Орал қаласында тоғызқұмалақтан жастар мен юниорлар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сайыс сәуір айының 3-іне дейін созылады. Жарысқа еліміздің үш қаласы мен 17 облысынан 400-ден астам спортшы қатысуға ниет білдірген.
«Чемпионаттың басты мақсаты – тоғызқұмалақ ойынын насихаттап, оны дамыту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Бұл жарыс жас спортшыларды біріктіріп, олардың шеберлік деңгейін арттыруға, болашақ чемпиондарды анықтауға жол ашады», дейді сайысты ұйымдастырушы Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы орынбасары Мирболат Нұржанов. Оның айтуынша, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне барынша жағдай жасалған.
Республикалық чемпионатты ұйымдастырушылар мен төрелік етушілер қатарында Тоғызқұмалақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, ҚР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов, Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті, ҚР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Шотаев, Батыс Қазақстан облысының тоғызқұмалақ федерациясының президенті Мұхтар Мәнкеевтер бар. Ал жарыстың бас төрешісі – ұлттық дәрежедегі төреші Хәкімжан Елеусінов.
Чемпионатқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан команда қатысады.
«Бұл чемпионат жас спортшылар арасында тоғызқұмалақ ойынының танымалдылығын арттыруға, оны дамытуға және еліміздегі спорттық мәдениеттің деңгейін көтеруге ықпал етеді. Жарыс нәтижелері мен жеңімпаздары болашақта еліміздің атын шығаратын мықты спортшыларды дайындауға өз үлесін қосатыны сөзсіз», дейді ұйымдастырушылар.
Батыс Қазақстан облысы