• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

ЭКСПО шыбығы

269 рет
көрсетілді

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы «Ұлттық орман отырғызу күні» шарасын өткізді. Іс-шара аясында 1630 көшеттен тұратын «ЭКСПО-2017 саяжолы» атты саябақтың негізі қаланды. Іс-шараға «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы», «Тұ­рақ­ты даму» Жер қоры» және «На­зарбаев Зияткерлік мектебі» ААҚ-тары белсене қатысты. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Талғат Ерме­г­ияев жиналғандар алдында құт­тықтау сөз сөйледі. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөздерді арқау етіп, бүгін, міне, үлкен «ЭКСПО аллеясын» ашқалы отырмыз. Қош кел­діңіздер! «ЭКСПО-2017» ұлт­тық ком­паниясының бастамасын қолдап, осында келген барша жи­налған қауымға шексіз алғысым­ды білдіремін», деген шы­найы лебізін жеткізді. Сонымен бірге, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақ­ты үйлестірушісі С.Тулла, ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дан­дырылған көрмесінің комис­сары Р.Жошыбаев, «Назар­баев Зият­керлік мектебі» ААҚ бас­қарма төрайымы К.Шәмши­динова қатысушылар алдында сөз сөйледі. «Ұлттық орман отырғызу күні» – бұл аймақтық билік орган­­­­дарының, экология мәсе­ле­сіне жауапкершілікпен қарай­тын биз­нестің және еріктілердің қатысуы­мен бүкіл еліміз бойынша көктем мен күзде өткізілетін жасыл­дан­ды­руға арналған экологиялық ша­ра болмақ. Дәстүрлі бастама аза­маттарды экологиялық қозға­лысқа тарту, олардың бойын­да орманға және қоршаған ортаға деген ұқыпты қатынасты және жа­уап­кершілікті тәрбиелеуді көздейді. «ЭКСПО-2017 саяжолы» қа­ла­ның көркін келтіріп қана қоймай, сонымен бірге, елор­да оқушылары мен қоғам қайрат­керлерінің Астананың «жасыл» қорын қалыптастыруға қос­қан үлкен үлестерінің біріне айнал­­мақ. «ЭКСПО-2017 сая­жо­лын» отырғызуға ЭКСПО-2017 халық­аралық көрме­сіне қатысатынын растаған дипло­матиялық миссия өкіл­дері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары, жастар арасындағы озаттар, студенттер, сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты «ЭКСПО-2017 саяжолы» 6 қатар етіп отырғызылды. Осы қатарлардың әрқайсысында нақты бір адамдар тобы – дипломаттар, Парламент депутаттары, бизнесмендер, ҮЕҰ өкілдері, жастар, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ағаш көшеттерін егіп, еңбек белсенділігін көрсетті. Іс-шара аясында музыкалық бағдарлама ұйымдастырылып, ЭКСПО-2017 еріктілерінің флешмобы өтті. Сондай-ақ, На­зар­­баев зияткерлік мектебінің өнер­­паздар тобы шағын концерт қо­йып, өз өнерлерін сарапқа ­салды. Жарас СӘДУАҚАСОВ. Суретте: «Ұлттық орман отырғызу күнінен» көріністер.