• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 09:15

Желтоқсан: тарихи баға

33 рет
көрсетілді

Әр ұлттың тарихындағы кейбір елеулі оқиғалар сол халықтың болашағына түбегейлі өзгеріс жасап, келешек тағдырын айқындап береді. Қазақтың басынан өткен сондай тарихтың бірі – Желтоқсан көтерілісі. Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылдығында осы бір тарихи толқудың саяси мәнін төмендетіп жай ғана «оқиға» деп санайтындар да аз болған жоқ. Десе де Желтоқсандағы дүмпу КСРО-ның күйреуінің бастауы болғанын халық жақсы біледі.

1986 жылдың 16-18 желтоқсан күн­дері Алматы қаласында қазақ жастары бас көтеріп, алаңға шығып, кеңестік тотали­тарлық жүйенің шешімдеріне қарсылық көрсетті. Бұл саяси оқиғаға саясаттанушы, заңгер, тарихшылар тарапынан әлі тұшымды баға берілген жоқ. Желтоқсан дүмпуіне қатысты ресми баға берілмесе де, халық ол оқиғаны ұлт-азаттық көтері­ліс деңгейінде сипаттап, тәуелсіздікке ұмтылған дүбірлі күндер жөнінде көр­кем туындылар туғызып, ғылыми шы­ғар­малар жазып үлгерді. Яғни кеңестік ке­зең­де бү­кілодақтық баспасөз беттері алаң­ға шық­қан жастарды «бұзақылар», «арам­тамақтар», «қоғамға жат элемент­тер», «нашақорлар», «шектен шыққан ұлт­шылдар» деп қаралап, олардың әре­ке­тін қанша «оқиға» деп атағанымен, кеңес­­­тер одағының шаңыра­ғын шайқалтқан шын­дықты жасырып қалу мүмкін бол­май қал­ды. Адам құқығын қор­ғау жөнін­дегі Хель­синки тобы бұл оқиға­ны азаттық­қа ұм­тылған ұлттың «толқуы» ретінде таныды.

1986 жылғы оқиғаны бүге-шегесіне дейін зерттеу мақсатында Қазақ КСР Жо­ғары Кеңесі Президиумының арнау­лы ко­мис­сиясы құрылып, ұзақ және жеміс­ті еңбегінің нәтижесінде біраз дүниенің беті ашылды. Мұхтар Шаханов басқар­ған комиссия да Желтоқсан құбылысын «тол­қу», «қақтығыс» деп бағалап, жоғары­да аталған Хельсинки тобының пікірін бекітті.

Белгілі журналист Қайыммұнар Тәбей­ұлы Желтоқсан көтерілісін Ресей та­рихындағы 1825 жылғы Декабристер бү­лігімен салыстырып, алғаш рет оқиғаға қатысты «көтеріліс» терминін пайдаланды.

Қостанай педагогика институты­ның профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембай 1986 жылғы Желтоқсандағы жастардың бас көтеруіне қатысты «Желтоқсан толқуы», «Желтоқсан оқиғасы», «Желтоқсан кө­терілісі» сияқ­ты ұғымдарды пайдаланып келе жатқа­ны­мызды тілге тиек етіп, Әбіш Кекілбаевтың тұжырымына тоқтау керек екенін айтады.

«Әбіш Кекілбаев бұл оқиғаны 1916 жыл­ғы Ұлт-азаттық көтеріліспен салыс­ты­рып, «Орталықтың озбырлығы ұлт­тық болмысты түгелімен шайқап жаңа сапа­лық өреге көтергені үшін 1986 жыл­дың Желтоқсан оқиғасын «көтеріліс» деп те тануы­мыз керек. Себебі оқиға ұйым­дас­тырылмағанымен, бүкіл бір ұлт­тың азаттыққа деген ұмтылысын бай­қатып, мемлекеттің тағдырын алдын ала анықтап бере алды» деген байламға келген», деп санайды А.Күзембай.

Ә.Кекілбаевтың Желтоқсанның мәр­тебесін анықтауға қатысты айт­қан пайымына қарап, біз де бұл оқи­ға­ны «көтері­ліс» деген тұжырымға келге­ні­міз дұрыс іс­петті. Осы тақырыпқа ал­ғаш­­қылардың бірі ­болып қалам тарт­­­қан – кәсіби тарих­шы, академик Манаш Қозы­­баев еді. Ол ­1986 жылғы Жел­тоқсандағы дүмпуге қа­тыс­ты: «1986 жылдың 16-18 желтоқса­нында Қазақ­станның астанасында болған қанды шайқас халқымыздың тарихына тоң-тоң болған шері мен мұңы бар, қатпар-қатпар сыры бар күндері болып мәңгі хатталады», деп жазды.

Ғалым осы бір тарихи құбылыс­тың шын­дығының толық ашылмау себеп­те­ріне де тоқталды.

«Біріншіден, бейбіт демонстрация­ға, манифестацияға шыққан шын мәнін­дегі реформатор ұрпақтың өкілдерін қанға бөктіруге қатысқандар – әлі арамызда. Екіншіден, жүйе алғашқы жылдары Желтоқсан қозғалысына байланыс­ты негізгі деректерді құртып үлгерді. Үшіншіден, 1986 жылғы Желтоқсан проб­лемасын зерттеуге тарихшылар, қоғам­танушы ғалымдар әлі араласқан жоқ. Өйт­кені фактілер жиналып, одан оқиға, оқиғалардан құбылыс, құбылыстардан тарихи заңдылық өрбіту үшін уақыттың ұзаруы керек», деді ол.

Манаш Қабашұлы шығармасында қозғалыс пен көтеріліс анықтауыштарын қатар пайдаланған.

Осы қозғалыстың ең басты зерт­теу­ші­сі және 2016 жылы Астанада өткі­зіл­ген «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) кө­терілісінің тарихи және халық­аралық маңызы» конференциясын ұйым­дастырушысы, Қазақстанға еңбегі сің­ген қайраткер, заң ғылымының канди­даты Сабыр Қасымов сонау 1996 жылы өткен «Желтоқсан-86-ның» он жыл­ды­ғына арналған бірінші ғылыми-прак­тика­лық конференцияда бұл тарихи құ­бы­лысқа «көтеріліс» деген толықтай ғы­лыми анықтама берді. Осы пікірін газет тіл­шілеріне берген сұхбаты мен мақа­ла­ларында бірнеше рет қайталады. Ол Жел­тоқсанға тек құқықтық баға мен қо­рытынды беріп қоймай, сонымен қа­тар маңызды саяси танымдық ұсы­ныс­тар мен тұжырымдамалар жасады. Мысалы, ол «Желтоқсан» феноменін жас­тар­дың көрсеткен жаппай батырлығы және отансүйгіштік сезімнің ең жоғары дең­гейі деп есептейді. Сайып келгенде Жел­тоқсанның сол бір ызғарлы күндерінде халқымыз, оның ішінде қазақ жастары бостандыққа ұмтылудың жан аямас сер­пілісін көрсетті. Қазақ жастарының ыз­ғарлы желтоқсан кезіндегі ерлігі туралы жаз­баған газет журнал жоқ шығар. Ондаған ғы­лыми конференциялардың тақыры­­бы­­­на айналды.

Мәскеулік билік қазақ қоғамын бас­қару, сондай-ақ оның қоғамдық өмірін түбе­гей­лі қайта құру ісін бүтіндей өз мінде­тіне ала отырып, оны жүзеге асыратын жос­пары да болмады, оған ниет те білдірмеді. Орталықтың мұндай күрделі іске дайын еместігін көп ұзамай өмірдің өзі көрсетіп берді. 1929–1932 жылдары Қазақстанда кеңестік реформалық шараларға қарсы 372 қарулы бас кө­терулер, көтерілістер кеңестік биліктің негізсіз реформаларына қарапайым халықтың көрсеткен қар­сылығы еді. Ке­зінде 1920 жылы 17 мамырда Ахмет Бай­тұрсынұлы Ленинге жолдаған хатында кеңес өкіметінің орталық пен жер­гілікті халық арасында өзара сенім ор­нықтыра алмай отыр деген ойды ашық біл­дірген. 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күн­дері Алматыдағы орталық алаңда және бүкіл ел көлемінде болып өткен қанды қақтығыс­тар мен толқулар кеңес өкіметі мен қазақ ұлты арасында өзара сенімсіздіктің қанша жылдар өтсе де сол күйінде қалғанының нақты айғағы.

Қазақ жастарының көтерілісі еліміз­ге сырт­тан әкелінген басшының орыс бол­­­ғанына ғана емес, Қазақстанның мем­ле­­кеттік, ұлттық мүддесінің ескеріл­ме­генінен туындады. Мұны 17 желтоқ­сан күні шеруге шыққан жастардың қол­дары­на ұстаған «Ешқандай ұлтқа еш­қандай артықшылық болмасын», «Ұлт сая­саты­ның лениндік ұстанымын сый­лауды талап етеміз» деген ұрандар айғақтайды.

Желтоқсан көтерілісі – кеңестік Қа­зақ­­стан тарихында ерекше орын ала­тын бетбұрысты кезең. Бұл – ұлттық рух­­тың жаңғыру, қайта түлеу үдерісінің басы, ұлт-азаттық қозғалысының жаңа са­ты­ға көтерілгені. Бұл халықтың дүние­­таны­мы­на, өміріне әсер етіп, ұлттық сана­ны өсірді, азаттыққа ұмтылысты жан­дан­дырды.

Желтоқсан көтерілісі Қазақстанды жаңа әлемдік кеңестікке алып шықты. Ба­тыстың демократиялық күштері ке­ңестік тоталитаризмнің зорлық-зом­былығын айыптады. Желтоқсан кө­терілісі одақ көлемінде жалғасын тапты. Одақтың құлдырауына, ыдырауына әкелді. Одақтас республикалардың мем­лекеттік егемендігін жариялануы­на мол мүмкіндік берді. Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте, Ригада, Сумгайтиде және басқа қалаларда тота­литарлық жүйе­ге қарсы оқиғалар өрбіді. Осылай­ша, біздің Желтоқсан республи­ка шең­берінен шығып, еуразиялық сипат алды. Жоғарыда аталған халықаралық ғы­­лы­ми-практикалық конференцияға қа­ты­­­сушылар Польшаның Қазақстандағы бұ­рынғы елшісі Владислав Соколовский, Түркиядағы Эрджиес университеті­нің профессоры Абдулкадир Ювалы, Ма­жар­­станның Қазақстандағы төтен­ше және өкілетті елшісі Андраш Бара­ни «Көтеріліске қатысушыларды билік аяу­сыз қудалаумен бірге азаптап түрмеге жап­ты. 1986 жылы желтоқсанда Алматыда сондай жағдай болды. Желтоқсан көтері­лісі – соның дәлелі» деген тұжырым жаса­ды және олар бірауыздан өздері қабылда­ған Қарарда қазақ жастарының әрекеті­не көтеріліс деген анықтама берді.

Аталған конференцияға қатысушы тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов Желтоқсан көтерілісін: «Иә, Желтоқсан көтерілісі ұлт тарихының қастерлі де қасіретті беттерін жазды. Ол ға­сырларға созылған отарлау мен тота­ли­тарлық зорлық-зомбылықтан қазақ халқы­ның сүрінсе де жығылмағанын, өршіл рухты азаттықты аңсайтынын барша әлемге паш етті. Ол ұлт мұраты мен мүддесінен, жер мен елді сақтаудан биік ешқандай құндылықтың болуы мүмкін еместігін дәлелдеді. Желтоқсан халықтың ұйытқысы да, қорғаны да өз ортасынан шығатынына көз жеткізді», деп сипаттайды.

Әрине, кеңестік кезеңде қазақ ұлтын талай мәселе ойландырған. «Неге мен ана тілімде білім ала алмаймын? Неге қазақ мектептері аз? Неге қазақ тілі өмір­дің көптеген саласында қолданыстан ығыс­тырылған?» деген сияқты сауалдар то­та­литарлық билікке қарсы нара­зылық ту­ғызғаны белгілі.

Қазір қазақтың тарихы ұлттық көз­қа­­раста жаңаша жазылу керек деген та­лап қойылып жатыр. Ендеше, Желтоқ­сан ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты бұр­маланған фактілерді қайтадан зер­делеу, жіберілген қателіктер мен кемші­лік­терді қайта қарап, тарихи бағасын беру, желтоқсаншылардың мәртебесін анық­тау сияқты мәселелерді қолға алып, бір шешімге келетін уақыт жетті. Ұлт­тық маңызы бар осындай мәселеде самар­қау­лық пен салғырттыққа жол беруге болмай­ды.

 

Мейрам БАЙҒАЗИН,

Қазақстанның құрметті журналисі