• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:02

Тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды

19 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. компаниялар тобының басқарма төрағасының орынбасары Ма Хуньхан бастаған қытай делегациясымен кездесу өткізді. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ көмір химиясы мен машина жасау салаларындағы өзара іс-қимыл келешегі талқыланды.

Қытайлық көпсалалы Dalian Hesheng Holdings компаниясы бидайды өңдеу және ашыту саласындағы технологиялық патенттің иегері саналады және озық цифрлық технологияларды пайдаланады. Ақмола облысында бидайды терең­дете өңдеу бойынша тігінен кіріктіріл­ген өнеркәсіптік парк құрылысының жаңа инвестициялық жобасын іске асыру жос­парланып отыр. Бірінші кезеңде инвес­тиция көлемі 500-800 млн долларды құраса, жобаны іске асырудың екінші және үшінші кезеңдері тағы 1 млрд дол­лар­ға бағалануда. Алғашқы кезеңде қайта өңдеу қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін өсу перспективасымен 1 млн тоннаны құрайды. 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.

Жобада көмір жылу электр стансасы мен көмір химиясы кешенінің құрылысы да қарастырылған. Көмірді қайта өңдеу нәтижесінде жылына 150-400 мың тонна сұйық аммиак алынады деп күтіліп отыр.

Жалпы, жаңа агрожобаны іске асыру мультипликативті әсер береді, ауыл ша­руашылығын жаңғыртуға ықпал етеді, сон­­дай-ақ логистика және сауда секілді ен­ші­лес салалардың дамуына серпін береді.

Премьер-министр астық жинауда рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізуді ескере отырып, бидайды қайта өңдеуді белсенді түрде арттырудың маңызды екеніне тоқталды.

«Қазақстан – аграрлық секторы дамы­ған ел. Біз қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыруға ұмтыламыз. Бұл – біздің еліміз үшін басым бағыт. Үкімет өндірісті локлизациялауға және озық технологияларды трансферттеуге бағытталған», деп атап өтті О.Бектенов.

Dalian Hesheng қытайлық компаниялар тобы басқарма төрағасы­ның орынбасары Ма Хуньхан өз кезегін­де Қазақстандағы ынтымақтастық пен өндірісті дамыту келешегін жоғары бағалады. Қолайлы іскерлік ахуал және бизнесті жүргізуге жасалған жағдай атап өтілді. Ма Хуньхан зауыттың құрылысын 2025 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отырғанын айтты.

Сондай-ақ кездесу барысында Dalian Hesheng Holdings Group компания­сының аграрлық бағыт жөніндегі басқар­ма төрағасы Юй Юфэй, бидай био­фер­ментациясының бірегей технология­сын әзірлеуші және саладағы озық шешімдердің авторы, аға инженер Шу Сонгпо сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде қытайлық әріптестермен инвестициялық келісім жасау бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.