• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:50

Азамат жолы

79 рет
көрсетілді

«Өмір – ұзақ жол. Сен оның жолаушысысың» дейді әлемге танымал бір жазушы. Енді бір данагөй «Сен – бұл өмірдің қона­ғысың» дейді. Екеуінің айтқаны да көкейге қонады. Шынында, бұл – бұралаңы да, бұлтарысы да көп өмір ғой.

Ата жасынан асып, абыздыққа бет бұрған шақта өмірде орнын тапқан, сыйлас көңілді адамдар туралы ойға қаласың. Солардың бірі – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Нұртайұлы Өксікбаев.

Омарханнан бұрын, әуелі әкесі Нұртай Өксікбаев ағамен таныс­тым. Сонау 1999 жылы Алматы облысы №10 Талғар сайлау округінен Мәжіліс депуттығына канди­дат болып тіркелдім. Бал­қаш ауданы сол округке кіреді. Сайысқа 14 адам түстік.

Балқаш өңірінен ауданның ардақты ардагері Өксікбай Исабаев ағаны сенімді өкіл етіп алған едім. Содан елді мекендерді аралап, сайлаушылармен кездесулер өткіздік. Сондай кездесулердің бірі Көктал ауылында өтті. Сенімді өкі­лім Өксікбай аға аттың басын бір үйге тіреді.

– Бұл үйде менің досым Нұртай Өксікбаев деген кісі тұ­рады. Қалжыңдап, «менің ба­лам­сың» деп қоятыным да бар. Сонымен үйге сәлем бере кірдік. Дастарқан жайылды. Екі иінінен демалып, сексеуілге қайнаған самаурын ортаға келді.

Мен өз сайлауалды бағдар­ламаларымды айттым.

– Уәлихан, сөзің ұнады, – деді Нұртай аға. – Сыртыңнан жақсы білеміз. «Жас Алашты» үзбей оқып жүрміз. Өзіңмен тетелес Омархан дейтін ұлым бар. Білетін шығарсың.

– Сен көңіліңе алма. Өзіңмен бірге түсіп жатқан осы ауылдың Жылқыбаева дейтін қызы бар. Ауылым, елім деп келді ғой. Оған қалай қарсы жұмыс істейміз? Ешкім бірінші турдан өтіп кетеді деп ойламаймын. Бірақ екінші турға өтсең, бұл ауыл ғана емес, бүкіл Балқаш ауданы өзіңе дауыс беретініне Өксікбай досым екеуміз кепілміз.

Расында, солай болды. Екінші турға шықтым. Балқаш ауданы сайлаушыларының 90 пайыздан астамы мені қолдап, дауыс берді.

Сол ақсақалдың баласы Омархан Нұртайұлымен депутат болып сайланғаннан кейін таныстым. 2011 жылға дейін Парламент Мәжілісінің ІІ-IV шақырылымдарының депутаты болдым.

Омархан Өксікбаев 2003 жылы Президент Жарлығымен, жаңадан құрылған Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөнін­дегі Есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Содан бастап белгіленген жұ­мыс реті бойынша жылына екі рет Президенттің өзі де қаты­сатын Парламент депутаттары бас қосқан үлкен жиында рес­­пуб­ли­калық бюджеттің орын­далу барысы жөнінде кең ауқымды есепті баяндамасын жасай бастады.

Қаржы – бүкіл экономи­ка­мыздың қозғаушы күші. Сон­дықтан оның мемлекет ауқы­мындағы кірісі мен шығысы бүкіл елді, әсіресе депутаттарды бейжай қалдырмасы белгілі. Кімнің кім екені, қай деңгейдегі маман екені ең әуелі сөзінен-ақ көрінеді емес пе?

Омархан Нұртайұлы бірінші жасаған есебінде өз саласының қы­рық қатпарлы қалтарыс-бұлтары­сын бес саусағындай мең­герген комитет төрағасы ретінде бәріміздің назарымызды бірден өзіне аударып алды.

Комитеттің қызметтік құрам мүшелері аз екенін, 277 нысанның 24-інде ғана бақылау, тексеру шарасын жүргізуге мүмкіндік болғанын жасырмай жеткізді. Содан білгеніміз, қисапсыз қаржы дұрыс игерілмей, министрлік, ведомостволық мекемелер тарапынан жіберілетін кемшіліктерді таразылай алдық.

Бұрмалаумен, мақсатсыз жұм­салған, ешбір негізсіз пайда­ланылған және мемлекеттік сатып алу заңдары бұзылуынан талан-таражға түскен бас айналдыратын миллиардтаған цифр­лар дәл қазір есімде жоқ. Әйтеуір естігенде шо­шынып едік. Ол теңгеміз тең­се­ле қоймаған, құндылығы зор кез болатын.

«Біздің бақылау іс-шара­ларымыз республикалық бюд­жет­тің 8 пайыздайын ғана қам­тыды», деп еді сол кезде.

Омархан Нұртайұлының қар­жылық жағдайымызды бүкпе­лемей ашық айтқан ойлары, бас­қаларды қайдам, өзіме қатты әсер етті. Бұл халықтың жағдайына жаны ашитын, еліміздің ертеңін ойлайтын азаматтың болмысын көрсетсе керек.

– Есеп комитетінің жұмысы Парламентпен үндесе, үйлесе жүргізілгенде ғана нәтижелі болады. Комитеттің алты мүшесін өздеріңіз сайладыңыздар. Сол сенімнің үдесінен шығып, сіз­дермен қоян-қолтық арала­сып жұмыс істеп келеміз. Халық қалаулылары тарапынан көте­рілген мәселелерге дер кезін­де жауап қайтарып, тиісті ақпарат алуларына бар жағдайды жасадық. Тіпті жолданған сауалдар бо­йынша жоспарсыз-ақ тексеріп, қорытынды жасап жүрміз, – деді ол.

– Уәке, сіздің оралмандарға бөлінген қаржының талан-таражға түскені туралы Үкіметке жіберген сауалыңызды біз де тексердік. Рас болып шықты. Премьер-министрдің шешімімен Үкімет резервінен оралмандар үшін 2,5 млрд ақша бөлінді, – деп еді Омархан ағынан жарылып.

Иә, Есеп комитеті осы кезең­­де халықтың да, депутаттар корпусының да көңілінен шықты. Кейін үшінші рет жасаған есебінде: «...Депутаттар бюджетті жоспарлау мен бекіту кезеңінде Есеп комитетінің тексеріс қоры­тын­дыларын пайдаланса қандай жақсы болар еді. Қай жерде заң бұзушылық болғанын, қай нысанда қаржылай тәртіпсіздік орын алғанын ескеріп, соны бюджетті бекіткенде қаперге алса, құба-құп болар еді. Өкініштісі, біз мұқият тексеріп, кейбір жағдайда бір нысанға тиімсіз жұмсалған қаржы туралы қорытынды шығарамыз. Бірақ келер жылы тура сол нысанға тағы да қисапсыз қаражат бөлінеді. Бұл ақша да алдындағыдай тиімсіз, мақсатсыз жұмсалған қаржының кебін киеді», деп қынжыла айтқаны әлі жадымда тұр.

Осы күндерде Омархан екеу­міздің арамызда сыйластық қалып­тасты.

Білгенім, ол әскерде азаматтық борышын өтеп, сақайып келіп, Халық шаруашылығы институтын ойдағыдай бітірген. Алған мамандығы бойынша қызметті ең төменгі сатыдан бастаған, бас экономист болып, қаражат саласында біраз тәжірибе жинап, Қаржы министрлігінің Бас бақылау-тексеру басқармасына аға бақылаушы қызметін атқарады.

Кейін білгірлігі мен іскерлігі арқасында ұйымдастырушылық-инспекторық бөлімнің бастығы, одан соң басқарма бастығының орынбасары болады. 1991 жылы Франция астанасы Парижге жіберіліп, «Нарықтық эконо­микадағы аудиторлық қызмет» мамандығы бойынша білім алады.

О.Өксікбаев астанамыз Арқаға көшкен кезде Бақылау-тексеру жөніндегі бас басқарманың төрағасы болатын. Араға жыл салып Қауіпсіздік кеңесі хатшы­сының орынбасары, одан кейін Президент Әкімшілігі Бас бақылау инспекциясының басшысы болуы, мемлекеттік қызметте шыңдала түсуіне ықпал етеді.

Қай істі де қаймықпай атқа­рып, жан-жақты қамтып алып жүруге әбден жетіліп, шираған басшының сөзі қашанда нық шығатынын Омархан Өксік­баев­тың өзін ұстауы, сөз саптауы және Президент пен депутаттардың берген сауалдарына қайтарған нақты жауаптарын естіп, кәсіби деңгейін жоғары бағалағанбыз.

– Түртпектеп, есеп-қисабын тексергенді кім ұната қойсын? Біздің жұмысымызға кедергі келтіруге, теріс ақпарат беруге барынша тырысып баққандар болды. «Есеп комитеті туралы» арнайы заң қабылданғанда ғана біздің жұмысымыздың пәрмендігі артады, – деп еді ол.

2008 жылы жоғарыдағы заң жобасы Парламенттің жұмыс жос­парына енді. Бірақ оған кедергі келтіруге тырысқан ұйымдар жеткілікті болды. Тіпті, Қаржы министрлігінің өзі оны тежеуге, кешеуілдетуге тырысып бақты. Әрине, оларға Есеп комитетінің мәртебесінің күшеюі керек емес еді. Бірақ депутаттар корпусы заңды қолдады, Мемлекет басшысы қол қойды.

Есеп комитеті бюджеттік қар­жы­лардың тиімсіз, болмаса асыра пайдаланғаны жөнінде ашық деректер бере бастады. Айтылған сынды ауыр алып, мойындағысы келмейтіндер де ұшырасты. Мәселен, сол кездегі Төтенше жағдайлар жөнін­дегі республикалық коми­тетті басқарған Владимир Божко мырза бұл сындарға келіспейтінін мәлімдеді. Сотқа жүгінді. Бірақ Сот Есеп комитеті деректерінің бәрінің айғақты екенін растады. Бұл қағидатшыл өз ісіне адал адамның жеңісі болды ғой деп ойлаймын.

Омархан Өксікбаев Есеп коми­тетіндегі төрағалық мінде­тін қалай абыроймен атқарса, Парламент Мәжілісінде де­путат­­тық қызметінде де өз өре­­сінде, елге деген шынайы жауап­кершілігімен көзге түсті. Заң­намалық құжаттарды дайындау, заңдарды жетілдіру ісіне белсене араласты.

Батыл, ашық ойлы депутат болды. Елдегі тізгін бермей бара жатқан қымбатшылық, шекара асып, офшорлық шот есептерге ағылған ұрлықы ақшаларды қайтару мәселесін де дер кезінде көтерді. Болашағы бұлдыр ауыл­дар туралы да әңгімеден тыс қал­мады. Зейнетақы қорындағы ақша­лар мен халықтың денсау­лы­ғына байланысты мәселе қозғады.

– Сыбайластыққа батқан, экономикаға қисапсыз шығын келтірген бірден-бір сала қаржы жүйесі болып тұр. Бәрі сол мемлекеттік деңгейде дұрыс бақылау жасай алмауымыздың cалдары, – деп мәлімдеуі, оның бюджеттік саланың білгірі екенін көрсетеді.

Омархан Нұртайұлы өзінің көзқарасын бұқаралық ақпарат құрал­­дарында жиі жариялап тұ­рады.

«Саясат сахнасындағы сара сөздер» деген кітабында маман, азамат ретіндегі ой-пікір­лері жинақталған. Сол мақала­лардың кейбіреулерінің аттарын атап өткім келеді. Орысша жазылғандықтан, оны аудармай сол қалпында беріп отырмын. «Бюджет страны должен работать на развитие», «Мы контролируем деньги, куда бы они не направлялись», «На меня ни разу не пытались давить», «Республиканский бюджет: куда и как потрачены деньги?», «Блудные миллиарды», «Бізде мемлекет қаражатын екінші деңгейлік банктерге депозиттерге салып пайда табатындар бар», «Долг платежем страшен», «Из за несовершенства соглашений между Казахстаном и Россией республиканский бюджет недополучил 301,8 млрд тенге», «Шалқыған байлар қайдан шығады?», «Тәуелсіздігімізді сақтау үшін мәдениетіміз бен тілімізді көтеруіміз керек», «Адал­дығымның арқасында аман жүрмін» және тағы да басқа ма­қа­лаларында қоғамдық ойды алаң­датқан мәселелер бойынша батыл да, шыншыл мақа­лаларымен азаматтық көзқарасын білдіріп жүр.

Бұл күнде Омархан Өксікбаев Қазақ ұлттық қыздар педа­го­гикалық университеті коммер­циялық емес АҚ директорлар кеңесі төрағасы болып қызмет істейді. Әділетті Қазақ­станның рухани, ғылым-білімін қалыптастыру үшін экономика ғылымдарының докторы, профессор Омархан Нұртайұлы Өксікбаев өзінің азаматтық жолымен нық жүріп келеді.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері