• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Бұл қай Рекин?

404 рет
көрсетілді

Ол әйгілі Мәриям Жагорқызының інісі еді

Тарихы терең, елі ерен Қорғалжында жүректі толғанысқа бөлер дүниелер көп-ақ. Солардың бірі бұрынғының армана аңыздарын жалғастырған, қазіргі күні де мәңгілік әфсана жыр төгілдіріп тұратын «Ғашықтар» ескерткіш кешені. Ауылдың кіреберіс қақпасындағы еңселі жотаға орнатылған ескерткіш Мәриям Жагорқызы мен Дүйсен бауырымыздың ақ махаббатын үнемі асқақтатып тұрады. Жанынан сылдырап ағып, мың-сан сыр шертетін ерке Нұрамен қосылып «Мәриям Жагорқызылатып» ән салып тұрғаныңызды да байқамай қаласыз. Ауыл-аймақтың үйлену тойы осынау махаббат ордасынан басталатыны жақсы дәстүр, ғанибет тәлім дейсіз ертеңге сүйсініп. Тіршіліктің тұтқасы – махаббат. Бұл сезімді бас­тан өткергендер бақытты. Ал, кең ауқымда алсақ, өмірдің өзегі, дүниенің мәні, елдік парыз, азаматтық қалып осынау қымбат сезімдерден қалыптасады. Ұлы қасиеттердің ұлағатты ұяда оянатыны да анық. Мұны біз Мәриямның ағасы Павелден туған Сергей Рекинге қаратып айтсақ жарасқандай екен. Ол 1943 жылдың соңында, 17 жасында еріктілер қатарында соғысқа аттаныпты. Венгрияның Раба өзенінен өтіп, күші басым жаумен шайқаста көзсіз ерлік көрсетіп мерт болған. Сол жолы, 1945 жылдың сәуірінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Соғыс салдарынан мектепті бітіре алмаған Сергей Ұялы ауылында атқосшы, балық аулаумен айналысқан екен. Майданға ауылдасы Дмитрий Всякихпен бірге аттанған. Ұрыстан аман келген Д.Вся­­­кихтің айтуынша, оларды Смоленск облысының Семе­новка станицасында орналасқан 39-шы запастағы атқыштар полкіне тіркепті. Одан әрі жылжып, Вязьма қаласының маңындағы Орешки деревнясына жеткенде Сергейді дивизия штабына шақыртыпты. Мұнда еріктілер тізіміне жазылғандарды жаңадан құрылған десант дивизиясының құрамында алғы шепке жіберетіндігі белгілі болады. Содан кейін олар бір-бірімен кездеспеген. Сергей Рекиннің әпкелерінің жазбаларынан білгеніміз, Ұлы Отан соғысы аяқталған соң әкелеріне қатардағы жауынгер С.Рекиннің хабарсыз кеткендігі жөнінде қағаз келген. Онда Сергейдің ерлігі жөнінде былайша қысқаша баяндалыпты: «...Сіздің ұлыңыз Рекин Сергей Раба өзенін жүзіп өтіп, жаудың 35 офицері мен солдатын жойды...». Әйткенмен, әпкелері, бертіңгі компьютер шыққан кезде олардың ұлдары мен қыздары іздеу салуды тоқтатпаған. Ақырында, «Мемориал» сайтынан бауырларының 1945 жылдың 12 сәуірінде қайтыс болғандығы, бұл қайта жерлеу рәсімі кезінде жауынгер медальоны арқылы айқындалғаны және Австрияның Гройзбах деревнясындағы бауырластар зиратында жер қойнауына берілгендігі туралы хабар алыныпты. Бұдан кейінгі ізденістер де жемісті болғанын айтқан жөн. Жуырда газетіміздің Көкшетау қала­­сындағы қосынына Сергей Павловичтің жиені Мұхамедрахым Сейітбатталұлы Омаров пен оның Руслан, Азамат есімді ұлдарынан Рекинге қатысты жаңа құжаттар жиынтығы келіп түсті. Бұл Рекиндер үшін аса маңызды дүниелер еді. Біріншіден, қаҺарман сарбаздың жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен наград­­талғандығы және сол Австриядағы Алланд қаласын­­дағы зиратта қайта жерленгені ресми түрде анық­та­лып отыр. Яғни, қазақы наным бойынша аруақ­­тың да, үмбеттің де жаны байыз тапқандай. Енді бұлар нағашы қорымында құран оқыту ниетінде жүр. Екіншіден, Ресейдің әскери ведомстволары мен мұрағаттарынан Қорғалжынның қыран ұлын Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы нақты құжаттар табылып отыр. Біз аталған құжаттың орыс тілін­дегі нұс­­­қасын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. «Краткое, конкретное изложение личного боевого подвига: РЕКИН СЕРГЕЙ ПАВЛОВИЧ. Звание – гвардии рядовой. Должность – заместитель командира отделения 1-й Стрелковой роты, 324 Гвардейского Стрелкового Полка 103-й Гв.Стрелковой Дивизии. 29 марта 1945 г., 324 Гвардейскому Стрелковому Полку был отдан боевой приказ форсировать реку Раба (Венгрия) севернее города Икелвар. Пулеметчик – гвардии красноармеец С.Рекин со снайпером Назаренко по своей инициативе вызвались переправиться на берег, занятий противником и разведать противника, оборонявщего переправу. Под пулеметным и минометным огнем противника переправились вплав через реку и дерзким налетом заняли блиндаж противника, установили в нем свой ручной пулемет и открыли огонь по приближаюшемуся противнику. В течении часа пулеметчик Рекин совместно со снайпером Назаренко сдерживали натиск врага, тем самим дали возможность переправиться первой группе 9 человек совместно с которой и обеспечели переправу всего полка. В этом бою тов. Рекин уничтожил огнем своего пулемета до 35 солдат и офицеров противника. Достоин присвоения: ГЕРОЯ СОВЕТСКОГО СОЮЗА с вручением ордена Ленина и медали ЗОЛОТАЯ ЗВЕЗДА. Командир 324 Гв. Стр. Полка Герой Советского Союза Гвардии полковник (Хацкович) С релацией и выводами согласен: Командир 103 Гв. Стр. Дивизии Гвардии полковник (Степанов) «8» апреля 1945 г. Достоин Правительственной награды присвоения звания ГЕРОЯ СОВЕТСКОГО СОЮЗА. Командир 37 Гвардейского Стрелкового Свирского Корпуса Гвардии генерал-лейтенант (МИРОНОВ) «13» апреля 1945 г. Осынау ресми тілдегі құжатты оқи отырып, қиян-кескі ұрыстың боямасыз суретін көз алдыңызға елестетесіз. Әскери тарихта «16 наурыз-15 сәуір аралығындағы Вена шабуылы операциясы» атымен белгілі шайқастың тағдыршешті маңызына қанығасыз. Шешуші шабуылға жол ашып, ел бостандығы үшін қыршын жандарын қиған қайсар жерлесіміз Сергей Рекин мен ержүрек мерген Назаренкоға риза боласыз. Мұндай ерлікті жоғары бағалаған Александр Невский, жауынгерлік «Қызыл Ту» орденді полк пен Қызыл тулы Кутузов орденді гвардиялық дивизияның атақты қолбасшыларына рахметімізді айтамыз. Соған қарамастан «әттең» дейсіз. Ерліктің де бағаланбай қалатын тұстарына өкінесіз. Әскери кеңес жоғарыдағы ұсынысты бекітпей, С.Рекинді жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен наградтауға қорытынды жасаған екен. Қалай болғанда да Сергей Рекин мойындалған батыр. Соғысқа қатысқан әкелеріміз бен ағаларымыз «ешкім майданға марапат алу үшін бармайды» деп айтып отырушы еді. Иә, ерлікті жоспарлау мүмкін емес. Оны дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ. Ерлік бойдағы қымбат қасиеттердің, ізгілікке құштарлық пен өмірге деген махаббаттың ғажап қозғалысынан туындайтын құбылыс. Бірақ, ерлік пен оны жасағандар ұмытылмауы, махаббат маздақтарының мәні күшейе түсуі үшін бүгінгі ұрпақтың мархабаты молынан шашылуы тиіс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, туған ел Сергей Рекинді құрметтеудің, есімін ардақтаудың қамында болғаны жөн дейміз. Ал, қазірше Сергей Павловичтің жиендері мен жиеншарларының «Біз ұмытпаймыз, біз мақтан етеміз!» деген тақырыппен жәдігер жинақтап, еліміздің бас газетіне ұсынуын сол құрметтің бастамасы деп білеміз. Енді сол жиендердің тегі мен аты-жөні таза қазақша болып келетініне қызығушылық білдірген оқырмандарымыздың сауалына Рекиндер әулетінің тарихымен жауап беруге болады. Әулет басшысы Егор Рекин ХІХ ғасырдың соңында Ресейден қоныс аударған шаруа адамы еді. Олар Қорғалжын ауда­нындағы Нұра өзенінің бойында шаңырақ көтеріп, жергілікті тұрғындармен емен-жарқын аралас-құра­ласта болған, бірте-бірте қазақ тілін еркін меңгерген. Ауылдастары Егор ақсақалды – Жагор, оның балалары Павелді – Пәшке, Максимді – Мақсұм, Федорды – Шөдір, Алексейді – Әлеке, қызы Марияны – Мәриям атап кетіпті. Осы Мәриям Жагорқызы қазақтың халық әндерін орындаушы, танымал ақын, Қазақ КСР мәдениетінің еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Ол – әйгілі халық әні «Дударайдың» авторы. Жагордың үлкен ұлы Павелдің үш қызы, бір ұлы болған. Олар: Шура (Зура), Сергей (Серікбай), Надя (Насиха), Тамара (Бәтима). Сергей 1926 жылы Қорғалжын ауданының қазіргі «Кеңбидайық» ЖШС-іне қарасты Ұялы ауылында туған. Рекиндердің барлық ұрпағы дерлік қазақ мекте­­бінде оқыған, қазақтарға үйленіп, келін түсірген. Мұсылман дінін ұстаныпты. Қазір олар Қорғалжын ауданында, Астана қаласында және Қазақстанның өзге өңірлерінде тұрып, ұрпақ өрбітуде. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы.