АСТАНА. 31 қаңтар. Испания мен Словакияда өтіп жатқан қысқы Универсиаданың 6-күні Қазақстан қоржынына тағы үш күміс медаль түсті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Ерлер арасындағы шаңғымен эстафеталық жарыста жігіттеріміз мәреге екінші болып жетіп, күміс медальға қол жеткізді. Команда сапында Александр Малышев, Евгений Величко, Евгений Бондаренко және Марк Старостин болды. 4х7,5 шақырымға созылған жарыста ресейлік шаңғышылар Универсиада чемпионы атанды. Олар аталған қашықтықты 1 сағат 22 минут 49,0 секундта жүріп өтті. Ал біздің жігіттер жеңімпаздардан 1:53,7 уақыт қалып қойды. Қола жүлде чехиялықтарға бұйырды. Олар мәреге ресейліктерден 2:57,0 уақыт кешігіп жетті.
Келесі күміс медальдың иегерлері биатлоншы қыз-жігіттеріміздің еншісінде. Биатлоннан аралас эстафета бойынша 2х6+2х7,5 шақырымдық жарыста бақ сынаған спортшыларымыз Галина Вишневская, Анна Кистанова, Максим Браун және Василий Подкорытов ресейлік қарсыластарын ғана алға жіберіп, мәреге екінші болып келді. Қола жүлдені украиналық спортшылар олжалады. Жарыс жолында биатлоншылар 8 мәрте нысана көздегенін айта кетейік. Үздік үштіктің уақыт көрсеткіштері мынадай:
Ресей – 1:36:38,4 (0+6);
Қазақстан – +33,2 (0+7);
Украина – +49,2 (4+8).
Алтыншы жарыс күні қоржынымызға түскен үшінші күміс медальді шаңғышы қыздарымыз олжалады. Олар 3х5 шақырымдық эстафеталық жарыста тағы да Ресей спортшыларына есе жіберді. Ресейліктер жарыс жолын 47:47,1 уақыт аралығында жүріп өтсе, сапында Анна Стоян, Виктория Ланчаков және Анастасия Слоновалар бар қазақстандық команда 48:30,7 уақытта мәреге жетті. Ал бұл жарыстың қола жүлдесі жеңімпаздардан 1:31,1 уақыт қалып қойған Франция шаңғышыларының еншісінде кетті.
Аталған үш күміс медальдан соң Қазақстан қайтадан жалпыкомандалық турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Бүгінде қоржынымызда 2 алты және 4 күміс медаль бар. Ал 12 алтын, 10 күміс және 10 қола медалі бар Ресей жеке-дара көш бастап келеді. Бейресми есептегі үздік үштікті әзірге Польша түйінде тұр. Олардың еншісінде 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль бар.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: tatry2015.sk.