• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2010

ТӨЗІМДІЛІК – ӨРКЕНИЕТТІҢ ӨРІНДЕГІ ҚАСИЕТ

1532 рет
көрсетілді

Конференция жұмысын ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзінде Қазақстанның ұйым елдері шеңберіндегі белсенді істерін айтып өтті. Соның ішінде әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға арналған бастамаларын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерін өткізгенін, 29 тамызды Ядролық қарудан бүкіләлемдік бас тарту күні етіп жариялауға, 2010 жылды Мәдениеттер жақындастығы жылы деп атауға қол жеткізгенін айтты. Бүгінгі конференция да Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолындағы сол белсенді әрекеттерінің қатарында деп біліңіздер, деді ол. Бұдан кейін сөз Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Нұрсұлтан Назарбаев қонақжай қазақ даласы өзінің бауырмалд­ы­лы­ғымен бағзыдан бері бейбіт өмірдің берекелі бесігі болған, мейірімділік мәдениетінің мәйегіне, дәстүрінің діңгегіне ай­нал­ған халқымыз қа­шанда ізгілік жолын ұстап, тату­лықты ту еткен, сондықтан тағдыр тоғыстырған түрлі этностар мен дін өкілдері қа­зақ жерінен пана тапқан, дей келіп, толеранттық тақыры­бын­дағы осын­дай іргелі бас қосу­дың ұлтаралық келісім мен дінаралық түсіністікті бағдар еткен Қазақстанда өтуінің мәні зор деп білемін, деді. Одан әрі Президент Н.Назарбаев әлемде өткен ғасыр­дың соңғы және жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында болған оқиғалар төзімділік деген ұғымның өзіне күрделі өзгерістер әкелгенін, осы­ның салдарынан ЕҚЫҰ кеңіс­тігіндегі саясатқа да нақты өзге­рістер енгенін айтты. Этносаралық, мәдени, діндік және өркениеттік өзара іс-қимылдар жағ­дайына да өзгерістер енді, дей ке­ліп, төзім­ділік саясатындағы мәсе­ле­нің төңірегінде екі іргелі өзге­ріс­тің бар екенін айтты. Мұның ал­ғашқысына Еуропа құрлығының тарихында халықтардың ұлы көші болған сонау замандардан кейін соңғы жылдары әлемнің басқа ай­мақ­та­рынан миллиондаған тұрғын­дар­дың жаппай көшкені факторын жат­қы­зу­ға болады. Бұл миллиондар жаңа жерге өздерінің мәдениетін, дінін және құндылықтарын ала барды. Осыдан жиырма шақты жыл ғана бұрын қайсыбір академиялық проблема болған бұл мәселе қазір нақ­тылыққа айналып отыр. Осын­дай жағдайда бұрыннан қалыптасқан таптаурындылық, соның ішінде сая­си ұстамдылықтың ескі норма­ла­ры күл-талқан болды. Екінші дү­ние­жүзілік соғыстан кейінгі еуропалық өркениеттің жетістігі болған тол­е­рант­тылық пен шыдамдылық бүгін­гі күні белсенді талқылаудың өзе­гіне айналып отыр. Біз қазіргі Еуропада саяси құндылықтарға ба­ламалы көзқарастардың барлығын көріп отырмыз. Бұл – саяси қағи­дат ре­тінде қарастырылатын төзім­ділікке скептикалық көзқарас та­нытатын ұлтшыл және барынша оңшыл партиялардың халықтардың арасында өсіп отырғанынан көрі­неді. Сондай-ақ миграциялық сая­саттың осыдан жиырма жыл бұ­рын­ғымен салыстырғандағы талап­тарының қатайып, кедергілерінің көбейіп, тілдік және мәдени барьер­лерінің арта түскені – сайып келгенде төзімділік критерийлерін іс жүзінде қатты өзгертіп жіберді. Ең соңғысы ретінде Еуропа құрлы­ғындағы діндік біртектіліктің іс жүзінде адамдарды, өкінішке орай, байланыстыратын емес, айыратын факторға айналып отырғанын айту керек. Сондықтан діндік төзімділік тұрмыстық қана емес, саяси мінез­дің факторына да айналып отыр. Біз көптеген әлеуметтік, этно­с­ара­лық, аумақтық кикілжіңдер сырт­тай алғанда дінаралық кикілжің ретінде басталатынын көріп жүрміз. Осының бәрі Еуропа елдеріндегі төзімділік түсінігінің өзгеруіне ықпал етпей қала алмайды. Екіншіден, деді одан әрі Нұр­сұл­тан Әбішұлы, ЕҚЫҰ жауап­кер­шілік аймағының еуропалық бөлі­гінде біз күрделілігі мен драмасы кем емес үдерістердің болып жатқанын көріп отырмыз. Ұзақ уақыттар бойы тоталитарлық басқару жүйе­сінің тетіктері Балтика мен Памир арасындағы орасан үлкен аумақта этносаралық және дінаралық проб­лемалардың жинақталуын тудырды. Сонымен бірге әділеттілік үшін айтар болсақ, қатаң бақылаулар біраз уақытқа дейін кикілжіңдердің сыртқа шығуына, соның ішінде қарулы қақтығыс түрінде атылуына мүмкіндік бермеді. Бұл “тотали­тар­лық төзімділік” деп атайтын құбы­лыс еді. Бірақ ол өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында-ақ әлсіздігін таныта бастады. Осының кесірі мыңдаған адамдардың көз жұмуына әкеліп соқты. Бүгінгі күні мәселені шешетін ескі тетіктердің жойылуы, жаңаша реттеу жағ­дайын­дағы тәжірибенің аздығы, этнос­тық құрамның күрделігі, аза­маттық қоғамның әлсіздігі – осы­ның бәрі ЕҚЫҰ-ның еуразиялық бөлігіндегі төзімділік мәселелерін өте өткір етіп отыр. Осыдан әрі Президент төзім­ділік мәселесінде Қазақстанның қол жеткізіп отырған табыстары мен тәжірибелерін сөз етті. ЕҚЫҰ-ның кейбір елдеріне элементтері бейімделуге болатын төзім­діліктің қазақстандық үлгісінің ерекшелік­тері қандай еді, деп алып Елбасы біздің елдің тәжірибесін айтып берді. Біріншіден, біздің мо­дельдің өзегіне қазақ халқының сан ­ғасырлық тарихында қалып­тас­қан төзімділік, шыдамдылық, қо­нақ­жайлылық, өзге халықтарға, мә­дениеттер мен діндерге деген құр­меті сияқты қасиеттері алынды. Екін­шіден, тәуелсіздік жылдарын­дағы Қазақстанда төзімділік саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, жалпы мемлекеттік саясаттың өзекті қағидаты болды. ЕҚЫҰ кеңістігінде Қазақстанда тұңғыш рет айрықша қоғамдық институт құрылды. Қазақ­стан халқы Ассамблеясы деп аталатын бұл институт қазір түрлі этностық топтар мен діни конфессиялардың мүдделерін то­ғыс­тыратын табысты диалог ала­ңына айналды. Үшіншіден, төзім­діліктің қазақстандық саясаты алғаш­қы кезден-ақ ішкі өлшемдер­мен қатар сыртқы өлшемдерді де ескеріп отырады. Осындай жағдай­лардың арқасында Қазақстанның төзімділік мәселесі жөніндегі сая­саты айнымайтын бірізді, болжам­ды және “екі түрлі стандарттан” ада. Сондықтан да ЕҚЫҰ-ның көп­­теген елдері Қазақстанның “қиын түйінді кикілжіңдерді” ше­шуде араағайын болуын қалайды. Төртіншіден, Қазақстан өрке­ниет­тер аралық үнқатысулардың белсенді жақтаушысына айналып отыр. Біздің еліміз мұсылман әлемі мен Батыстың арасындағы диалог­тың дамуына жан-жақты жағдай жа­сайды және Өркениеттер альян­сы­ның достары тобының мүшесі. 2008 жылы біздің еліміздің бас­тамашылдығымен Астанада сыртқы істер министрлерінің “Ортақ әлем: көптүрлілік арқылы прогреске” атты форум өткізілді. Сондай-ақ үш рет болып өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ла­рының съезін өткізудің бастама­шысы да Қазақстан болғанын сіздер білесіздер. Бүгінгі күні ЕҚЫҰ жауапкершілігі аумағында мәдени, өркениет және дінаралық диалог­тарды өткізудің қажеттілігі өте зор, деді Президент. Одан әрі Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев ЕҚЫҰ-ның төрағасы бо­лып отырған елдің басшысы ретін­де ұйымның атқарған кейбір істері және төзімділікті нығайту бағы­тында атқаруға тиісті мәселелерге тоқталды. Біз ЕҚЫҰ-ның үшінші, гуманитарлық себеті туралы айт­қан­да оның сайлау үдерістерін қа­дағалауын ғана есепке алмай жоға­рыда айтылған мәселелерді қарас­тыру қажеттілігін де ескеруіміз керек. ЕҚЫҰ-ның іс-әрекетінде гу­манитарлық мәселелер өте маңыз­ды және проблематиканы бір мә­се­ленің төңірегінде ғана шекте­меуі­міз керек деп ойлаймыз. Сонымен бірге түрлі аймақтардағы төзімділік ісінің оң тәжірибелерін үйреніп, оны таратуды қажет деп санаймыз. Сондай-ақ бүгінгі күні ЕҚЫҰ-ның далалық миссияларының іс-әрекеттеріне ыждаһатты тексерістер жасайтын уақыт келді деп санай­мыз. Әрине, олар экологиядан бас­тап гендерлік саясатқа дейін көп­теген бағыттарда пайдалы әрекеттер жасап келеді. Сонымен бірге олар этносаралық және дінаралық төзім­ділік істеріне де көңіл аударып, оларды өз әрекеттерінің өзекті мә­се­лесіне айналдырса құба құп болар еді. Өйткені, мұндағы мәсе­ленің бағасы қымбат, ол адам өмірінің қауіпсіздігіне қатер төндіретіні ай­қын. Егер ЕҚЫҰ-ның далалық миссиялары осы мәселелерді ше­шуде қосымша күш ретінде атса­лыс­са, онда ол – ұйымның еур­азия­лық әлемде атқарған зор ма­ңыз­ды ісі болар еді. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның өзіндегі таптаурын­дар­ды да еңсеру керек. ЕҚЫҰ қата­ры­на енетін елдердегі тілдік, ми­гра­циялық, діндік, мәдени, білім беру сая­сатындағы өзгерістер ұжым­дық деңгейде қажетті деңгей­де таныл­маған. Меніңше, біз бәрі­міз біріге отырып, соңғы бірнеше жылдар­дағы төзімділік саясатында болған өзгерістерді саралап, мен шартты түрде атаған: “ЕҚЫҰ: Жаңа он­жылдықтағы төзімділік” атты ортақ құжат қабылдауымыз ке­рек. Біз осы мәселені ЕҚЫҰ-ның алды­мыз­да болатын саммитінің күн тәртібіне енгізуді ұсынамыз. Сөзінің соңында Елбасы Н.Назарбаев төзімділікті нығайту бағытында екі түрлі институционалдық ұсыныс жасады. Біріншіден, деді ол, біз ЕҚЫҰ-ның төзімділік пен кемсіту­ші­лікке қарсылық мәселелері бойын­ша Орталығын құруымыз қажет. Орталық Азия – бұл тұрғындары күрделі этностық картина болып та­былатын аймақ. Мұнда ғасырлар бойы әртүрлі халықтар тұрып келе жатыр. Қырғызстанда болған кикілжіңдердің ең үлкен зардабы сол, ол аймақта тұратын халық­тар­дың арасына бір-біріне деген сенім­сіздіктің дәнін сеуіп кетті. Бұл аймақтағы тұрақтылыққа қарсы зиянды әрекет, ол ЕҚЫҰ-ға мүше барлық елдерге де қатерін тигізуі мүмкін. Екіншіден, ЕҚЫҰ-ның этнос­ара­лық және дінаралық төзімділік проблематикасы жөніндегі рөлін күшейту мәселелерін қарастыру керек. Мен түрлі этностар мен діни бірлестіктердің арасындағы үнқа­тысулардың жан-жақты дамуына, кикілжіңдердің алдын алуға, жа­ңадан пайда болған шиеленістерді шешуге мұндай институттың қабілеті әбден жететініне сенемін. Әлемдегі барлық халықтарда да өшпенділікті өшпенділікпен емес, өшпенділікті өшірумен ғана тоқтату­ға болады деген даналық бар, дей келіп, Президент конференция жұ­мысына табыстар тілеумен сөзін аяқтады. Оның сөзі үлкен ыждаһатпен тыңдалып, жиналғандар бірнеше рет қол соқты. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тан кейінгі алғашқы сөз БҰҰ-ның Өркениеттер альянсы жөнін­де­гі жоғарғы өкілі Жорже Сам­пайоға берілді. Ол өзінің сөзінде тө­зім­ділік мәселесінің Қазақстан сияқ­ты елде болып отырғанына қа­нағат білдіретінін жеткізді. Өйткені, Қазақстан қазір оның үлгісін әлем­ге көрсетіп отыр, деді ол. Одан кей­ін Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының президенті Мев­лут Чавушоглу құттықтау сөз сөй­леді. Ол Қазақстан тарапына көп­те­ген жылы сөздер айтып, төзім­ділікті әлем Қазақстан тәжіри­бе­сінен үйренгенін қалайтынын жет­кізді. Одан әрі ЕҚЫҰ Ұлттық аз­шы­лық жөніндегі Жоғарғы комис­сары Кнут Воллебек, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ директоры Янез Ленарчич­тер құттықтау сөздер айтты. Одан әрі конференцияның негізгі жұмы­сы басталды. Конференция жұмысының шеңберінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Мемлекеттік хатшы — Сырт­қы істер министрі Қанат Сау­да­баев бірнеше мәртебелі қонақ­тармен екіжақты кездесулер өткізді. Соның ішінде Қ.Саудабаев БҰҰ-ның Өркениет альянсы жөніндегі жоғарғы өкілі Ж.Сампайомен, ЕКПА Президенті М.Чавушоглу­мен, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы жөніндегі Арнайы өкілі Д.Мия­то­вичпен, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ директоры Я.Ленарчичпен кездесулер өткізіп, маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. Я.Ленарчичпен болған кездесуде тараптар Қырғызстандағы референдумның өткізілуі мемле­кет­тегі тұрақтылықтың қайта орнау­ындағы маңызды қадам болып табылады деген пікірге тоқталды. Сонымен бірге Іс басындағы төраға ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық жө­ніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебекпен де кездесіп, оның Қыр­ғызстан мен Өзбекстанға жасайтын сапарларының барысын талқылады. Конференция жұмысы шеңбе­рінде ЕҚЫҰ-ның төзімділік тақы­ры­бына жариялаған фотокон­курсы­ның қорытындысы да жария­ланды. 35 елден қатысқан 100 фо­то­графтың жұмыстары арасынан нидерландтық Э.Гурланның, гер­ма­ниялық Р.Кауфманның, беларус­сия­лық А.Ленкевичтің, украиналық В.Овсянниковтың және бельгиялық И.Розенбаумның еңбектері жеңім­паз деп танылды. Жақсыбай САМРАТ. ---------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.