• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Бірлігі мықты ел озады

370 рет
көрсетілді

Кеше Астана қаласы Абай қонақ үйінің мәжіліс залында «Ұлы Дала Қыран­дары» әлеуметтік-мәдени қозғалысы­ның ұйымдастыруымен баспасөз мәслиха­ты өтті. Онда аталмыш қозғалыстың бастамасымен үстіміздегі жылдың 3-7 мамыры аралығында «Алматы – Талдықорған – Аягөз – Ақжар» бағыты бойынша өткелі отырған «Бірлігі мықты ел озады» атты шерудің жай-жапсары сөз болды. Тарихшылар, шеруді ұйымдас­ты­рушылар және БАҚ өкілдері қа­тыс­қан жиында Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында қолға алынған шараның мән-маңызы, мақсат-мүддесі кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының тең төрағасы Сәдібек Түгел шеру барысында жұртшылыққа ұсынылатын мәдени іс-шаралар жөнінде хабардар етті. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында Қабанбай батырдың туын ұстаған, ел қорғаған Ер Дәулетбай батырға арнап ескерткіш тұрғызылмақ. Бұдан бөлек, ғылыми-практикалық конференция, ақындар айтысы, аламан бәйге ел назарына ұсынылады деп күтілуде. Тағы бір айта кетер жайт, баспасөз мәслихаты соңында қоғамдық түрлі мәселелер мен ұлттық спорт саласына қатысты жазылған бірқатар жаңа кітаптар таныстырылды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».