өнер­кәсібі бойынша 2022 жылы рес­публикада 11-орында тұрған өңір былтырдан бастап аймақтар арасында көш бастады.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Дегенмен мұнай өндірісінің облыс экономикасындағы үлесі әлі де жоғары.  Сондықтан да өңірде геологиялық зерттеу жүр­гізуге ден қойылып отыр. Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелеріндегі геоло­гиялық зерделеу жұмыс­тары осы жылдың соңында аяқталады. 

Биыл республикалық бюджеттен Сырдария бассейінін зерттеу жұмыстары басталады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай палеозой» кен орнында тереңдігі 5 мың 500 метр болатын ұңғыма бұрғылау басталып, қазір шамамен 3 мың 820 метрге жетті. «Саутс Ойл» компания­сы «Құмкөл» кен орнындағы тақтатас мұнайын тың тәсілмен өндіру жобасын бастады. 

 

Кәсіпкерлік үлесі артады

«Осыдан 2 жыл бұрын кәсіп­керліктің экономикадағы үлесі 19,1, ал былтыр 19,9 пайыз болды. Соңғы 2 жылда кәсіпкерлікті қар­­­жылай қолдауға түрлі қар­жы көз­дерінен 127 млрд 500 млн теңге жұм­салып, 12 мың 400 жо­ба жүзеге асырылды. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемле­кет­­тік бағдарламалар аясында бө­лініп отыр. Биыл бар­лық қар­жы көздерінен 63 млрд 523 млн теңгеге 3 мың 761 жобаны қар­жы­лан­дырып, кәсіпкерліктің эконо­­ми­кадағы үлесін 21 пайызға жет­кі­земіз», деді Н.Нәлібаев.

Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» бойынша былтыр 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асып, 713 жаңа жұмыс орны ашылған. Бағдарламаның тиімділігіне көзі жеткен ауылдағылар іс аясын кеңейтіп, биыл «Ауыл аманаты» аясында 4 млрд 600 млн теңгеге 575 жоба қолға алыныпты. Бұл бағытта агробизнес өкілдерінің үлесі көп. 

 

Жұмыссыз жастар азайды

Биылғы 10 айда 30 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтыл­ды. Олардың ішінде тұрақты жұ­мыс­қа орналасқаны – 11 973 азамат. Осыдан 2 жыл бұрын жас­тар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 4% болса, қазір 3,5 пайызға түсті. Аймақтың еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлау үшін Мамандықтар атласын әзір­леп, ауыл шаруашылығы, қыз­мет көрсету, тау-кен, техника­лық-технологиялық, IT саласына қа­жетті кадрлар даярлауға ден қо­йылып отыр. IT демекші, Қазақ­стан мен Оңтүстік Корея ын­ты­мақ­тастығы аясында биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситетінде еліміздегі алғаш­қы жа­санды интеллект институты ашыл­ғаны да айта қаларлықтай жаңа­лық болып отыр. Болашақ кибер­қа­уіпсіздік, информатика және ақ­па­раттық жүйелер ма­ман­­дары Сеул Ұлттық Ғылым және тех­­но­л­огиялар университеті әзір­ле­ген бағ­дарламалар бойынша оқытылады.

 

Үнем шығыннан сақтайды

Облыс әкімі аймақтың ауыл ша­руа­шылығы саласына кейін­гі екі жылда 20 млрд 300 млн тең­ге­ден аса инвестиция тартылғанын атап өтті. Биылғы 10 ай ішінде негізгі капиталға 12 млрд 200 млн теңге инвестиция салынған.

«Биыл 189 мың 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жауын-шашынға ұрын­бай жинап алдық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өндірісте суды үнемдейтін технологиялар қолданған алқап көлемін биыл өткен жылмен салыстырғанда бес есеге арттырып, 4 мың 400 гектарға жет­кізіп отырмыз. Осыдан 2 жыл бұрын аймақ диқандарының алдында күріш алқабын 64 мың гектарға азайту міндеті тұрғанын білесіздер. Су тапшылығының зардабын азайтудағы бұл амал­дың ақыры күріштен босаған жерлердің тұздануына әкеліп соқтыратын еді. Сондықтан да біз алқапты қысқартудың орнына оған кететін шығын­дар­ды азайтуға қам жасадық. Осылайша, кейінгі жылдары диқандарымыз 55 мың гектар күріштік алқапты лазермен тегістеді. Осы арқылы суды үнемді жұмсап, өнімділікті 30 пайызға арттыруға қол жеткіздік», деді облыс әкімі.

 

Құрылыста да қарқын бар

Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет жеке инвестордың есебінен халықаралық талаптарға сай келетін әуежай жақында Қызылордада қолданысқа берілді. «Болат Өтемұратов қорының» қаржысы есебінен 16 млрд 600 млн теңгеге салынған әуежайдың инфрақұрылымы үшін жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлініп, су, кәріз, электр және байланыс-интернет желілері тартылып, бу қазандығы салынған. Ерекше архитектуралық үлгіде бой көтерген терминалдың жалпы аумағы 7 500 шаршы метр. Мұнда сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Жаңадан елу жұмыс орны ашылған нысанда 210 қызметкер жұмыс істейді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері республикада салынып жат­қан жылу электр өндіретін алғаш­қы нысан да Қызылордадан бой көтеріп келеді. Сыр елінің инфра­құрылымдық дамуына үлес қосып отырған «Акса Энерджи» түрік компаниясы инвестиция салған құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, 215 млрд теңге болатын жоба іске қосылғанда 240 МВт электр қуатын, сағатына 277 Гкал жылу беріп, өңірдегі тапшылықты азайта түседі.

Биыл аймақтағы жол құры­лысын дамытуға 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан аса жол жөндеуден өтіп жатыр. Осының арқасында жақсы жолдар үлесі 92 пайыздан асады. «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаң­ғырту бағытында биыл 140 шақырымына реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру бо­йынша «ҚазАвтоЖол» акцио­нерлік қоғамы жобалық-сме­та­лық құжаттамасы әзірлену үстінде.

 

Екі жылда – 4 мың пәтер

Кейінгі 2 жылда тұрғындарға 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың адамның баспана мәселесі шешімін тапты. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге қаралып, жыл қорытындысымен 2 500-ге жуық баспана пайдалануға беріледі.

Мектептердегі орын тапшы­лығын реттеудің бір жолы – білім ошағы жанынан қосымша құрылыс салу. Биыл облыста жаңадан 3 мектеп, бесеуінің жанынан қосымша құрылыс салынып, қолданысқа берілді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салынады. Олардың 900 оқушыға арналған алғашқысы жақында облыс орталығынан ашылды.

Жалпы, өңір дамуына компаниялар да үлкен үлес қосып отыр. Биыл «ҚазГермұнай» ком­паниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 350 орын­дық Оқушылар сарайы салынды. «Саутс Ойл» компаниясы 4 млрд 800 млн теңге қаржы бөліп, музы­калық колледж құрылысы жүріп жатыр.  

Баспасөз мәслихатында аймақ басшысына БАҚ өкілдері қойған сауалдың бірі білім беру саласында бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына қатысты болды.

«Мемлекеттің әр теңгесі игі­лікке жұмсалуы керек. Өкініш­тісі, олай болмай тұр. Мем­лекет қолдауымен ашылған артс­порт үйірмелерінде сол баяғы бала санын қосып жазып, артық қаржы қымқырып қалу етек алған. Мысалы, желдеткіші жоқ аядай ғана бір бөлмеде 2-3 үйірме жұмыс жасайды дегенге кім сенеді? Тиісті басқармалар құр­ған мониторингтік топ Сыр­дария ауданында ашылған үйір­меге Жаңақорған ауданынан оқу­шы келіп қатысады деген қи­сын­сыз өтірікті де анықтады. Осын­­дай тексерудің арқасын­да 1 жылдың өзінде артспорт­тан 3 млрд 800 млн теңге үнемде­дік. Мониторинг арқасында осы уақыт аралығында жалпы жеке­меншік балабақшалардан үнемдел­ген қаржы 8 млрд теңгеге жуық­тап отыр. Ол қаржы ешқайда кеткен жоқ, елдің игілігіне жарап жатыр», деді облыс әкімі.

Журналистер тарапынан егістік жер, «Қайсар» футбол клубындағы жалақы қарызы, әлеуметтік газ, білім мен тәрбиеге қатысты қойылған сауалдарға аймақ басшысы ашық жауап берді.

 

Қызылорда