• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:12

Елордадағы Euronews-тің өңірлік кеңсесі

28 рет
көрсетілді

Астана қаласында Euronews телеарнасының өңірлік кеңсесі салтанатты түрде ашылды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews кеңсесінің ашылуы Қазақ­станның ақпарат саласы үшін ма­ңыз­ды оқиға екенін атап өтті. Министр бұл тек географиялық ауқымды кеңейту емес, сон­дай-ақ Қазақстанның бай мәдени мұра­сын, заманауи жетістіктерін әлемге көр­сетуге берілген жаңа мүмкіндік екенін айтты.

«Мемлекет басшысы қазақстандық мәдениетті, туристік және инвестиция­лық әлеуетті халықаралық деңгейде таныстыруды тапсырған болатын. Менің ойымша, бұл кеңсенің ашылуы осы жұмыстарға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұл кеңсе мәдениеттер арасындағы диалог алаңына айналып, жаңа идеялар мен креативті шешімдерді ілгерілетуге үлес қосады. Бұл бастама арқылы тек өзара түсіністікті арттыратын ғана емес, жаһандық медиа кеңістікті байытатын жобалар дүниеге келетініне сенімдімін», деді министр.

Бірлескен ынтымақтастық аясында Euronews 39 миллионнан аса көрерменді қамтыған Көшпелілер ойындарының материалдарын трансляциялады. Сондай-ақ қазақ халқының мәдени мұрасы мен инвестициялық жобалары туралы 10 бағдарлама, хабарлар мен сұхбаттар жарияланды.

«Қазақтар – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері, Орталық Еуразиядағы көкпаршы көшпелі халықтардың мемлекеттілік дәстүрінің ізбасарлары. Қазақ хандығы 1465 жылы Алтын Орда күйрегеннен кейін құрылып, кейіннен тәуелсіз мемлекет ретінде қазіргі Қазақстанның қалыптасуына әкелді. Келесі жылы Қазақстан өз тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан 20 миллион халқы бар әлемдегі ең ірі 40 экономика қатарынан орын алып, көптеген экономикалық және саяси реформалармен үлгі боларлық жолды көрсетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен бірнеше саяси реформалар табысты жүзеге асырылды. Осы өзгерістердің арқасында бүгін тарихи сәт – Астанадағы Euronews кеңсесінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Біз Қазақстанның экономикасы, мәдениеті және мұрасы туралы халықаралық аудиторияны ақпараттандыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра­мыз. Қазақстандық кәсіпкерлермен, сурет­шілермен және таланттармен жұ­мыс істеп, Қазақстанның жаңа шынды­ғын және жарқын болашағын көрсететін үш түпнұсқалық телешоу әзірлейміз», деді өз кезегінде «Euronews» Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас.

Ынтымақтастықтың маңызды бөлігі – Euronews academy жобасын жүзеге асыру. Оның аясында отандық журналистерге шетелдік спикерлердің қатысуымен офлайн тренингтер мен мастер-класстар ұйымдастырылады. Бұл қазақстандық БАҚ өкілдерінің кәсіби дағдыларына оң әсерін тигізеді.

Қазіргі уақытта 20 жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында мәдениет, өнер және өмір салты туралы «Modern Nomads» шоуы, бизнес пен экономикаға арналған өңірлік шоу – «East-West Connect», сондай-ақ өңірлік тұлғалармен сұхбаттар – «Voices from Central Asia» жобалары бар.