• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.66
  • EUR:
    550.21
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 08:23

Айымдардың IT әлеміндегі жетістігі

18 рет
көрсетілді

«Astana Hub» халықаралық технопаркі «IT-Aiel» бағдар­ламасының екінші легін қорытындылады. Аталған жобаның ерекшелігі – мұнда IT саласында еңбек жолын бастағысы келетін арулар «No code», «Freelance School», сондай-ақ «E-commerce» бағдарламалау бағыттары мен басқа да цифрлық дағдыларды тегін меңгере алады.

Былтыр бастау алған бұл бағдарлама биыл да жалғасын тауып, 3 мың­нан астам әйел IT саласында бі­лі­мін шыңдады. Аталған жоба 18 жастан асқан қыз-келіншектерді, оның ішінде жұмыссыздарды, декреттік демалыстағы әйел­дер­ді, студенттер мен жас кәсіп­кер­лерді қамтиды. Қатысушылар­­дың басым бөлігі Батыс Қазақстан өңірінен, Астана, Алматы қала­ла­рынан тіркелген.

Екінші лектің бірқатар табыс­ты бастамалары бар. Мәселен, қызылордалық Сағиля Сағидан «EdKids» атты оңтайлы оқыту платформасын ойлап тапты. Бұл қызмет балаларға сапалы білім ұсынып, ерте жастан бастап өз дағдыларын дамытуға септігін тигізеді. Аталған бағдарлама ин­тер­активті оқытуға бағытталған әрі кең аудиторияға қолжетім­ді. Ал ақтөбелік Әсел Қаражан мен­тальді арифметикаға баулитын «AKM Education» мектебінің сапалы сайтын әзірледі. Бұл мектеп балалар мен жасөспірімдердің аналитикалық ойлауын дамыту­ға, жады мен зейінін жақсарту­ға көмектесіп, заманауи оқыту тәсілдерін ұсынады. Астана­лық Меруерт Жарылқасынова да жобада жарқын нәтиже көрсетіп, «Qadam» мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл өнім кәсіпкерлер мен стартап иелеріне қолжетімді гранттар мен қолдау бағдарламалары туралы мәліметтерді оңай іздеп, өтінім беруге өте ыңғайлы. Ал алматылық Айдана Сембаева «Telegram» желісінде жиі қойы­латын сұрақтарға жедел жауап беретін ақылды чатбот әзірледі. Бұл бизнес-үдерістің тиімділігін арттырады.

«Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметованың айтуынша, жобаға қатысу­шы­лар саны жыл сайын артып келеді.

«IT саласында білімін шың­дау мақсатында былтыр IT-Aiel бағ­дарламасына еліміздің 17 өңі­рінен 2634 әйел өтінім берді. Олар­дың қатарында 900-ден астам жұ­мыссыз, 500 студент, 700 өзін-өзі жұмыспен қам­тыған қыз-келіншек, сондай-ақ 400-ден астам декреттегі ана бол­ды. Бірінші лек түлектері веб-сайттар мен қосымшалар сияқты өз IT-өнімдерін меңгер­ді. Осылайша, олар қаржылық тә­уел­сіздік пен кәсіби шыңдалуға маңызды қадам жасады. Мәсе­лен, Әлия Оразымбетова балалар мен жасөспірімдер ара­сындағы цифрлық гигиена және кибербуллингтің алдын алу туралы бот-көмекші «CyberBalа» жобасын әзірледі. Осындай мысалды мыңдап келтіруге болады. Биыл да бағдарлама барысын­да әйелдер табысты мансап құ­рып, қоғамның дамуына үлес қосуға септігін тигізетін жаңа мүм­кіндіктерге қол жеткізді», деді ол.

Жобаның екінші легі аясында ұсынылған курс мазмұны: веб-сайттар, мобильді қосымшалар, чатботтар мен басқа да код жазуды қажет етпейтін цифрлық өнімдер құруға арналған «No Code School», қашықтан жұмыс істеуге, өз бағытын таңдауға, қызметтерді сатуға және клиенттерді тартуға арналған «Freelance School», мақсатты жарнаманы әзірлеуге, әлеуметтік желіде парақшалар жүргізуге, интернет-дүкен ашу­ға, халықаралық онлайн-алаң­дарда тауарлар сатуға, онлайн-төлемдерді қосу мен кибер­қа­уіпсіздік негіздеріне үйретуге арналған «E-commerce» бағдар-ламаларынан құралған.

«IT-Aiel 2.0» жо­ба­сын Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөнін­дегі ұлт­тық комиссия, «Astana Hub» ха­лықаралық технопаркі және «TechnoWomen» коммерциялық емес ұйымы жүзеге асырып ке­леді. Ұлттық комиссияның қол­дауымен қыздар мен әйелдерді IT саласына баулуға, олардың стартаптарын қолдауға бағыттал­ған «TechGirls», «IT-Aiel» сияқты ­жобалар жыл өткен сайын қар­қынды ілгерілеп келеді.