Қазақтың кең байтақ даласын әуезді ән, күмбірлі күймен тербеген әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаушы, ұлы музыкант Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толған мерейтойлық шара Алматы облысының Жамбыл ауданында бастау алды, деп жазады Egemen.kz.
Қазақ музыка өнерінің қоржынын қайталанбас туындыларымен байытқан ұлы тұлғаның 1-сәуір туған күніне арналған іс-шара Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің алдындағы жыр алыбы Жамбылдың және қазақ даласын күймен тербеген Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің еңселі ескерткіштеріне алқызыл гүл шоқтарын қойып, рухтарына Құран бағыштап, тағзым етуден басталды.
Мерейтойлық іс-шара Ұзынағаш ауылындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Салтанатты жиынға облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты. Абыз ақын Жамбыл мен күйші, композитор Нұрғисаның монологымен басталған сахналық қойылым оқушылардың хорымен көркемделіп, шараның мән-мазмұнын арттырды.
«Баршаңызды қазақ өнерінің жарық жұлдызы, күйші, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету – ұлттық бірегейлігімізді нығайта түседі», деп атап өткен болатын. Бұл мерейтой – ұлы композитордың шығармашылығын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың жарқын көрінісі. ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін бұл айтулы датаға орай, облысымызда арнайы жоспар қабылданып, халықаралық және республикалық деңгейдегі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлескен жобалар, ауқымды концерттер, сондай-ақ Іле ауданында еңселі ескерткіш орнату, мәдениет ошақтарына, көшелер мен білім беру мекемелеріне Нұрғиса Тілендиевтің есімін беру жоспарланған. Халқымыздың жүрегіне ән болып енген, рухын асқақтатқан дара перзентінің мұрасы мәңгі жасай бермек. Ұлы тұлғаның есімі мен еңбегі келер ұрпаққа үлгі болып, қазақ өнері өркендей берсін!», деп ізгі тілегін арнаған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мерейтойдың қазақ мәдениеті үшін маңызы зор екендігін айрықша атады.
Күй қалықтаған мәдени-сазды жиында қоғам қайраткері, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нағашыбек Қапалбекұлы сөз алып, Нұрғиса Тілендиевтің өмір жолы мен ұлттық мәдениетке қосқан өлшеусіз еңбегі жөнінде жан-жақты баяндады.
«Нұрғиса – қазақтың біртуар перзенті. Әкесі баласының кеудесіне «нұр құйсын» деп атын «Нұрқұйса» қойыпты. Ұлы өзендердің басы мөлдір бұлақтардан басталады. Нұраға да батырлар мен ақындар елінде туып, титтейінен жырдың пірі Сүйінбай бастаған қара ормандай ақын, әнші, жыраулардың ән-жырын, ертедегі қиса-дастандарды естіп өсті. Күллі қазақтың абыз ақыны – Жамбыл атаның тізесінде еркелей отырып, қарт жыраудың домбыра қағысын, жыр әуенін үйренді. Ұлыны – ұлы таниды, сұңқарды сұңқар парлап ұшқан қанат қағысынан, тұлпарды тұлпар жер тарпыған шалқар шабысынан таниды. Бес жасында Қарақыстақтан Алматыға көшіп келген әке-шешесі жұмысқа шығып кетеді де, үйде бала Нұрғиса жалғыздан жалғыз қалады. Осы күнгі 2-шойынжол вокзалы тұрған орында бәкене тоқал тамның үстіне шығып алып, өзі үйренген күйлерін ертеден кешке дейін тарта береді, тарта береді. Ары-бері өткіншілер арасында портфель ұстаған бір кісі ылғи тыңдап тұрады. Сол кісі бір күні әдейі бұрылып кеп, «жүр балам, мен сені оқытайын» деп Чайковский атындағы мектепке алып келеді. Өжет мінезді 6 жасар бала киіз қаптан домыбарасын алып, әкесінің «Аққу» атты күйін нақышына келтіріп тартып береді. Сөйтіп, оқуға қабылданады. Мұны ертіп әкелген атақты академик Ахмет Жұбанов еді», деп еске салды қоғам қайраткері, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы.
Одан әрі шығармашылығын тарқатты. «Отырар сазы» оркестріне 1999 жылы Тілендиев есімі берілсе, 2000 жылы академиялық атақ берілгенін, Нұрғиса Тілендиев «Алтын таулар» операсын, «Достық жолымен» балетін, «Ортеке» балет-поэмасын, «Менің Қазақстаным» кантатасын, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», Көш-керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ден астам ән мен романстың авторы екенін тілге тиек етті.
Ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталатын дара тұлғаның есімі мен еңбегі елінің мәңгі жүрегінде ән боп шырқалып, күй боп тербеле бермек.
Салтанатты шара соңында «Сүйінбай сазы» халықтық-фольлорлық этнографиялық ансамблінің өнерпаздары ұлы композитордың шығармашылығынан концерттік бағдарлама ұсынып, көптің қошеметіне бөленді.