Ел Президенті Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда Үкіметке депутаттармен бірге «AMANAT» партиясы ұсынған шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдау бастамасын жан-жақты қарастыруды тапсырғаны мәлім. Сол орайда Ерлан Саиров депутаттық сауалында бұл – өте маңызды міндет екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттың айтуынша бүгінде Қазақстанның 14 облысы көршілес 5 елмен (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан) шектеседі. Шекаралық аймақтарда 65 аудан бар. Онда 3,5 млн адам тұрады. Ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн. халық тұратын 1 283 елді мекен орналасқан.
«Алайда, кезінде жүргізілген аудандарды біріктіру, климаттың қолайсыздығы, жұмыссыздық, көлік қатынасының нашарлығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның тозуы, Кеңес Одағы кезінде шекаралық аудандарда халық санын тұрақтандыру үшін қолданылған жеңілдіктердің жойылуы секілді көптеген себептен бүгінде 65 шекара маңындағы ауданның 40-ында халық саны азайып кеткен. Әсіресе, бұл ауа-райы қатаң Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анық байқалып отыр», деді Е.Саиров.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандарының ашылуы өте орынды іс болғанын, бұл сол аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін айтқан Мәжіліс депутатының сөзінше, Президенттің тапсырмасына сәйкес өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік стратегиялық құжаттарда шекаралық аумақтарға қолдау көрсету шаралары қамтылған.
«Дегенмен, осы құжаттарда қарастырылған шекаралық елді мекендерге берілуі тиіс жеңілдіктер әлі де іс жүзіне аспады. Бұл шекаралық аудандарға қатысты көзделген мемлекеттік қолдау тетіктерінің түрлі нормативтік актілерде шашырап кетуіне, оларды үйлестіретін жауапты уәкілетті органның бекітілмеуіне, мемлекеттік субсидияларды бөлу бойынша және ұлттық жобаларды іске асыру тұрғысында белгілі бір санаттарға нақты басымдықтардың белгіленбеуіне байланысты болып отыр», деді Ерлан Саиров.
Депутаттың айтуынша, соның салдарынан шекаралық аудандардағы бірқатар елді мекендерден тұрғындардың жаппай көшуі толастамай тұр. Бұл өз кезегінде шекара маңындағы аумақтардың бос қалып, ұлттық, аумақтық қауіпсіздіктің әлсіреуіне алып келіп жатыр.
«Бос жатқан жер жау шақырады» деген. Сондықтан бұл маңызды мәселеге жіті назар аударып, оны тиімді шешу жолдарын шұғыл қарастырғанымыз жөн.
Мәселен, аумағы үлкен және халқы аз елдердің (Канада, Норвегия және Австралия) тәжірибесі шалғайдағы және шекара маңындағы аумақтарды дамыту үшін жергілікті тұрғындарға түрлі жеңілдіктер беру тиімді (салықтық, әлеуметтік, несиелік, энергетикалық және т.б.) екенін көрсетеді», деді депутат.
Мәжілісмен Ерлан Саировтың айтуынша аталған арнайы заң қабылданса, ел аумағын тиімді пайдалануға, шекаралық аудандарды мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халықтың шекаралық аумақтарда тұрақтануына, өңірдің дамуына және аумақтық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге зор серпін береді. Осы ретте, «AMANAT» партиясы жуырда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған заң жобасын дайындап, ұсынады.