• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2015

«Астана» тағы да жеңілді

318 рет
көрсетілді

АСТАНА. 1 ақпан. «Астана» баскетбол командасы ВТБ бірыңғай лигасының 18-турында чехиялық «Нимбурктен» 82:84 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өткен ойында алғашқы кезең тең жағдайда өрбіді. Нәтижесінде, қарсыластар үзіліске 19:19 есебімен тарқасты. Аталмыш турнир аясында «Астана» соңғы үш ойында қарсыластарына есе жіберсе, «Нимбурктің» мұндай сәтсіздік сериясы жетеуге жеткен. Сондықтан қос тарап та бұл ойынға ерекше көңіл бөлді. Әсіресе, «Астанаға» жеңіс ауадай қажет еді. Алғашқы айналымда Чехияда өткен ойында «Нимбурк» басым болды. Сол себепті, біздің команда өз жанкүйерлері алдында есе қайтаруға тырысты. Екінші кезеңді алаң иелері өте ширақ бастады. Команда сапындағы қос америкалық Джерри Джонсон мен Джекован Браун бірнеше мәрте қонақтардың қорғанысын бұзып өтіп, қоржынға маңызды ұпайлар салды. Қарсыластың үзілістен кейінгі қарқынын көрген «Нимбурктің» бас бапкері Кястутиса Кемзура үзіліс алып, шәкірттерінің жігерін жанып көрді. Дегенмен, бұл кезеңде қонақ команданың осалдығы анық байқалды. Бапкер кеңесінен қорытынды шығарғандай болған чехиялықтар өз ұпайларын молайтқанымен, «Астананы» басып озуға шамалары жетпеді. Соған сәйкес, үлкен үзіліске біздің команда басымдықпен аттанды. Алғашқы 20 минуттың қорытындысы бойынша есеп «Астананың» пайдасына 46:38 болатын. Үшінші кезеңде қонақтар барын салды. Әсіресе, Честер Симонс, Дариус Вашингтон және Геррет Штуц сынды ойыншылары белсенділік танытып, бірнеше мәрте үшұпайлық аймақтан нысананы дәл көздеді. Десек те, «Нимбурктің» әр нәтижелі ұпайына Александр Трифунович шәкірттері лайықты жауап беріп отырды. Соған орай, спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер бұл кезең де «Астананың» басымдығымен аяқталатынына сенімді болған. Себебі, келесі үзіліске небәрі 2 минут қалған кезде алаң қожайындары 62:55 есебімен алда тұрды. Өкінішке қарай, сол екі минуттың ішінде қонақтар 7 ұпай иемденіп, үзіліске дейін таразы басын теңестіріп кетті. Шешуші кезең алдында таблода 62:62 есебі көрсетіліп тұрды. Сондықтан соңғы 10 минутта нағыз «жан беріп, жан алысар» тартыс болары сөзсіз еді. Төртінші кезең басталысымен чехтар ойын тізгінін өз қолдарына алып, бірден жойқын шабуылға көшті. Әсіресе, Петр Бенданың қарқынына біздің қорғаушылар төтеп бере алмады. Соның нәтижесінде, Бенда жалғыз өзі кезеңнің алғашқы үш минутында 8 ұпай жинап үлгерді. Енді таразы басын теңестіру мәселесі астаналықтарға ауысты. Тартыс түгесілер тұста ойындағы басымдыққа ие болғанымен, командамыз жеңіске жетудің жолын таба алмады. Кезең басындағы белсенділіктің арқасында ұпай санын көбейтіп алған қонақтар 84:82 есебімен жеңіске жетт. Ал «Астана» лига аясында осымен төртінші ойын қатарынан жеңіліс тапты. Ойын барысында «Нимбурк» сапындағы Д.Вашингтон 24 ұпай жиып, кездесудің ең мерген ойыншысы атанды «Астана» ойыншылары арасынан ең көп ұпай жиған Ник Кэйнер-Медли. Ол командасы жиған 82 ұпайдың 21-ін өз еншісінен жазды. Әзірге А.Трифунович бапкер «Астананың» ойын өрнегіне оң өзгеріс енгізе алмай келеді. Еврочелледж турниріндегі ойындарды қосар болсақ, бұл елордалықтардың қатарынан бесінші жеңілісі. Бүгінге дейін ВТБ лигасында 16 ойын өткізген командамыз соның 10-ында қарсыласына есе жіберген. Соған сәйкес, турнир кестесінде 10-сатыда келеді. Бұл көрсеткіш плей-офф кезеңінен тыс қалдыратыны белгілі. Аталмыш кезеңде ойнау үшін үздік 8 команданың қатарына қосылу керек. Астанадағы жеңістеріне қарамастан «Нимбурктің» де жағдайы мәз емес. Олар бүгінде лигада ойнайтын 16 команданың ішінде 14-орында тұр. «Астана» лига аясындағы келесі ойынды 8 ақпан күні Ресейдің Волгоград қаласында жергілікті «Красный Октябрь» командасына қарсы өткізеді. Еламан Қоңыр. Дереке: egemen.kz. Сурет: vtb-league.com.