Әдетте ресми жұмыспен қамтуды кейбір жұмыс берушілер ұйымның таза кірісін төмендететін қосымша шығын ретінде қабылдайды. Тәжірибе мұндай жұмыс берушілердің еңбек қатынасында өз ережелерін орнататынын көрсетіп отыр. Сол тұрғыда елімізде енгізіліп жатқан Жосықсыз жұмыс берушілер тізілімі еңбекші мүддесін қорғаудың, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейтудің, сала кодексін бұзу жайттарын жария етудің сенімді құралы болмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы дерегіне қарағанда, өткен жылы 300-ге жуық кәсіпорынның жалақыға қатысты берешегі анықталып, 19 мыңға жуық қызметкердің қолына жалпы сомасы 4,4 миллиард теңге тимеген. Сондай-ақ тексеру барысында әртүрлі ұйымдарда 7,5 мыңнан астам еңбек құқықтарының бұзылғаны белгілі болды. Бұл сандар тек ресми деректерді көрсететінін ескерсек, нақты статистика одан да күрмеулі болуы мүмкін. Әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып, азаматтардың жұмыстағы әділетсіздікке, жоғары тарифтерге, қауіпсіздік техникасының бұзылуына, тағы басқа проблемаларға қатысты өтініштерін қараумен белсенді айналысып жүрген «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының мәліметінше, жұмыс берушілер тарапынан негізінен жалақыны төлемеу немесе кешіктіру сынды бұзушылықтар жиі кездеседі (арыздардың шамамен жартысы, яғни 42 пайызы). Сол секілді декреттік, демалыс, басқа да жәрдемақыларды кешіктіру немесе төлеуден бас тарту фактілері де тоқтар емес. Бір ғана қараша айында Қорға жұмыс берушілердің уәдесіне иланып, ауа қармап қалған 200-ге тарта адам жүгінген.
Осыған байланысты елімізде алғаш рет іске қосылып отырған Жосықсыз жұмыс берушілер тізілімінің мәні – қызметкерлерінің еңбек құқығын жүйелі түрде бұзатын ұйымдарды арнайы мәліметтер базасына енгізіп, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауға жауапкершілігін талап ету. Жосықсыз жұмыс берушіні нысанаға алып отырған қоғамдық бақылаудың жаңа құралы алғашқы тізімді қазірдің өзінде жариялауға ниетті. «Қара тізімге» жұмысшының Еңбек кодексінің 22-бабында қарастырылған құқығын бұзған кез келген жұмыс беруші кіруі мүмкін. Оған жалақының кешіктірілуі, қауіпсіздік техникасын сақтамау, жұмыс тоқтап тұрғаны үшін ақы төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермеу, жұмыстан заңсыз шығару сынды жағдайлар себеп бола алады. Қолында еңбек шарты болмаған жағдайда да жұмысшының Еңбек кодексінде қарастырылған құқықтары бар. Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмыскер, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, оқиға куәгері де ұсына алады. Сөйтіп, еңбекші құқығын аяқасты еткен компанияның атауы мен жетекшілерін дүйім ел білетін болады.
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедованың пікірінше, мұндай құралдың тиімділігі еңбек құқығы бұзылған жұмысшылар мен осы мәселеге бейжай қарамайтын азаматтардың белсенділігіне байланысты. Қазіргі уақытта Қор әр өңірде салалық, аумақтық, жергілікті кәсіподақтармен меморандумдар жасаған. «Реестр – жай ғана тізім емес, жұмысшы құқығын қорғаудың нақты мүмкіндігі. Әлеуметтік әділдікті көздейтін бастама әр адамның еңбегі бағаланатын қоғам құру, құқықтық мәдениетті нығайту жолындағы қадам боларына сенеміз», дейді ол.
Тізілімнің ашықтығы мен ондағы ақпараттың қолжетімділігі еңбек нарығының тазаруына ықпал етеді. Мысалы, оны жұмыс іздеп жүрген үміткерлер беделі нашар ұйымдардан аулақ болу үшін, мемлекеттік органдар еңбек ережелерін сақтауды бақылауды күшейту үшін қолдана алады. Жұмыскер өз құқығын қорғауға үйренсе, бизнес адал нарықтық орта құруға ұмтылады.
Десек те, бұл құрал еңбек заңнамасын бұзу жағдайларымен күресте тиімді болсын десек, оны одан әрі жетілдіру қажет. Айталық, мекемені тізілімге енгізу барысында еңбек инспекцияларының жеткіліксіз іс-қимылы, жұмыс берушіге ықпалды экономикалық санкциялардың салынбауы оның тиімділігін төмендетуі ықтимал. Яғни келешекте тізілім функцияларын кеңейтуге, оның технологиялық базасын жақсартуға, барлық мүдделі тараптар үшін қолжетімділікті арттыруға ден қойылғаны дұрыс. Оның қатарында тізілімге енгізілген кәсіпорындар үшін жауапкершілік деңгейін арттыру, мемлекеттік органдар мен кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты жақсарту, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу сынды кешенді іс-шаралардың біртұтас қамтылғаны маңызды.