Ауыл балалары олимпиадасы аяқталды. Елордада елді мекендерде орналасқан мектептердің оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды. Қорытындылау жиынына Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, педагогтер, білім бәйгесінің жүлдегерлері мен ата-аналар қатысты.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиада осымен екінші рет өткізіліп отыр. Жақында сол II республикалық олимпиаданың нәтижесі шығарылды. Қорытынды кезеңге 486 оқушы қатысып, оның ішінде 221 оқушы жеңімпаз атанды. Бұл балалар – еліміздің ең шалғай аймақтарынан келген білім алушылар.
Марапаттау рәсіміне қатысып, жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаған Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатов олимпиаданың бірінші кезеңінен өткен қатысушылардың қатары көбейіп келе жатқанын жеткізді.
«Оқу-ағарту министрлігі ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақсатында республикалық олимпиаданы екінші жыл қатарынан өткізіп отыр. Егер былтыр олимпиаданың бірінші кезеңіне 78 мың оқушы қатысса, биыл олардың саны 113 мыңнан асты. Бұл ауыл оқушыларының зияткерлік жарыстарға деген қызығушылығының артып келе жатқанын, республикалық олимпиаданың мәртебесі жоғары екенін көрсетеді. Баршаңызды жетістіктеріңізбен құттықтаймын және білім жолында жаңа табыс тілеймін!» деді комитет төрағасы.
Павлодар облысынан келген Имран Құсайынов пен Қызылорда облысынан бақ сынаған Төре Балтабаев «Олимпиаданың ең жас қатысушысы» аталымы бойынша дипломдармен марапатталды. Дарындылар додасының ең жас қатысушысы Төре Балтабаев жарыс туралы өз ойын: «Мен 6-сыныпта оқимын, бірақ олимпиадаға 9-сыныптың бағдарламасымен қатысамын. Біздің елде білім алып, ғылыммен айналысуға мүмкіндік көп. Мемлекетіміз талантты балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біз үшін олимпиадалар, байқаулар ұйымдастырылады, ал үздіктер халықаралық жарыстарға жіберіледі. Мен де олимпиадалық резервтің бір бөлігі болуды, білімімді одан әрі жетілдіріп, бір күні елім үшін алтын медаль ұтып алуды армандаймын», деп жеткізді.
«Үздік олимпиадалық команда» аталымы бойынша I дәрежелі дипломдарды Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстарының құрама командалары иеленді. Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 8 ректорлық гранты табысталды, тарқатып айтқанда, 6 грант – SDU-дан, 2 грант – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық университетінен келген қатысушыларға тағайындалды. Сондай-ақ математика, физика және информатика пәндерінен I дәрежелі диплом иегерлері – 9–10-сынып оқушыларына Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде 2025–2026 оқу жылында білім алуға грант берілді.
Министрліктің дерегіне қарағанда, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада барлығы 221 медаль сарапқа салынды, мұның 117-сі – қола, 62-сі – күміс және 42-сі – алтын медаль. Аталған білім бәйгесі 13 пән бойынша өтеді, жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарды қамтиды, үш кезеңнен тұрады. Мектеп кезеңіне 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы бақ сынады, ал финалға 1000-ға жуық оқушы шықты. Соның ішінде 486 оқушы жаратылыстану-математика бағытындағы олимпиадаға қатысты, ал 450 оқушы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша олимпиадаға қатысады. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша олимпиада 10–14 желтоқсан аралығында Астанада өтеді.
Айта кетейік, олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысқан барлық оқушы «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылғы наурыз айында өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатысады.