Жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен геосаяси шиеленіс халықаралық инвесторларды ел таңдауға келген кезде сақтықпен қарауға мәжбүрлеп жатыр. Инвестициялық саясатты әртараптандырмасақ болмайтынын 2024 жыл дәлелдеп кетті. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық отырысында шегелеп тапсырды.
Тікелей шетелдік инвестиция ағынының төмендеуіне қарамастан, шетелдік бизнесмендердің бізге қызығушылығы бұрынғысынша жоғары деңгейде. Сарапшы Юрий Масановтың айтуынша, көзге байқалмайтын көп игілік іске асырылып жатыр.
Юрий Масанов
«Шетелдік компанияларға бизнесті тіркеу және жүргізу үшін түрлі жеңілдік пен жағдай жасалған. Арнайы еркін экономикалық аймақтар құрылды. Үкімет энергетика, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері және өнеркәсіп сияқты салаларда шетелдік инвесторлармен белсенді ынтымақтастық жасайды. Сырт көзге мұндай өзгерістер бірден байқалмауы мүмкін, бірақ жалпы экономикалық өсімге әсер етеді. Шетелдік инвесторлар біртіндеп мұнай-газ саласынан ығыса бастады. Табиғи ресурстар бағасының тұрақсыздығы инвесторларды саясатын өзгертуге мәжбүр етті. Көмірқышқыл газы шығарылымын азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшуге басымдық беру шикізат секторына инвестицияны азайтуға себепші болып отыр. Бұл бағытта әлі де өзгерістер мен реформалар керек», дейді сарапшы.
Батырхан Құрмансейіт
Дипломат, жапонтанушы Батырхан Құрмансейіттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында инвестиция тарту бойынша алдыңғы қатарда.
«Дей тұрғанмен, дамыған елдердің нарығымен де, инвестициялық саясатымен де салыстыру әлі ерте. Мысалы, Жапонияда инвестициялық қажеттілік ішкі ресурстар көмегімен толықтырылады. Ол елдің бұл саладағы проблемасы елдік деңгейден шығып, ғаламдық деңгейге көтерілген. Бізде Үкімет тарапынан жасалуы тиіс әрекеттердің бәрі жасалып жатыр. Инвестициялық жетістік – Үкіметтің ұзақ жыл жүргізіп келе жатқан еңбегінің нәтижесі. Ендігі әрекетті кәсіпкерлер жалғастыруы керек. Үкіметтің биік мінберлер арқылы инвестиция тарту туралы мәлімдемесі кейде түсініксіз болып көрінеді. Біз елді жарнамалау кезеңінен әлдеқашан өтіп кеттік. Әлемдік деңгейдегі агенттіктер қазақтың қай сегменті тартымды екенін, Қазақстанда қаржы көп екенін, «Forbes» тізіміне ілінген кәсіпкерлер өзге елге инвестиция салып жүргенін біз айтпай-ақ біледі. «Нарық соншалықты тартымды болса, кәсіпкерлеріңіз неге қаржы салмайды» деп олар бізден сұрайды», дейді Б.Құрмансейіт.
Оның сөзінше, елдің инвестициялық тартымдылығы кәсіпкерлердің ішкі нарыққа деген көзқарасынан анықталады.
«Қазір әлемдік инвестициялық саясатта үлкен өзгерістер болып жатыр. Кәсіпкерлеріміз зауыт ашып, оның акциясын қор биржасына шығарсын немесе әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялардың акциясын сатып алып, олардың қазақ нарығына бет бұруына ықпал етсін. Біз осындай тетіктер арқылы ғана әлемдік инвестициялық саясаттың бағытымен интеграциялана аламыз. Қазір қазақ нарығында шикізат сегментінен өзге игерілмеген нүктелер өте көп. Кәсіпкерлер осы бағытты игеріп, оның тиімділігін дәлелдесе ғана инвесторлар елге келеді», дейді Б.Құрмансейіт.
Сарапшылардың айтуынша, инвестициялық тартымдылық тек шикізат, энергетика, IT секторында ғана емес, ойын-сауық саласында да активтерді генерациялайды. Бір жыл бұрын «Netflix» компаниясы алдағы төрт жылда Оңтүстік Корея киноиндустриясына 2,5 млрд доллар инвестиция салуға ниетті екенін жариялады. Жаһандық хитке айналған «Кальмар ойыны» сериалын 130 млн-нан астам адам көргеннен кейін инвесторлар кореялық контент өндірушілердің акцияларындағы әлеуетті көрді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсыновтың айтуынша, киноны инвестициялау тәуекелдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Досхан Жолжақсынов
«Киноиндустрия инвесторлар үшін тартымсыз деген көзқарастан арылу керек. Біз үшін бұл сала мемлекеттің ақшасына алақан жайып отырған сегмент болса, дамыған елдер үшін – бизнес, әлемге өзіңді танытуға апаратын көпір. Киноиндустрияны дамыту әлемдік аренадағы мәдени беделімізді арттырып қана қоймай, аралас салалардың да өсуін ынталандырады. Мемлекет нарықтың бұл сегментіне 51х49 пайыздық болмашы басым үлеспен кіріп, нарықтағы өз орнын табуға мүмкіндік беру керек. Бұл формула нарықтың осы сегментінің «қанын қыздырады», аудиторияның өзіне қажет бағытты нарық жолымен таңдауына мүмкіндік береді», дейді Д.Жолжақсынов.
Мысалы, Норвегияның киноөндірісті қолдауға бағытталған арнайы бағдарламасы – «Norwegian Film Production Incentive» – қазір халықаралық кинопродюсерлер үшін тартымды құралға айналған. Бағдарлама Норвегияда түсірілген фильмдер мен сериалдардың өндірістік шығынының 25%-ын қайтарып береді. Жоба тиімділігін дәлелдеген. Біріншіден, елдің таңғажайып табиғаты – таулары, фьордтары мен солтүстік шұғыласы картинада көрініс тауып, Норвегияны ерекше туристік бағыт ретінде танытып жатыр. Мысалы, «No Time to Die» (Джеймс Бонд) және «Mission: Impossible – Fallout» фильмдері осы елде түсірілген. Нәтижесінде, Норвегияға туристер ағыны артып, жергілікті экономикаға елеулі пайда түсті. Екіншіден, бағдарлама жергілікті мамандарды жұмысқа тартып, киноөндірістің инфрақұрылымын дамытады. Жергілікті компаниялар техникамен, қызмет көрсетумен айналысады, бұл экономиканың басқа салаларына да мультипликативтік әсер береді.
Инвестициялардың пайдалылығын мультипликативтік әсері бойынша бағалау қажет деген пікірді экономист Марат Абдурахманов та қолдайды.
«Дамыған бір саланың бірнеше бағытты қатар дамытуы – нарық заңы. Мысалы, киноиндустрия дамыса жеңіл өнеркәсіптің тынысы ашылады. Өкінішке қарай, шикізаттық емес сегментке құйылған қаржы шикізат сегментіне салынған салымдардан бірнеше есе төмен», дейді сарапшы.
АЛМАТЫ