• RUB:
    5.05
  • USD:
    527.23
  • EUR:
    544.05
Басты сайтқа өту
Құқық Бүгін, 08:50

Жол жауапсыздықты көтермейді

37 рет
көрсетілді

3 қаңтарда Астана-Щучинск жол учаскесінде ақтүтек боран­ның салдарынан 95 көлік ірі жол апатына ұшырағаны белгілі. Полицияның хабарлауынша, қазіргі таңда оқи­ға­­­ға кінәлілер анықталып жатыр.

Ақмола облысындағы Жаңа­­та­лап ауылы ма­ңында болған жаппай жол-көлік апатына ең бірінші себепкер нәрсе – адамдардың ТЖМ «Құтқару қызметі» таратып жатқан хабарламаға құлақ аспауы. Оқиға болатын күні, яғни жұманың таңында сағат 8.45-те бәріміздің телефонымызға «Астана-Щучинск тасжолы жа­бық» деген ескерту келген еді. Алайда бұл хабарлама мен ауа райының қолайсыз болып тұр­ғанына қарамастан, қаншама адам сол күні жолға шыққан.

«ҚазАвтоЖол» берген мәлі­мет­ке қарағанда, 3 қаңтарда таңер­тең «Астана-Петропавл» рес­пуб­ликалық маңызы бар авто­жолының 18-232 шақырым ара­лы­ғындағы учаскесінде көлік­тің барлық түрінің қозғалысына шек­теу қойылған. Кейін ауа райы­ның жақсаруына орай сағат 12.30-да полиция көлігі мен «ҚазАвтоЖол» компания­сы арнайы техникасының сүйе­ме­л­деуімен Астана қаласына қарай қозғалыс басталған. Алай­да жүргізушілер тарапынан жыл­дамдық режімі мен ара-қашық­тықты сақтамау салдарынан сағат 13.28-де автожолдың 153-ша­қы­рымында, яғни Жаңаталап ауылы маңында екпінмен келе жатқан көліктер бір-бірімен соқтығысқан.

Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы­ Гүлнар Пинчуктің хабарлауынша, қазіргі таңда оқиғаға байланыс­ты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігінде көзделген «жол қозғалысына қатысушылардың абайсызда орта дәрежелі денсау­лыққа зиян келтірген ЖҚЕ бұзуы» бойынша, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 353-бабы 1-бөлігінде көзделген «көлікте қолданыстағы ережелерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталған. Тер­геп-тексеру аясында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталады.

Оқиғадан бір күн өткенде Астана қаласына қарай қозғалып келе жатқан сол топтың ішінде бол­­ған жүргізушілердің бірі қоз­ға­лыс қатысушылары арасында жылдамдық режімі мен ара-қашық­тықты сақтамай, басқаларға қауіп төн­дірген көліктің видеосын жария­лады. Кейін полицейлер Астана қаласының тұрғыны, BMW маркалы автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісін анықтады.

Патрульдік полиция қызмет­керлері көлік жүргізушісін бір­ден Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша әкімшілік жауап­кершілікке тартты. Атап айт­­қанда, кінәлі тұлға ӘҚБтК 595-бабы­ның 1-бөлігі «маневр жасау ере­же­лерін бұзу» және аталған кодекс­тің 606-бабының 1-бөлігі «жол қоз­ғалысына қатысушының апат­­тық жағдай туғызған жол қоз­ға­лысы ережелерін бұзуы» бойын­ша жауапкершілік арқа­лады. Сонымен қатар құқық бұзу­шы­мен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Жаппай апат­тың орын алуына да дәл осы жүр­гізушінің әрекеті себепші болуы әбден мүмкін. Оның ақ-қарасын полиция анықтай жатар.

Айта кетсек, жаппай жол-көлік апаты салдарынан 10-нан аса адам жарақат алып, 95 көлік бүлінді. Қазіргі таңда КАСКО бағдарламасы бо­йынша төлем алу үшін «Евразия» сақ­тандыру компаниясына бір­неше жүргізуші жүгінген. Атал­ған бағдарлама бойынша зардап шеккен көлік иесі ЖКО-ға өзі кінәлі болса да, тіпті кінәлі адам анықталмаған жағдайда да төлем ала алады. Ал кінәлі анық­талған жағдайда, компания сот тәртібімен айыппұл сомасын сол адамнан талап етуге құ­қылы. Компания берген мәлі­метке қарағанда, кінәлі анық­тал­маса, КАСКО полисі жоқ адам­дар зақымдалған көлік­те­рін өз қаражаты есебінен жөн­­­деуге мәжбүр болады.

ІІМ мәліметіне сүйенсек, осы қыс уақытында ауа райының қо­лай­­­сыздығына байланысты еліміз­­дің жолдарында 1 284 шектеу, со­ның ішінде жаңа жыл бас­тал­­­ғалы 56 шектеу енгізілген. Де­­­ген­­­­­мен полиция мен басқа да тө­тен­­ше қызметтердің ескертуіне қа­­ра­мастан, жүргізушілер жабық учас­келерге шығып, жолдардың ашы­луын күтіп тұрған бекеттер­де кептеліс тудырып жатады. Жол ашылғаннан кейін бәрі бір уақыт­та қозғалып, нөмірдің ең алдына шы­­ғып кету үшін қатты жыл­дам­дық­­пен жүруге тырысады. Мұның со­ңы түрлі апатқа әкеп соғуы мүм­­кін.

Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілерінен жол ереже­лерін сақтап, рөлде отырғанда мұқият болу қауіпсіздіктің кепілі екенін ескертіп келеді. 3 қаңтар күні халыққа үндеу жолдаған ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ауа райы қолайсыз болып, айналаны көру мүмкіндігі азайғанда, жол көктайғақ болғанда, жылдам­дық­ты ша­ма­дан тыс асырмау керек екенін, діттеген жерге мүлдем бар­май қалғаннан кешігіп барған жақсы екенін еске салды.

«Көктайғақ, боран, қар немесе тұман кезінде жолға шықсаңыз, са­парыңыз сынаққа айналуы мүм­кін. Сондықтан ондай жағдайда ұзақ сапарлардан бас тартуды ұсынамыз. Өзіңіздің және өзге­лер­дің өмірін қатерге тікпес бұрын күн райының қалыпқа кел­генін күтіңіз. Ал егер ондай жағ­дайда жолда қалып қойсаңыз: жыл­дам­дықты азай­тыңыз, қауіпсіз ара­қа­шық­тықты сақ­таңыз, жылдам жүріс пен басып озудан аулақ бо­лыңыз, мүм­кін­дігінше жақын елді мекенге немесе қауіпсіз жерге тоқтаңыз. Жол қызметтері, сон­дай-ақ полиция және құтқару бөлім­­шелері жолда тәулік бойы жұмыс істейді. Олар­­дың мін­деті – сізге көмектесу. Төтен­­ше жағ­дай туындаған жағ­дай­да дереу көмекке жүгініңіз. Біз ауа райы жағдайына байланыс­ты шек­теулер мен қағидаларды бұзған­дарға ерекше назар аударамыз. Мұндай әрекеттер тәртіп бұзу­­шы­лардың өздеріне ғана емес, айналасындағыларға да қа­уіп төн­діреді. Кінәлілер заң бо­йын­ша жауапқа тартылады. Сіз­дің жол­да­ғы қырағылығыңыз бен жауап­кер­ші­лігіңіз – үйіңізге аман-есен оралуыңыздың кепілі», деді ол.