• RUB:
    6.3
  • USD:
    518.21
  • EUR:
    590.09
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Сәуір, 2025

Оралдықтар арқан тартудан рекорд жасады

189 рет
көрсетілді

5 сәуір, сенбі күні Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында арқан тартыстан Қазақстан Республикасының рекорды тіркелді.

Бұл шарада 200 адам бір мезетте арқан тартып, осынау ұлттық спорттың бұған дейін болмаған нәтижесін көрсеткен. «Біз бұл іс-шараны салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық мұрамызды ұлықтау және жастардың спортқа қызығушылығын арттыру үшін ұйымдастырдық» дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері.

Бір қызығы, 200 адам қатысатын тартысқа 300 метрлік арқан керек болыпты. Мұндай арқанның ең ұзыны 100 метрден аспайды екен. Сөйтіп, Алматы қаласынан алдырылған үш бөлек арқанды бір біріне жалғауға тура келіпті. «Ал команда жинауда еш қиындық болмады. Сайысқа тек спортшылар емес, қала тұрғындары, жастар ұйымдарының белсенділері қатысты» дейді басқарманың баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Қасенова.

Сайысқа түскен команданың бірі - «Жайық», бірі - «Еділ» деген атауды таңдап алыпты. Қызықты да тартысты өткен бәсекеде «Жайық» командасы жеңіске жетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Қазақстанда ең көп адам қатысқан арқан тарысты ресми тіркеп алу үшін Орал қаласына Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов арнайы шақырылған болатын. Ол ұлттық спорт додасын бастан аяқ тамашалап, шынымен де рекорд орнатылғанын жариялады. Сөйтіп, ұйымдастырушыларға арнайы сертификат салтанатты түрде табысталды.

Батыс Қазақстан облысы