«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС әкімдігі ұйымдастырған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Шымкент қаласы сарқынды суларды тазалау қондырғылары кешенінің аймағында орналасқан Бөржар су жинақтағышының жұмысымен танысты.
Нысанның директоры Мейіржан Есенбековтің айтуынша, кешеннің негізгі қызметі сарқынды суларды тазалап, тоғанға жинау. Қыс мезгілінде су сонда жинақталса, жаздың күндері, суару маусымы кезінде су егістік алқаптарына жіберіледі. Су жинақтағыштың жобалық сыйымдылығы 26 млн текше метрді құрайды, жаз мезгілінде 40 млн текше метрге дейін су босатылады.
Тоғанда балық та бар. Алайда ол өндірістік емес, биологиялық тазалау мақсатында өсіріледі. Қондырғыда тазалау механикалық, биологиялық әдіс арқылы жүргізіледі. Механикалық әдіспен сүзгілер арқылы сарқынды сулар қатты заттардан, майлардан тазаланса, биологиялық әдіспен, балықтардың көмегімен судағы органикалық заттар жойылады. Өйткені органикалық тіршілік иелері суда көп болса ол иістене бастайды. Мұндай биологиялық әдіс дамыған елдерде тәжірибе жүзінде көп қолданылады екен.
Кешен басшысының мәлімдеуінше, қанша дегенмен су құрамында органикалық заттар кездесетіндіктен, ол топыраққа дайын тыңайтқыш. Сондықтан маман техникалық әдіспен азықтық ауыл шаруашылығы дақылдарын да еш қорықпай суара беруге болатынын айтты. 2022 жылы су жинақтағыштың түбі лайдан тазаланыпты. 2025 жылға дамбыны күшейту бойынша жұмыстар жоспарға қойылып отыр. Тазалау қондырғысы Польша елінің технологиясы. 2017 жылы жаңғырту бағдарламасы аясында польшалық компания осы қондырғыны орнатып берген екен. Мұндай технология қазіргі таңда еуропалық елдердің көпшілігінде қолданыста. Орталық Азия мен ТМД мемлекеттерінің ішінде бірегей қондырғы саналады. Тіпті қытайлық инвесторлардың өзі оған қызығушылық танытқан. Сарқынды суларды екінші мәрте пайдалану көп елдерде жоқ. Бұл игі шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде берген тапсырмасымен үндеседі.
Маманның айтуынша, кәріз жүйесінің қалдық суларын ішуге жарамды етуге мүмкіндік беретін технология да бар. Алайда мегаполисте әзірге стратегиялық жерасты су қоры жеткілікті мөлшерде. Сондықтан мұндай технологияға қажеттілік дәл қазір туындап отырған жоқ. Кешен негізінен үйден шығатын шайынды суларды тазартуға арналған. Бірақ жауын-шашынмен қосылып келетін суларды да мұнай қалдықтарынан тазалап жатыр. Өйткені көліктерден тамған жанармайды жаңбыр суы жолдан шайып, науаларға ағызады, оның бір бөлігі кәріз жүйесіне де барып құйылады. Кәріз жүйесіндегі жаңбыр суы тазалау қондырғысына жеткенше арнамен ағып барады. Ереже бойынша жауын-шашынға бөлек кәріз жүйесі керек екен. Себебі көшеден аққан жаңбыр суында мұнай қалдықтары көп болады. Дегенмен кешен қондырғысы құрамында мазуты бар сарқынды суларды да шама-шарқынша тазартып отыр.
Маманның мәлімдеуінше, егер су таза болмаса тоғандағы балықтар әлдеқашан қырылып қалар еді. Балықтар судың экологиялық тазалығының анықтаушысы, индикаторы рөлін атқарады. Егер олар тірі жүрсе, демек су да таза деген сөз. Оның үстіне, су жинақтағыш жергілікті экология департаментінің жіті бақылауында. Әрдайым эколог мамандар тоған суынан сынама алып, құрамын зерттеп тұрады. Сол тұрғыда тіпті су жинақтағышқа адамдар шомылса да болатынын айтады кешен директоры.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС сарқынды суды биологиялық тазалау үшін хлорелла микроорганизмдерін қолданып келеді. Бұл тіршілік иесі судағы қалдық заттарды жоюға көмектеседі. Соның нәтижесінде көлдегі су бүгінде мөп-мөлдір. Кәріз жүйесінен тазаланып шыққан су екенін алдын ала білмеген жұрт оны табиғи көл деп ойлап қалады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын Бөржар су жинақтағышынан шығатын жағымсыз иіс қолқаны қабатын. Қазір ол иіс жоғалды. Соның арқасында бұл маңайдың тұрғындары бүгінде қалыпты күй кешіп отыр. Ал жаман иістен құтылуға бірден-бір көмегін тигізген хлорелла микроорганизмі. Одан бөлек, гидроқұрылым суын Түркістан облысына қарасты көршілес Ордабасы ауданының шаруалары да егіндеріне тегін пайдаланып отыр.
«Ордабасы ауданы Бөржар елді мекеніндегі 800 гектардай алқапты осы көлдің суымен суарамыз. Сонау 1974 жылдан бері бұл су жинақтағыш шаруалардың қажетіне жарап тұр. Жоңышқа, бидай, жүгері еккен диқандар жылда судан ешқандай қиналмайды. Бөгет суы 6 шақырым каналмен, одан 8 шақырымнан астам құбырмен ағып барады. Негізінде елді мекенде суармалы егіс көлемін су жинақтағыш есебінен 2,5 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Кеңестік дәуірде етектегі совхоздар егістік алқаптарына суды осы бөгеттен алатын. Бірақ ол су таза болмайтын. Сол үшін сарқынды су тек совхоздар еккен мал азығы дақылдарына ғана жарайтын. Қазір су таза, мөп-мөлдір. Егістікке қорықпай пайдаланып жатырмыз», деді «Еркін Қайнар» өндірістік кооперативінің төрағасы Еркін Арысбаев.
ШЫМКЕНТ