• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Туризм 12 Желтоқсан, 2024

Аймақтық саяхаттың аясы кең

33 рет
көрсетілді

Аймақтық туризм – жергілікті өнеркәсіпті дамытудың аса қуатты мультипликаторы. Туризмнің арқасында тамақ, киім өнеркәсібі, сауда, көлік, ауылшаруашылығы, басқа да әлеуметтік-экономикалық салалар қарқынды дамиды.

Аймақтық туризм бүгінде қарапайым қоғамдық құбылыстан әлемдік экономикалық тізбектің ажырамас бір бөлігіне, әрі қарқынды дамып келе жатқан негізгі саласына айналды. Статистикаға сүйенсек, орташа есеппен, бір шетелдік туристің келіп-кеткенінен түсетін табыстың көлемі шамамен 9 тонна көмір, 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдік нарыққа шығарумен тең екен. Бұл ретте шикізат сату елдің энергия көздерін азайтады, ал туристік өндіріс таусылмайтын ресурстармен жұмыс істейтінін де ескерген жөн. Шетелдік экономистердің есебінше, 100 мың турист қалада орташа есеппен екі сағат болған кезде кемінде 350 мың доллар немесе адам басына бір сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сондықтан осы салада ғылыми зерттеулер жүргізу негізінде туризм саласының өзіндік ерекшеліктерін саралау, дамыған елдердегі туризмді ұйымдастыру, дамыту тәжірибесін ескере отырып, отандық туризмді жандандырудың жол­дарын анықтау мүмкіндігі туа­ды.

Қазақта «Торғайдан қорыққан тары екпейді» деген сөз бар. Оны айтып отырған себебіміз – біздің іргелес жатқан көршілеріміздің бәрі де ірі елдер. Жан саны өте көп. Бүгінде оның көптігі қорқыныш емес, қайта пайда көзі деп қарауға да болады. Меңзеп отырғанымыз – Қытай, Ресей, Өзбекстан елдері. «Көп қорқытады, терең батырады» дегенімізбен, қазір оны тиімді пайдалануға болатын тетік табылды. Ол – туризм.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылдың ал­ғашқы жартыжылдығының өзінде елімізге 566,5 мың шетелдік турист саяхаттаған. Бұл 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 50,7 мың адамға көп. V Дүниежүзі көшпелілер ойыны кезінде бұл көрсеткіш тіпті артты. Мәсе­лен, қазан айына дейінгі «eQonaq» жүйесінің деректеріне сүйенсек, елімізде 460 652 заңды орналастыру орындары таңдалып, жүйеге 140 мыңнан астам турист тіркелген. Статистикаға сәй­кес, елімізге келетін шетелдік турис­тердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Мысалы, жақын көршілерден бөлек, елімізге мұ­хит­тың арғы бетіндегі елдерден де саяхатшылар келе бастады.

«Ресей, Қытаймен қатар Үн­дістан, Түркия, АҚШ сияқ­ты ел­дерден де келетін туристер са­ны­ның артуы еліміздің әлемдік туристік картада жыл өткен сайын тартымды бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді. Біз туристік инфрақұрылымды дамытуды, әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларға қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз», деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Осы ретте елімізге ең көп ту­рист келетін елдерді зерттеп көрген едік. 2024 жылдың алғаш­қы 6 айында елімізге ең көп сая­хатшы Ресей Федерациясынан келген. Биылғы қаңтар-маусым аралығында елімізге 186,1 мың ресейлік саяхаттаған. Екінші орын­ды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 69 918 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Үндістан (53 695 адам) жайғасты. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында Түркия (30 312), АҚШ (19 597) елдері бар. Ал eQonaq жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, елімізге қазан айына дейін ең көп турист келген елдердің реті сәл өзгерген. Мәселен, Өзбек­станнан 40 4520, Ресейден 34 650, Қытайдан 15 868 турист келген екен. Елімізге келушілердің 39,1%-ы саяхаттауға, 28%-ы жеке шаруаларымен, 10,3%-ы іскерлік кездесулерге, 4,6%-ы жұмыс мәсе­леле­рімен, ал 18%-ы өзге себептермен елімізге сапарлаған.

Осыдан бірер жылғы зерттеулер бойынша Ресей азаматтары ең көп баратын үш елдің бірі – біздің мемлекет екені анықталыпты. Жыл сайын солтүстіктегі көрші мемлекеттен біздің жаққа 2,5 миллион турист келеді.

Енді олардың саны одан да артуға тиіс. Себебі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Ресейдің туризм жөніндегі федералды агент­тігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Құжатқа сәйкес, тараптар үшінші елдерден келетін туристерді Қа­зақстан мен Ресей аумағын қатар ара­лату мақсатында транс­ше­ка­­ралық бағыттар әзірлеуге, ай­мақтық туризм саласындағы ин­вес­тициялық жобаларды бір­лесіп іске асыруға уағдаласты. Ма­мандардың айтуынша, біздің елде тау шаңғысынан бастап туристер сүйсініп тамашалайтын қоқиқаздарға дейін бар. Ендігі мақсат – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, саяхатшылар санын еселей түсу.