• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Мәселе Бүгін, 09:05

Жұрт пікірін екіге жарған су мәселесі

29 рет
көрсетілді

Халықты ширек ғасырдан аса уақыт бойы үздіксіз ауызсумен қам­та­масыз етіп келе жатқан «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС мен жер­гілікті әкімдік арасында талас-тартыс басылмай тұр. Қала әкімдігі атал­ған кәсіпорынды стратегиялық нысан ретінде мемлекет меншігіне қай­таруды көздесе, серіктестік басшылығы оны заңсыз деп тауып, өз қар­сылығын білдіріп жатыр.

Қоғамда да халық пікірі екіге жарылған. Біреулер кәсіп­орынның мемлекет қара­ма­ғына өтуін қаласа, енді басқалары бұл бастамаға қарсы. Өйткені олардың пікірінше, серіктестік коммуналдық меншікке өткен жағдайда дәл қазіргідей тиімді менеджерлік басқару болмай қалады. Себебі «Су ресурстары-Маркетинг» шаһардағы өз қызметін мін­сіз атқарып келе жатқан бірден-бір серік­тестік болып саналады. Осы күнге дейін әкімдіктің бұл әреке­тін қол­дайтындар мен жақтамайтын қоғам белсенділері арасында петиция жария­ланып, соған байланысты екі рет халықпен талқылау жиындары ұйымдастырылды. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның мемлекет меншігіне қайтарылуына қарсы петиция 2024 жылдың 10 желтоқсанында Шымкент қаласы әкімдігіне ұсынылды. Бұл арыз сондай-ақ «E-Petition.kz»-тің ресми порталында жарияланды.

Мәселен, жуырда қоғам белендісі Бегім­құл Төлентаевтың петициясын жария талқылау жиыны өтті. Оған кәсіп­орын басшылығы мен қызметкерлері, қала әкімдігінің өкілдері, тиісті сала мамандары, шаһардың қарапайым тұрғындары қатысты.

Жергілікті атқарушы билік бұған дейін кәсіпорынға ауызсу тарифін негізсіз қымбаттатқан деген кінә артқан еді. Сөйтіп, уәж ретінде Алматы мен Астана қалаларындағы судың төмен бағасын мысалға көрсеткен. Кешегі жиында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшысы Анарбек Орман осы айыпқа байланысты өз мәлімдемесін жасады. Ол тариф бағасының арзан, қымбат болуы тікелей әкімдіктің құзіретіндегі тірлік екенін жеткізді.

«Тариф қымбат дейді. Ал тарифті рет­­тейтін, бекітетін кім? Әрине, әкімдік пен депутаттар. Егер ауызсу бағасы қым­­бат болса, неге олар бірінші өздері ба­­рып тексермейді? Біз бекітілген тариф­ бойынша атқарған жұмысымызға тек есеп береміз. Жергілікті атқарушы би­­­лік тарифке қатысты Алматы мен Ас­тана қаласының бағаларын айтып қой­­майды. Айналайындар-ау, Ал­ма­т­­­ы қаласы бюджеттен жылына ауыз­­суға деп 13 млрд теңге субсидия бө­ле­ді. Астана қаласы әкімдігінің бұл мақ­­­саттағы субсидия көлемі 9 млрд тең­­­г­­ені құрайды. Ал бізде оның бірі де жоқ. Егер жергілікті әкімдік қала хал­қы­на жаны ашыса, неге бюджеттен ақ­ша бөлдіріп, ескі құбырларды ауыс­тыр­май­ды?» деді кәсіпорын басшысы А.Орман.

Жиын барысында қоғам белсен­ділері қалыптасқан жағдайға байланыс­ты өз ойларын ортаға салды. Олар­­дың көпшілігі кәсіпорын жекенің қолын­да қала беруі қажет деген пікір­лерін біл­дірді. Себебі ертеңгі күні ком­му­налдық мен­шікке өткен жағдайда кәсіп­орында қыз­мет сапасы күрт нашарлап кетуі мүм­кін. Оның үстіне нарық зама­нында бір қолдан өткен серіктестік екін­ші инвес­тордың меншігіне айналып кет­песіне кім кепіл? Келешекте сумен жаб­­дық­таушы мекеменің иесі шетелдік инвес­тор болып қалуы да кәдік. Халық осыны айтып, күдік-күмәндары бар еке­нін жасырмады. Сонымен қатар қан­шама стратегиялық нысан бар. Бірақ әкім­дік неге елді сапалы сумен үздіксіз қам­та­масыз ­етіп отырған кәсіпорынға шүй­­лікті екен деді жиналған көпшілік сұрау­лы жүзбен.

Дей тұрғанмен, қала әкімі Ғабит Сыз­дықбеков бұдан бұрын да алған бетінен қайтпайтынын мәлімдеген. Ол бұл сөзді мегаполистің 2024 жылғы әлеу­­меттік-экономикалық дамуына қа­тыс­ты орталық коммуникациялар қыз­ме­тінде берген брифингінде осы мәсе­леге қатысты қойылған сұраққа жауап ре­тінде де айтқан еді. Яғни шаһар бас­шы­­­сы­ның ұстанған қағидаты – ауыз­су көз­­­дері стратегиялық нысанға жата­ды, сон­­­дықтан ол мемлекетке қайта­ры­луға тиіс.

«Петициядан халықтың көпшілігі әкімдіктің бастамасын қолдайтынын бай­қа­дым. Өйткені стратегиялық нысан­ның жалғыз адамның қолында болуы мемлекетке белгілі бір деңгейде қа­уіп төндіреді. Жергілікті әкімдік кәсіп­орынды басыбайлы тартып ала ал­майды. Себебі бұл оның құзіретіне кір­мейді. Бұл мәселеде соңғы нүктені қоя­тын – сот шешімі. Ал қала әкімдігінің ұста­­нымы ешқандай өзгермейді. Бар­лық стра­тегиялық объекті мемлекет мен­ші­гінде б­олуы керек», деді қала әкімі Ғ.Сыз­дық­беков.

Заңгер Дінмұхаммед Оңғардың айтуынша, 2003 жылы елімізде Су кодексі қабылданады. Осы заңның 25 бабында стратегиялық маңызды ны­сан­дар жекешеленуге жатпайтыны айтылады. Алайда мегаполистегі су қабылдағыштар 1995 жылғы жекеше­лен­­діру туралы заңның аясында қабыл­дан­ған премьер-министрдің қаулысына сәйкес жекеменшік нысанға өткен. Сөй­тіп, 1999 жылы ол «Су ресурс­тары-Маркетинг» ЖШС құрамына қосы­лады. Су көздерін жекешелендіру стра­­те­гия­лық нысанға қатысты арнайы заңнан бұрын жүзеге асқан. Демек заңның кері күші жоқ деген қағидаға сүйенсек, 2003 жылға дейінгі жекешеленген барлық су қабыл­дағыштар сол кездегі меншік иесінің мүлкі болып қалуға тиіс. Заңгер әкім­дік пен кәсіпорын арасындағы талас-тартысқа байланысты осындай пікір білдірді.

 

ШЫМКЕНТ