Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президентке энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұлттық жобаның әзірлену барысы жөнінде ақпарат берілді.
– алдағы бес жылға арналған жоба аясында энергетикалық және коммуналдық сектордың қолданыстағы инфрақұрылымын жаңарту, 6 мың мегаваттан аса электр қуаты генерациясын іске қосу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу қарастырылған;
– жобаның жалпы құны 10 триллион теңгеден асады. Қажетті қаражат нарықтан займ негізінде, сондай-ақ ішінара республикалық бюджеттен тартылады;
– кешенді жаңғырту жұмыстары энергетикалық нысандар мен коммуналдық сектордың тозуын біршама төмендетіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіреді;
Сонымен қатар өңірлік саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері туралы мәлімет берілді:
– бұл шара облыстар арасындағы әлеуметтік, өндірістік және коммуналдық инфрақұрылымды қамтамасыз ету барысындағы алшақтықты жоюға бағытталған;
– Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды жүйелі үйлестіру үшін Үкімет жанынан Өңірлік саясат жобалық кеңсесі құрылады;
Маңғыстау облысында авиациялық хабты дамыту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру перспективасын баяндады. Аталған жоба өңірдің экономикалық өсіміне тың серпін беріп, халықаралық көлік-логистика тізбегінің маңызды бөлігіне айналады.Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Бозымбаевқа Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұлттық жобаны мұқият дайындап, жыл соңына дейін бекітуді тапсырды. Сонымен қатар Өңірлік саясат тұжырымдамасын белсенді іске асыру міндетін жүктеді.