• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.66
  • EUR:
    550.21
Басты сайтқа өту
Технология Бүгін, 08:28

Ақылды технология су тапшылығының алдын алады

18 рет
көрсетілді

Елімізде су тапшылығы жыл өткен сайын күрделеніп, көптеген салаға әсерін тигізіп жатыр. Елдегі өзен ағысының 44%-ы шет мемлекеттерде қалыптасатындықтан трансшекаралық су ресурстарына тәуелділік артып, жағдай одан әрі қиындап отыр. Болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға қарай су тапшылығы 15%-ға жетуі мүмкін, ал жаңартылатын су қорлары 40%-ға дейін азаяды. Сарапшылардың сөзінше, су тапшылығының салдарын жеңілдету үшін жаңа технологияларды қолдану қажет.

Судың да сұрауы бар

Бұл мәселені ушықтырып отырған бірнеше негізгі себеп бар. Ауыл ша­руашылығындағы су тасымалы кезінде шығын 50%-ға дейін артады. Тұрмыста судың шамадан тыс пайдаланылуы, тарифтің төмен болуы суды үнемдеу мәдениетінің қалыптасуына кедергі келтіреді. Сол себепті елде су ресурс­тарын тиімді басқаруға бағытталған бір­неше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырып жатыр. Мысалы, «Ауыз су», «Ақ бұлақ» бағдарламасы ауыл мен қаланы сапалы сумен қам­тамасыз етуге бағытталған. Бірақ бұл шаралар мәселені толық шеше алмайды.

Су ресурстарын басқару және ин­фра­құрылымдық жобалар саласында 10 жылдық тәжірибесі бар сарапшы маман Асхат Майлиннің айтуынша, IT-жо­балардың суды басқарудағы рөлі ерекше. Жергілікті және халықара­лық тәжірибе көрсеткендей, цифр­лық технологиялар арқылы су шығынын азайтуға, ресурс­тарды тиімді бөлуге, суды бақылау үдерісін оңтайландыруға болады. Сондықтан бұл мәселені шешуде кешенді амалдар мен заманауи технологияларды қолдану – уақыт талабы. Елімізде су үнемдеу мәдение­тін қалыптастырып, су ресурстарын бас­­қаруда инновацияларға бет бұру арқылы ғана жағдайды жақсартуға болады. Су ресурстарын басқарудағы IT-жобаларға инвестиция салу – болашақ­қа жасалған қадам. Смарт-технологиялар су есептегіштерінің тиімділігін арт­ты­рып, су жүйелеріндегі ақауларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар деректерді талдау арқылы су ресурстарын басқарудың нақты жоспа­ры жасалады. Сарапшы еліміздің алдағы жылдары осы бағытқа басымдық беруі маңызды екенін атап өтті.

Ақылды су есептегіштер мен мони­торинг жүйелері суды тұтынуды бақылау­ға, ақауларды дер кезінде анықтауға, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су тұтыну көрсеткіштерін бақылап, автоматты түрде деректерді жібереді.

2023 жылы Алматы қаласында Beeline Қазақстан мен «Алматы Су» компа­ния­ларының қанатқақты жобасы аясында көп­қабатты үйдегі 24 пәтерге «NB-IoT» тех­нологиясымен жабдықталған ақыл­ды су есептегіштер орнатқан. Жоба барысында су шығындары анықталып, тұтыну көлемі азайтылды. Астанада да осыған ұқсас тәжірибе «Ақылды аудан» жобасы аясында жүзеге асқан болатын. Мұнда 103 пәтерге ақылды есептегіш орнатылып, нәтижесінде су тұтыну 40%-ға азайған.

Шымкент қаласында 6000 жалпы­үйлік су есептегіш «NB-Fi» модемдері­мен жабдықталды. Бұл құрылғылар­дың көмегімен қаланың су тұтыну карта­сы жасалып, инфрақұрылымды басқа­ру тиімділігі артты. Жобалар ақылды тех­­нологиялардың суды үнемдеуге әрі ре­сурстарды басқаруды жақсартуға үлкен үлес қосатынын көрсетті. Ақыл­ды есептегіштерді жаппай енгізу тек шығындарды азайтып қана қоймай, су тапшылығы мәселесін шешуге де ықпал етеді. Еліміз үшін бұл – су ресурстарын ұтымды басқарудың маңызды қадамы.

Ауыл шаруашылығында да су үнем­деудің тиімді жолдарының бірі – ақылды суару жүйелерін енгізу. Бұл жүйелер «IoT» техно­логиясына ­не­­­гізделіп, то­пы­­­­рақтың ыл­ғалдылы­­­ғын, ауа райын, өсім­­­­діктердің қа­­жеттілік­те­рін еске­ріп, суа­руды автоматты түрде реттейді. Нә­тижесінде, су ресурстары үнемде­ліп, өнім­ділік артады. Мы­салы, алқапқа арнайы ылғалдылық датчиктері орнатылады. Олар топырақ­тың жағдайы туралы мәліметті орталық компьютерге жібере­ді. Компьютер алынған де­ректерді талдап, өсімдіктерге қажетті су­ды дәл мөлшерде және уақытында бе­реді. Түр­кістан облысындағы фер­мерді мысалға алсақ, бұрын ол кесте бойынша суарып, өсімдіктер­дің нақты қажеттілігін ес­кермейтін. Ақылды суару жүйесін орнатқаннан кейін су шығынын 20-30%-ға азайтып, өнімді сол деңгейде сақтап, тіпті артығымен алған. Яғни мұндай технология ауыл шаруашылығын тиім­дірек етіп, суды үнемдеуге айтарлықтай көмектеседі.

 

Әлем тәжірибесі

Су тапшылығы – еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің басты мәселелерінің бірі. Әлем елдері де су тапшылығы­ның алдын алуға инновациялық техно­ло­гия­­ларды қол­дануды қолға алған. Мысалы, Израиль бұл салада көш бас­тап келеді. Мұнда теңіз суын тұщы­лан­дыру кеңінен дамыған. 2022 жылы Израильдегі ауызсудың 85%-ы дәл осы әдіс­пен өндірілген. Сонымен қатар арнайы датчиктер мен деректерді талдау арқылы су құбырларындағы ақауларды жылдам анықтап, шығындарды азай­туға мүмкіндік беретін жүйелер қолда­нылады.

Сингапур да су ресурстарын тиім­ді пайдалану үшін заманауи техно­ло­гияларға инвестиция салып жатыр. Елде «NEWater» технологиясы ағын­ды суларды ауызсу деңгейіне дейін тазар­туға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл технология Сингапурдың ауызсу қажеттілігінің 40%-ын өтеп отыр. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 55%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Қытай да алдыңғы қатарда. Мысалы, Гулин қаласында су жүйелерін басқару­ға арналған цифрлық технология енгізіл­ген. Бұл жүйе су шығындарын азайтып, оны тиімді пайдалануға көмектесіп отыр.

Ал Берлин техникалық универ­си­те­тінде сорғы стансасының цифрлық көшірмесі жасалды. Бұл жүйе апат­тар­дың алдын алуға әрі оларды бол­дыр­мауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тех­никалық қызмет көрсетуге кететін уақытты 30%-ға, шығындарды 25%-ға азайтады. Цифр­ландырудың басты ар­тық­шылы­ғы – автоматтандыру арқы­лы жүйелер­ді жаңа талаптарға жылдам бейім­деу және инженерлік жұмыстарға кете­тін уақытты 68%-ға қысқарту.

Әлем елдерінің тәжірибесі цифр­лық технологиялардың су ресурс­тарын тиім­ді басқаруда үлкен рөл ат­қаратынын дәлелдеп отыр. Мыса­лы, Халықаралық су қауымдастығы (IWA) «Цифрлық су» бағдарлама­сын іске қосты. Бұл бағ­дар­лама су са­ласында цифр­лық шешімдерді ен­гізіп, елдер арасында тә­­жірибе алмасуға бағыт­талған.

 

Басымдық беретін бағыт

Асхат Майлиннің пі­кі­рін­ше, елімізді сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа технология­, мемлекеттік сая­сат, биз­нес пен ІТ саласының ынтымақтастығын қамтитын кешенді жоспар қажет. Бұл мә­селеде ІТ мамандары маңыз­ды рөл атқарады. Олар су тап­шылығын шешіп қана қоймай, экономиканы дамытуға да сеп­тігін тигізе алады.

«Ақылды су есеп­тегіштер жасап шы­ғаратын стартаптарды кө­бейту қажет. Бұл құрылғылар ин­фра­құрылымды бақылау жү­йе­­сімен бірігіп жұмыс істейді. Олар судың қанша жұмсалға­нын ғана көр­сетпей, жасанды интеллект арқылы ақау­ларды, судың артық шығынын анық­тайды. Осылайша, коммуналдық қыз­меттер суды үнемдеп, шығынды азайта алады. Фермерлер үшін де мұндай технология тиімді болар еді. Ақылды жүйе ауа райын, топырақтың жағдайын және өсімдіктердің қажеттіліктерін ескеріп, суаруды оңтайландырады. Бұл суды үнемдеп, өнімділікті арттырып, табыс­ты көбейтуге көмектеседі. Сонымен қа­тар тұрғындарға арналған мобильді қосымшалардың да болашағы зор. Мұн­­дай қосымшаларда шығынды азайту бойынша кеңестер беру, көршілермен суды қанша жұмсағаныңызды салыстыру мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Бұл адамдарды суды ұқыпты пайдалануға ынталандырады, ал әзірлеушілерге жаңа табыс көзін ашады», дейді сарапшы.

Қазіргі таңда су жүйелерін басқару үшін заттар интернеті (IoT және IIoT) кеңінен қолданылады. Бұл техноло­гия­лар су жүйелерін автоматтанды­ру­ға, де­ректер жинауға және су пайдала­нуды бақылау­ға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасанды ­интеллект пен машиналық оқыту технологиялары да су ресурстарын басқаруда маңыз­ды рөл атқарады. Бұл техно­логиялар деректерді талдап, су жүйелерінің жұ­мы­сын оңтайланды­рып, ре­сурс­тарды үнемді пай­да­лануға көмектеседі. Су тұщыландыру әдістері де су тапшылығын шешуде маңызды орын ала­ды. Кері осмос ­жә­не көпсатылы флэш-дис­тилляция әдістері те­ңіз суын не­месе лас­тан­ған суды тұщы суға ай­нал­­дыруға бо­лады. Сонымен қа­тар ағын суларды өңдеу мен қай­та пай­да­ла­ну үшін зама­науи техноло­гиялар, оның ішін­де мембрана­лық фильтрация мен ультракүлгін дезин­фекция, ­су ре­­­­­сурстарын үнем­­деуге әрі эко­­ло­гия­­­­лық жағ­­дай­ды жақ­сартуға ық­­­пал етеді.