Биыл 1 шілдеде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Бұл құжатты ғылыми қауымдастық көптен күтті, талқылауларына да белсене қатысты, қазір қолданыстағы құжатта олардың ойы, көзқарасы көрініс таба алды ма? Жалпы, заң отандық ғылымның дамуына, ғалымдарымыздың жұмысын жетілдіруге қажетті деңгейде, жеткілікті жағдайда ықпал етіп отыр ма? Тиімді тұстары қандай, әлде әлі де кемшін тұстары бар ма, толықтырулар кезінде нақты нені кезек күттірмей енгізген жөн? Сан сауалға жауап іздеп көрдік.
Біраз норма алынып тасталды
Осы тақырып бойынша журналистік зерттеу барысында біраз ғалыммен тілдестік. Көбі аты-жөнін ашық көрсетіп, пікірін жариялауға қарсылық танытты. Сол респонденттердің бәріне дерлік ортақ бір жауап кездесті, бұл – «Біз айтқан біраз ой заңға енгізілмеді» деген мазмұндағы сөз.
Заңды әзірлеумен тікелей айналысқан Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов осы мәселеге: «Заңды әзірлеу барысында жұмыс тобы құрылып, ғылыми, сараптамалық, бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің қатысуымен талқыланып, ұсыныстары ескерілген еді. Алайда мемлекеттік ұйымдармен, Парламентте келісу барысында біраз норма алынып тасталды. Сонымен қатар қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауына «Ғылым және технологиялық саясат мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы алынды. Аталған заң жобасы аясында заңға енгізілмей қалған нормалар қайта қаралып, ғылыми қауымдастықпен талқыланады», деп жауап берді.
Тиімді тұстары
Комитет төрағасы заң жобасын талқылауларда айтылған көп ой енгізілмегенімен, қазір қолданыстағы құжатта ғылыми жұртшылыққа, отандық ғылымды дамытуға арналған өте орынды баптар бар екенін атап көрсетті. Соның біріншісі – «Ғылым және технологиялық саясат» заңының 28-бабы. Бұл бапта ғылыми қызметті ынталандыру және ғалымдардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің жетекші ғалымдарын әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру үшін «қауымдастырылған профессор (доцент)» атағы үшін 25 есеге дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде, «профессор» атағы үшін республикалық бюджеттен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындайтын жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына, ғылыми қызметкерлерге 50 есеге дейін айлық есептік көрсеткіште қосымша ақы белгілеу көзделген.
«Заңның 29-бабында ғылыми жұмыстарды аяқтау үшін ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының өз қаражаты есебінен жетекші ғалымдарға бір жылға дейін ақылы шығармашылық демалыс беру құқығы енгізіледі. 30-бабында ғалымдарға тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға құқық берілді. Ал 39-бапта ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша салықтық жеңілдіктер мен салық шегерімдерін беру бойынша мемлекеттік ынталандыру шаралары қарастырылған. Шаралар ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жеке инвестицияларды тартуға, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың өсуіне бағытталған», деді комитет басшысы. Ғ.Жанқуатовтың жауабында жазылғандай, екінші тиімді тұсын заңның 16-бабынан табуға болады. Онда мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысы мақсатында идеядан сериялық өндіріске дейінгі ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық әзірлікті (TRL) бағалаудың жаңа тетігі (TRL – экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде пайдаланылатын технологиялық әзірліктің деңгейлері) енгізілді. Осылайша, дамыған елдердің тәжірибесі негізінде Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты әлемдік технологиялық көшбасшыларға қатысты инновациялық алшақтықты қысқартуға бағытталады. Үшінші. Заңда ғылым және технологиялар саласындағы бағдарламалар бойынша бірыңғай терезе болатын және инновациялық инфрақұрылымды (бизнес-инкубаторларды, коммерцияландыру орталықтарын, технопарктер мен конструкторлық бюроларды құру және венчурлік қаржыландыруды тарту жөніндегі жеке бастамаларды қолдауды) жүзеге асыратын Ғылым қорының функционалдығы күшейтілген жеке 45-бап бар.
«Төртінші. Заңнамалық деңгейде Заңның 24-бабында ғылыми жетістіктерге, инновациялар нарығына және жаңа технологияларға мониторинг жүргізу мақсатында ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу, талдау жөніндегі тетік айқындалған әрі осы жұмысты жүзеге асыратын ұйымды айқындау көзделген. Ғылыми-техникалық ақпараттың мониторингі ғылыми үдерісті ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл сөзсіз ғылым мен инновациялар дамуының тұрақтылығына ықпал етеді, сондай-ақ елдегі ғылымды басқарудың тиімділігін арттырады, ғылыми саланы цифрлық экономиканың толыққанды сегментіне айналдырады», деді Ғ.Жанқуатов.
Ғалымдардың құқықтық мәртебесі жүйеленбеген
Биыл қабылданған осы заңда Ұлттық ғылым академиясына арналған арнайы тарау, баптар қарастырылды. 3-тараудағы 11-баптың 3-тармағында Академияны жалғыз жоғары ғылыми ұйым деп көрсетсе, 4-тараудың 15-бабы «Қазақстан Республикасының ұлттық ғылым академиясы» деп аталады. Сол бапта, осыған дейін біраз сарапшы айтқандай, академияның құзыреттері кеңейтілген, нақтыланған. Осыған қарамастан, Ұлттық ғылым академиясы жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің омбудсмені, құқықтану бойынша PhD Мүсілім Хасенов аталған заңда әлі де кемшіліктер мен жетіспеушіліктер бар екенін жеткізді.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңда ұлттық ғылыми жүйенің жұмыс істеуі мен даму тетіктері құрылған. Дегенмен заңда ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәртебесіне арналған жеке тарау жоқ, олардың құқықтары жекелеген нормаларда айтылады, бірақ жүйеленбеген және кепілдіктермен қамтамасыз етілмеген, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың институционалдық тетігі енгізілмеген. Айталық, ТМД деңгейінде 2008 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясы қабылдаған «Ғалым және ғылыми қызметкердің мәртебесі туралы» модельдік заң бар. Онда ғалымның мемлекет пен қоғам үшін ерекше маңызы мен рөлі аталады. Бұл ретте білім туралы арнайы салалық заңның болғанына қарамастан, «Педагог туралы» заңның қабылданғаны жақсы мысал бола алады. Қазақстан ғылымында түйінді түйткілдер бар. Мұнда ең алдымен, тек шетелге ғана емес, жалпы мамандықтан да кадрлардың кетуін өзекті үлкен деуге болады. Ғылымды дамыту Тұжырымдамасына сәйкес, кейінгі 30 жылда ғалымдар саны екі есеге (1991 жылы 40 800-ден 2021 жылы 22 600-ге дейін) қысқарды, бұл ғалымдардың тұрақсыз және төмен жалақысына байланысты. Сол себептен де жастар ғылымға бет бұра бермейді, осыдан да ғылым саласына кадр тартудың төмен үрдісі сақталып отыр, сондықтан да кадрлардың «қартаюы» қазірге дейін күн тәртібінен түспей тұр. Міне, осыдан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәртебесін нығайту қажеттілігі туындайды. Қазақстан ғалымдарының өз заңды өкілі болуы қажет», дейді профессор М.Хасенов.
Оның ойынша, Қазақстан ғалымдарының өз заңды өкілі болуға заң шеңберінде ерекше мәртебеге ие болған, жоғары ғылыми ұйымға айналған Ұлттық Ғылым академиясы өте қолайлы, бірақ ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын тиісті қорғауды қамтамасыз ететін нақты тетіктері жоқ. Бүгінде академия тек консультативтік мәртебеге ие, ұйымның өкілеттіктеріне сараптама мен талдау, зерттеулер жүргізу және ұсыныстар әзірлеу, журналдар шығару, конкурстар өткізу кіреді. Алайда академияның мемлекеттік органдардан тәуелсіздігіне кепілдік жоқ (қаржыландыруды ХҚКО Ғылым комитетіне қызмет көрсету аясында алады) және ғылыми қоғамдастықтың мүдделерін, сондай-ақ ғалымдарды қорғауға өкілеттігі жоқ. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтарын қорғау тек бұзушылықтардың едәуір бөлігін алатын еңбек құқықтары ғана емес, бұл – зияткерлік құқықтар, академиялық бостандықтар, ғылыми байқауларға қатысты мәселелер, басқаша айтқанда, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің заңды өкілінің мандаты кәсіподақтарға қарағанда әлдеқайда кең және ауқымды.
«Осыған сүйене отырып мәселені шешу үшін, біріншіден, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәртебесі туралы жеке заң немесе «Ғылым және технологиялық саясат туралы» қолданыстағы бейіндік заңға жеке тарау енгізуді ұсынамын. Бұл үшін аталған заң мемлекеттік шешімдер қабылдаудың ғылыми негізділігі, академиялық еркіндік және академиялық адалдық қағидатымен толықтырылуы керек, онсыз ғылымның толыққанды дамуын елестету мүмкін емес.
Мұнда ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың әл-ауқатын, олардың әлеуметтік, экономикалық, құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету; ғылыми әзірлемелер мен идеяларды сақтап жалғастыратын ғылыми мектептерді қалыптастыру және дамыту жолымен ғылыми кадрларды даярлауда сабақтастықты қамтамасыз ету; ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті көтермелеу, талантты жас ғалымдарды іріктеу, көтермелеу жүйесін құру секілді маңызды міндеттер белгіленуі қажет. Жоғарыда аталған қағидаттар мен міндеттерді енгізу ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздерін нығайтуға, ғалымдардың беделін арттыруға ықпал етеді», деді омбудсмен.
М.Хасеновтің айтуынша, заңда Ұлттық Ғылым академиясының жанынан жұмыс істейтін арнайы лауазымды тұлға – ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары жөніндегі уәкіл (ғылыми омбудсмен) болуы керек. Қазақстанда омбудсмен институты оң нәтижелер көрсетті, бұл – балалар омбудсмені, әлеуметтік омбудсмен, бизнес-омбудсмен, инвестициялық омбудсмен, сақтандыру омбудсмені және басқалар. Осы қатарды ғылыми омбудсменмен толықтыру ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің жағдайын жақсартады, мемлекеттің осы кәсіп өкілдеріне деген қамқорлығын көрсетеді.
Комитет жобаларды қаржыландырмауы керек
Ал ғалым, Nazarbayev University қауымдастырылған профессоры Қуаныш Ерғалиев «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңының дер кезінде қабылданғанын айтады. Оның ойынша, бұл құжат ғылым саласын дамытуда, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда өте маңызды. Жаңа заңды қабылдайтын уақыт келген еді, өйткені бұрынғы заң 10 жылдан аса уақыт бұрын жазылған. Қазіргі таңда ғылымға көзқарас өзгерді. Ғылыммен айналысудың да әдіс-тәсілдері жаңарды.
«Аталған заң ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыруға, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби, әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Технологиялық дайындықты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі ғылыми-өндірістік цикл мен коммерцияландырудың барлық кезеңін қолдаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл мәселеге қатысты ғалымдар түрлі пікір айтып жатыр. Ғылыми зерттеулер, мақалалар қазір бірден нәтиже бермеуі мүмкін, бірақ бағыт-бағдар беруде бұл өте маңызды. Сонымен қатар Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құру мәселесін де біраз уақыттан бері көтеріп келеміз. Өйткені қазіргі таңда ғылым саласында аналитика жасау аса маңызды. Ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингтеу мақсатында ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау бойынша жаңа механизм енгізілді. Ғылыми-техникалық ақпараттың мониторингі ғылыми үдерісті ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Қ.Ерғалиев.
Сарапшының пікірінше, жаңа заңда Ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді. Қор ғылым және технологиялар саласындағы бағдарламалар бойынша бірыңғай терезе болып, инновациялық инфрақұрылымдарды қолдауды жүзеге асырады, сонымен қатар венчурлік қаржыландыруды тартатын болады. Жалпы, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ғылым комитеті ғылыми жобаларды қаржыландырумен айналыспауы керек. Яғни министрлік заңдармен, саясатпен айналысса, ведомствоға қарасты ұйым әкімшілік жұмыстармен айналысуы қажет. Мұндай идеяны біз бұрыннан айтып келеміз, бұл халықаралық тәжірибеде бар. Алдағы уақытта заңға сәйкес 90-нан аса заңнамалық акті, бұйрықтар қабылданады. Осы ретте айтарым, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ғылым комитеті заңнамалық актілерді, ережелерді қоғаммен, ғалымдармен бірлесе дайындап, академиялық орта өкілдерінің де ойын есепке алуға тиіс. Биыл гранттық қаржыландыруға қатысты ережелер қабылданғанда оған дейін ғалымдардың пікірі ескерілмегендей болды. Сондықтан қоғамның ойын, сала сарапшыларының пікірін ескеру маңызды.