Нашақорлықтың жолын кесуге бағытталған кешенді қадамдар қолға алынғанымен, есірткіге есі кеткендердің саны азаяр емес. Ес-ақылдан ажырататын психотропты заттар талайдың өмірін талқандап жатыр. Жыл басынан бері Алматыда 19 есірткі зертханасы мен екі бірдей қойма жойылып, есірткіні жарнамалаумен айналысқан 100-ге тарта адам жауапқа тартылған.
Күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп, мектеп жасындағы жеткіншектерге де ауыз сала бастаған. Осыған байланысты құзырлы орындар мен білім басқармасы мектептер мен колледждерде тақырыптық дәрістер, тренингтер, семинарлар өткізу ісін қолға алды. Жастар мен жасөспірімдерге «Есірткіге қарсымыз!» деп аталған кітапшалар мен жадынамалар таратылып келеді. Мамандар әр азамат есірткіге қатысты қандай да бір хабарға қанық болса, кітапшада көрсетілген жедел желіге хабарласа алатынын айтады.
«Бұл дертпен қоғам болып күресу маңызды. Жалпы жедел-іздестіру шараларымен қатар нашақорлықтың алдын алу және халықтың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматыда жыл басынан бері нашақорлыққа қарсы 585 профилактикалық іс-шара өтті. Бұл мәселеде еріктілер бізге жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Олардың белсенді атсалысуымен есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 9 908 граффити суреті табылып, үстін бояп тастау арқылы жойылды. Есірткі саудасын насихаттаған 31 «суретші» ұсталды. Сонымен қатар есірткіні таратумен, жарнамалаумен айналысатын 450 интернет-ресурс бұғатталды. Заңсыз айналымнан 405 килодан аса есірткі, оның ішінде «синтетика» есірткі заттары тәркіленді», дейді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Есірткіге қарсы күресте ерікті жастардың белсенділігі басым. Айталық, 2021 жылы іске қосылған «Наркостоп» жобасының еріктілері биыл Алматыда 1 500-ден аса есірткі жарнамаланған белгіні жоюға атсалысқан. Жоба өкілдерінің айтуынша, былтыр жастардың қатысуымен есірткіні жарнамалайтын 300 мың граффити боялған.
«Кейінгі жылдары оңтайлы нәтижелерге қол жеткіздік. Алғашқы кездері 50-ге жуық ерікті дәрі-дәрмек жарнамасын бояуға шықса, орта есеппен бір еріктіге 100 жазудан келетін. Қазір тура сондай алаңда 50 еріктіге 10-15 жазудан келеді. Бұл – суреттерді өшіріп тастаған соң қайта пайда болған граффитилер», дейді жоба өкілі Ж.Нұрсейітова.
Нашақорларды емдеу мен оңалту – маңызды мәселе. Жеке орталықтарда емделу құны тым қымбат болғандықтан, азаматтардың қалтасы көтере бермейді. Белсенділер жеке оңалту орталықтарының барлығы бірдей стандартталмағанын, соған қарамастан бірнеше жеке емдеу мекемесімен келісімге қол жеткізілгенін айтады. Қаржыландыру мәселесін Жастар саясаты жөніндегі басқарма қолға алған. Жоба жүзеге асқалы талай адам тегін оңалтудан өткен. Былтыр белсенділер «Жаңа ғасыр» қауымдастығымен бірлесе отырып бірнеше жобаны жүзеге асырған.
Өз өмірін өксітіп қоймай, жақындарын да сарсаңға салатын нашақорларды емдеуге жыл сайын қыруар қаржы бөлінгенімен, нәтиже көңіл көншітпейді. Диспансерге жатып ем алғандардың оннан бірі ғана құлантаза айығып шығатын көрінеді. Синтетикалық заттарға бір әуес болған жан уақыт өте келе одан да күштісін пайдаланып көргісі келеді. Бірте-бірте ең қауіпті түрлеріне дейін көтеріледі. Мамандардың қабылдауына синтетикалық есірткі мен психостимуляторларды қолданған 13-14 жастағы жеткіншектерден бастап, алпысты алқымдаған азаматтар да жүгінген.
«Есірткіге әуес болғандар саны ресми статистикадан бірнеше есе көп. Олар диспансерлік тіркеуге тұрсақ, болашағымызға балта шабамыз деп ойлайды. Сондықтан өз бетінше емделуге тырысады. Дегенмен нашақорлықты емдеу мен оңалту – оңай мәселе емес. Жеке орталықтарда емделу құны тым қымбат болғандықтан, әркімнің қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне баласы есірткіге салынған ата-аналар мұндай мекемелерге сеніңкіремейді. Өкініштісі сол, сауықтыру мекемесінің өзінде сырттан сәлемдеме жеткізетін жағдайлар орын алған тұстар бар. Бұл тақырыпқа сауатты көзқараспен қарайтын мамандардың қатарын қалыңдатқан абзал. Әркімнің теріс жолға түсу оқиғалары – әртүрлі. Біреу тойынғаннан, ал біреу торыққаннан есірткі дәмін татады. Есірткімен проблемамды жеңілдетем деп ойлайды, ал шын мәнінде, өзінің өміріне балта шапқанын тым кеш түсініп, бармақ шайнайды. Емделудің ең негізгі алғышарты адамның жеке сана сезімінен басталады. Санасына сілкініс жасай алмағандар сыртқы фактордың әсеріне түсіп, әлсіздік таныта береді. Ондай емделушілермен арнайы жұмыс жүргізу қажет», дейді психолог Дина Хасенова.
Қатерлі індетке қарсы күрес мәселесі өткен аптада Мәжіліс мінберінде талқыланып, еліміз есірткі қолдану деңгейі жоғары елдердің қатарына кіргенін, Қылмыстық кодекске есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтерін заңсыз өндіру, прекурсорлардың заңсыз айналымы және өзге де әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін бірқатар өзгеріс тұжырымдамалық түрде мақұлданғаны айтылған еді. Алматылық жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау ведомствосының өкілдері белсенді азаматтарды қоғам дертімен бірлесе күресуге шақырды.
АЛМАТЫ