Мұнай-газ мұнарасына соғылған самалдың сыбыры ма, әлде кәрі Каспийдің толқынына құлаған Ақжайық ағысының сылдыры ма, осы беткейге жол шықсам, менің құлағыма бір ғажап әннің әуені келеді, бұл сан ғасыр сарсыла күткен, бабаларға арман болып, біздің ұрпаққа ғана жеткен Еркіндіктің әні еді!
Бес ғасыр қойнауынан бала кезімде құлағыма сыбыр болып жеткен: “Жайықты келіп алғаны – Жағаға қолды салғаны”, деген Мөңке ақынның өзекті жарар өкініші талайдың санасына салмақ болғаны тарихтан мәлім. Ал енді сол Жайық тиді өзіңе. Онымен қоса бес ғасыр аңыз болып келген, тілін ұмытқан ұрпақ, қасиетін де ұқпай бара жатқан “Қыз Жібек” дастаның да, Мұхит – ән, Құрманғазы – күй, Сырым батырың, Исатай-Махамбетіңмен ғасыр қойнауынан қайта тіріліп келгендей күй кешесің. Өзіндік күтпеген оқиғасымен, өзіндік ес жимаған санасымен, қиындық-қателігі қуанышқа араласқан Еркіндік келді Далаға. Басқа ұлт көлеңкесінде жалтақтап сөйлеп үйренген, өзгенің қаласын Астанам деп, өзгенің даласын Отаным деп, өзгенің тауын асқақтатып жырлап үйренген ұрпақ өзіне-өзі келе алмай, нені қайдан бастауын біле алмай тұрғанда, көгілдір аспанға желбірей көтерілген көк туға тамсанды. Жүректерді шымырлатқан тылсым бір сезіммен қуаныш әні құйылды. Тарих сахнасына жаңа дүние есігін ашып, көне Қазақ елі шықты. Ол өз еркіндігін паш ете шықты. Бұрын намысшыл Шаяхметовын, қажымас Қонаевын іштей тынып, сүйеніш көріп, мақтан тұтқан ұлт енді өз халқын өз азаматы басқаратын күнге де жетті. Өз ана тілінде сөйлеп, өз даласының қурайын жиып, жусанын сүйіп, Алатау баурайында бұлақ сылдырынан ән тыңдап өскен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ғасыр көшінің тізгінін өз қолына алды, қазақ даласының жаңа дәуірі басталды. Осынша үлкен жауапкершілікті өз мойнына алу, бұл елді бұрын болмаған сүрлеумен жүргізу, барды жоғалтып, жоқтан бар жасау, жаңа қоғамға жаңа сана қалыптастыру Назарбаев маңдайына жазылған тағдыр еді. Ол жол оңай да жол емес еді, оған өзіміз де куә болдық.
Тоқсаныншы жылдардың басында менің жыр дәптеріме мынадай жолдар түзіліпті:
Даланың уақыт емдер дертін бүгін,
Оқитын кезең туар сертін, жырын,
Оңайға қайдан түссін бірден алу,
Кең дала жас ұрпақтың еркіндігін.
Жасыратыны жоқ, өтпелі кезең қиындықтарға толы болды. Жұмыссыз қалған адамдар, өндіріс орындарының жабылуы, жекешелендіруде кеткен қателіктер талайдың көкейіне шерменде болып қатты. Халық байлығы еңбегі сіңбеген ептілердің уысында кеткені де аз емес еді. Табыс көзі жоқ ауылдар малын сатты, үдере көшті. Ең үлкен қателіктің бірі – мектептен тәжірибелі ұстаздардың жалақы іздеп кетуі болды. Ең сауатты дәрігерлер басқа елдерге көшті. Мұның бәрі өлара шақтың қиындығын молайта түсті. Сонша қиындыққа төтеп беру, осы кезге дейін өзге мемлекеттер қатарына қоспаған, көлеңкеде қалып келген қазақ ұлты мен оның кең даласын әлемге танытудағы атқарған Назарбаев саясаты мен өрлігін жоққа шығаруға болмайды. Мұның бәрін оп-оңай шаруа деп кім айта алады?!
Ол шеті мен бұл шетіне жетудің өзі қазірде де қиынға соғатын байтақ мекеніміздің әлі де адам баспаған шыңдары, әлі де ел қоныс теппеген қырлары барын білеміз. Құмдары қорқытатын, орманы адастыратын игерусіз жатқан кеңістігі бар байтақ Қазақстанды әр адымы санаулы Еуропа елімен салыстыру асығыстық. Бейғам, бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырып өскен, бір-біріне бағына бермейтін қазақи мінезді аз уақытта өзгерту де оңайға соқпайды. Оның үстіне жаңа қоғамның жаңа заңы алғаш Әліппеміз сияқты қайта жазылды. Алғашқы Конституциямызды қабылдадық, алғашқы Әнұранымызды бекіттік. Бәрін-бәрін тәй-тәй басқан жас балаша бастадық. Сол кезде бұл елді тәй бастырудың қиындығын да көтеру, тыңнан жол бастау Президентке оңай болды деп кім айта алады?!
Сарыарқа! Тұлпарлар тұяғы дүбірі боп Құрманғазы күйінен құлаққа сіңген кең жазық атамекен тіл мен діннен айырылып қала жаздаған ұрпақ мекеніне айналып бара жатқаны рас еді ғой. Сол жаққа жаңа астана салу да оп-оңай іс емес еді. Бұл аймақтың тың көтеру саясатына ұшырап, Ақмола Целиноград болып кеткені баршаға аян. Ол жердегі жергілікті халық саны азайғанын, туған даламыздың егін мен малға жайлы қонысында салт пен сана жойыла жаздап тұрғанын сонау қарбалас кезеңде ойлау да көрегендік емес деп кім айта алады?!
Бұл күнде Астанамыз бүкіл әлем көз тігіп отырған, бүкіл дамыған елдің басшылары ат басын тіреген атышулы қалаға айналды. Аз ғана жыл ішінде осының өзі үлкен жетістік, үлкен көрегендік екенін мойындауымыз керек шығар. “Түрі ұлттық, мазмұны социалистік” сонау кезеңде біздің ұлт өкілдері қазіргі Астанамызда салынғандай зәулім үйлерде тұра алған жоқ. Бұл да егемендіктің арқасы екенін кез келген қазақ ұғыну керек. Әрине, ғасырлаған дәстүрі бар қалалармен әзірше салыстыру қиындау да болар. Бірақ біздің ұлт өз есеюінің деңгейін де сезінгені жөн. Бізге жаңа дәуірге лайық сауат пен жаңа ғасырға лайық ой қорыта алатын биік мәдениет қажет. Өйткені, кей қазаққа тап-таза тас жолдарда жүру де жаңалық, ол дала шалғынын таптап өскенін әлі де ұмыта алмай, кең даладағы далиған мінезінен әлі де арыла алмай отыр. Ендеше, жаңа ғасырға өмір сүретін, жаңа мемлекетті қалыптастыратын адам санасын оятудың көшбасшысы болу оп-оңай іс деп кім айта алады?!
Бүгін біз ана тілге өз ұрпағымызды оралта алмай шырылдасақ, ата-бабамыздың адам сыйлау дәстүрін қайта жаңғыртып әуреге түсіп жүрсек, ол сонау бір жылдардың саясаты екенін де ойлауымыз керек. Ғасырлап бұзылған жүйені аз уақытта қалпына келтіру қайдан оңайға түссін?! Біз бүгін көк туға, ана тілге деген махаббатты да балабақша мен мектептен қайта бастап отырмыз. Нәтижесіне уақыт керек. Еліміз тыныш, сәби ұйқысы бұзылмаған бейбіт күн біздің ата-бабадан келе жатқан арман, сол елді тыныш жолмен алып жүру, қиын-қыстау кезеңнен алып шығу үлесіне тисе, ондай жүк көтеру оп-оңай деп кім айта алады? Бұл Тұңғыш Президентіміздің ерлігі емей немене?!
Иә, егемендік тізгінін ұстау тағдыры жазылған Назарбаевтың дүниеге келуі жайлы әңгімеге құлақ түріп, сәл шегініс жасасақ.... Біздің ұлт – жаратылысынан ұл тілейтін ұлт. Оның үстіне бала сүю үшін әулие кезетіні бар, түнейтін қасиетті әулиесі бар ұлт. Сонау бір есте жоқ ескі заман жұмбақтары кейде біздің ұлттың ғажайып қасиеттерін де аша түседі. Оған дәлел біздің мәңгіден жаттап келген дастандар мен ертегілеріміз емес пе? “Байбөрі осылай деп жүрді жылап, Құдайдан күні-түні бала сұрап”, дегенді білмейтін қазақ аз. Содан әулие кезіп, түней-түней “темір етіктен теңгедей қалғанда, темір таяқтан тебендей қалғанда” түс көріп, үйіне оралып, ақырында ұл сүйеді. Аруаққа табынып, Құдайға жалынып сүйген перзент ерекше қасиетті болады, оның тағдыры да, өмір жолы да өзгелерге ұқсамайтын өзінше болады. Міне, біздің Президент те сондай сұрап алған ұл екенін өмірбаяны арасында сөз еткені есімде. Ендеше, сол ерекше ұлдың тағдыры болып Қазақ елінің еркіндігіне қызмет ету бұйырған. Оған біз куә болдық, ол – шындық.
Президентіміздің көптеген бағдарламасы арасында тарихымызға бет бұрғызған “Мәдени мұра” бағдарламасы сол әулие рухтар әсері ме деп қаласың. Аздаған уақытта, қарбалас кезеңде бұрын ұмыт болған қаншама ерлердің есімі тіріліп, қала мен дала бабалар ескерткішіне толды. Даналар ескерткіші мен әулиелер кесенесі тарих көлеңкесінен бой көтеріп, ертеңгі ұрпаққа мұра болып қалмақ. Ақ Жайық бойында бұрын өз ұлтымыздың мәртебесін көтеретін шаралар өте аз өтсе, сахнадан домбырамен ән салуға жасқанып қалған Құрманғазы мен Мұхит ұрпағы егемендіктің алғашқы ауыр жылдарында Қазақ драма театрының іргетасын қалап, салтанатты театр ғимаратын салды. Әрі батыр, әрі шешен Сырым баба қаланың қақ ортасында тұлпарын қарғытып тұр. Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев: “Мен қазақпын – осындай байтақ елмін, қайта тудым, өмірге қайта келдім, мың бірінші тірілдім мәңгі өлмеске, айта бергім келеді, айта бергім”, – деп жас ұрпағына мақтана қарап тұр. Осының бәрі еркіндіктің бақыты екенін, мұның бәрі оңайлықпен келмейтінін кім жоққа шығара алады?
Президентіміздің сонау бір жылдары мәдениет қызметкерлерімен кездесуде сөйлеген сөзінде: “Біздің қаламгерлер халық арасына барсын, Алматыда иіріліп отыра бермей, жаңа Астанаға қоныстансын, жаңалық жырын айтсын, елге сүйеніш болар сөздерін айтсын, артық-кемді болжап кеңестерін берсін”, деген пікірін айтқан болатын. Менің жүрегіме бұл сөз қонғаны сонша, өзіме Ақ Жайық жеке тигендей қуанып, оны өз жырымда жекешелеп алғандай сезініп, оның үстіне сол кезгі Батыс Қазақстанға әкім болған Қырымбек Көшербаев та шақырып, еліміздегі өсіп келе жатқан жас қыз бен сіңлілеріңізге көрген-білген аналық ақылыңызды айтуға керексіз деген сөзі үшін ойланбастан ару Алматыдан мен де өз көшімді Ақ Жайыққа бұрдым:
Көрген білгенімді айта қалайын деп,
Көңілдер сырын байқап қалайын деп
Жалған күлкілер шаршатқан жанарды
Мөлдір айдынға шайқап алайын деп
Оралдым саған, Ақ Жайық.
Досым боп келсе, қарсы алу үшін,
Қосылып бірге ән салу үшін,
Көгілдір туға, егемен елге
Туған жерімде тамсану үшін
Оралдым саған, Ақ Жайық.
Иә, өзге тіл, өзге діннің ықпалы көбірек тиген бұл жағалау Қазақ елінің өзге өңірінен ерекшелеу еді. Тек бабалар рухының мықтылығынан өз келбетін, өз салтын сақтап, бірін тапса, бірін жоғалтып отырғаны рас қой. Еліктегіш, сенгіш, аңғалдау да болатын қазақ ұрпағын, әсіресе, ұлт ұрпағына ана болатын қазақ қызының батысқа қатты еліктейтін өңірі де осы жер. Бұл – менің көкейімдегі өмір бойы басты мәселем, тақырыбым да.
Міне, сол пікірімді әлім жеткенше айту үшін, аналық, ақындық парызды өтеу үшін елге оралғаныма да сегіз жылдан асып барады. Кіндігін ашқан қыздарды кері бұрудың оңай емесін сеземін.
Ал Президент жастарымыз оқысын деп “Болашақ” бағдарламасын жүзеге асырды. Әлемнің барлық қалаларында жоғары оқу орындарында қаракөз қазақтың қаншама ұл-қызы білім алып, елге оралды. Оларға қыруар қаржы бөлініп отырғанына да бәріміз куәміз. Алғашында көкелерінің қолдауымен оқуға түскен жәйттер де болмай қалған жоқ. Ал соңғы жылдары өз сауатымен бәйгеден озғандар оқып, білім алып, сауатты жастар қатарын көбейтуде. Әрине, мұның бәрін бір адам қадағалай алмайды. Ұлтымыздың ертеңгі ұрпағы сауатты, салауатты болсын деп жағдай жасап отырған басшыны қостаушылар да сондай сезімде болғаны дұрыс. Ұрпақ ісін сеніп тапсырғандар бұл жолы да жауапкершілікпен еңбек еткендерді елге үлгі етсе дер едім. Тапсырманы да, заңды да орындау Елбасы сенген басшыларға байланысты және ол олардың азаматтық борышы.
Иә, тыңнан салған жолдың қиындығы мен қателігі болатыны заңды. Жасыратыны жоқ, ақшаға құрылған жаңа кезең біздің жырымызды да, кітабымызды да, беделімізді де арзандатты. Табыссыз, жұмыссыз, қобалжып қалған талант иелері бұл кезде қатты қиналды, қажыды. Оңай олжа тапқандар өздерін ойшылдардан ақылды санады. Ойлап отырсам, ондай кез бұрын да болғанға ұқсайды. Айтқыш бабалар айтып-ақ кеткен екен. “Неше мықты болса да, жауға мінбе жалсызды, неше шешен болса да, дауға салма малсызды”. Иә, дауда ақшалының айтқаны дұрыс, әлсіз кінәлі болғанын да көрмедік емес, көрдік, көндік. Қағазға түсіп үлгергенмен, өмірде қолданысқа жетпей жатқан заңдар мен орындалмаған тапсырмалар әр жерде наразы сөйлеуге себепші болғанын да жасыра алмаймын.
Біз үшін бәрінен қымбаты осы егемендік, осы бостандық, осы еркіндік. Оның қадірін біліп, бағасын сезінуді әр қазақ ата-бабасы тапсырып кеткен өсиетіндей қастерлеу керек. Тыныштық пен ынтымақ, бірлік пен тірлік адамзат ғұмыры үшін ең қымбат нәрсе екенін көрші қырғыздардан көріп отырмыз. Өздері саусақпен санауға болатын бір атаның баласы бірін-бірі қанға бояуы деген не сұмдық. Ақымақтыққа аз уақыт та жетеді. Ал біздің құшағы кең қазақ даласына сонау жылдары кімдерді әкелмеді. Әлі де үй ішінен үй тіккісі келетін топ жоқ емес, әлі де кең жерімізге ала көзбен қарайтындар жоқ емес. Ұлы мақсат үшін кейде шыдау керек кезде шыдамдылықтың да маңызы зор болмақ. Президент бойындағы талай басшыға көрсеткен шыдамдылық та оның өз тағдырын мойындау, өз жүгін нар тұлғамен көтере білу қабілетінің зор екеніне дәлел.
Нұрекең Ақ Жайыққа ат басын тіреген сайын өзі тағайындаған әкімге мол тапсырма жүктеп кететіні сөзсіз. Соңғы үш жыл ішінде облысқа Бақтықожа Ізмұхамбетов әкім болғалы атақты Қарашығанақ газының үстінде тоңып отырған талай елді мекен көгілдір отынға қол жеткізді. 500 шақырым газ құбыры тартылып, сонау сынақ аймағы болған Бөкей ордасы ауданы газ жағып отыр, бұл күнде ол ауылдар құм беткейге мыңғыртып малын бағып, әнін салып дегендей күн кешіп жатыр. Жақында Сырым, Қаратөбе аудандарына да газ құбыры жетті.
Газ бен мұнай даңқын асырған Ақ Жайық бойы соңғы жылдарда біраз жақсылықты бастан кешіп отыр. Үстіміздегі жылы 49 жоба бекітіліп, оған 271,5 млрд. теңге бөлініпті. Соның ішінде 9 жоба республикалық индустриялық-инновациялық жобаға еніп, 4-уі бірінші жартыжылдықта бітпек. Облыс өз тұрғындарын азық-түлікпен толық қамтып, болашақта артық өнімнен табыс табуды көздеп отыр, оны үнемдеуге өзінен шығатын арзан газ көмегін тигізетін болады.
Президент бұл жағалау жағдайын біліп, қадағалап отырғаны да ақиқат. Келген кезде ақ жарылып сөйлеп, аңқылдап күліп жүргенмен, талай қиындық барын сезеді. Ұлттар достығы, Ресеймен қатынас, кеден мәселесі де осы жақта көп көңіл бөлетін шаруа. Тіліне жетік, ежелден көрші елмен кеден қатынасын күрделендіруге болмайды ғой. Еуропа мен Ресей Қазақстанға көбіне Орал арқылы кіреді. Достық қатынас бізге сақталу үшін, сақтану үшін қажет. Баяғы Әбілқайырды да достық үшін қол қойды деп әлі күнге кінәлайтындар бар. Ол кезде де кең далада шашыраған ұлт ұрпағын аман сақтап қалу үшін басқа шара қалмаса қайтпек? Отырып алып ақыл айту – ең оңай шаруа. Жау жағадан, бөрі етектен талаған қазақтың тұқымын аман сақтап қалу үшін талай данышпан ұлдар от пен суға түспеп пе еді? Қазір де тыныштық пен достықтың тигізер пайдасы аз болмаса керек. Әттең, бұл кезде де жағаға жармасып, етектен тартушылар жоқ емес. “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос”, деген Абайдың пікірін әлі де ұқпағандар бізде жеткілікті екені рас.
Тыныш күн, тыныш ұйқы, сабырлы кеш. Көгілдір экран алдында отырып, әлемнің жаңалығы арасынан өз Қазақстаның жайлы мақтанышқа толы көрініске де көзің үйренгендей. Әлем басшылары арасынан маңдайы жарқырап, жымия күлімдеп, аяғын батыл басып келе жатқан, даусын биік алып, сабырлы да салмақты сөз бастайтын мінбелерден өз Президентіңді көресің, өз еліңнің барын сезесің. Кеудеңді кернеген еркіндік бақытының бағасын айтып жеткізуге де қиналасың. Ол – әр жүрек түкпірінде жатқан ғажайып сезім, асыл арман, ұлы мақсат.
Президент шетелде жүріп те осы халықтың ертеңін ойлайды. Осы елдің көркеюі үшін келіссөз жүргізеді. Оның жүрегінде Қазақстан мен қазақ тағдыры, соларға жауап беруге жаралған өз тағдыры тұрады. Еліне келіп сөйлеген сөзінде: “Қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлессін”, деді Президент. Оны тыңдап отырғандар аз, оның үстіне бизнес тілі, интернет тілі, техника мен экономика, медицина тілі әлі қазақша емес. Қазақша сөйлеу – әр отбасының борышы, намысы. Біздің қазақтар қазір балаларын шетел тасып, тіптен қазақша сөйлемегенге мақтанып та отыр, қызын шетелдікке күйеуге тиді деп қуанып жүргендер де жоқ емес. Өз қазағын “мәмбет” дейтін жастар да жетіп жатыр. Осының бәрі ұлттық дәстүрлі тәрбиенің бұзылуынан кеткен қателік. Шығыс тәрбиесі – ең мәдениетті тәрбие, оған дәлел – жапон халқының әйелдерінің мәдениеті мен отбасында беретін ата-баба дәстүріндегі сақталған өнеге. Біз оны жоғалтып алдық. Оған да Назарбаев кінәлі емес, қоғам, саясат, біз өмір сүрген кезең кінәлі.
Тәрбие саласына қаламгер мен өнерлілер, таланттар жегілмей қалды. Оларды ақшалы қоғам ысырып тастағаны да үлкен қателік болды. Ең үлкен насихатшы солар еді ғой, оларды жаутаңдатып қою, әрине, қателік. Әлі де қоғамдағы оқыстан байығандар өнерліге оқшырая қарайды, сыртқы киімге қарап бағалайтын да кез болады. Ал ондайды да біздің даналық ескерткен еді. Қожанасыр бір жиынға келсе, жандайшаптар оны билікші мен бай-манап отырған ортаға жібермейді ғой, содан Қожекең бір мықты танысының зерлі шапанын киіп келсе, бәрі төрлеңіз деп иіліп-бүгіліп қарсы алады. Сонда Қожекең табаққа жеңін малып: “Же, шапаным, же”, демей ме. Қазір де сондай жағдай жоқ емес, бар.
Осындай қоғамдағы алалықты түзету де Президент шаруасы емес, ол әр пенденің ішкі мәдениеті мен тәрбие деңгейіне байланысты. “Дүние өтерінде шыр айналды, бай болмақ, кедей болмақ Құдайдан-ды”, деген сал-серілер айтқан сөзді әжем қайталайтыны жадымда қалыпты. Бәрінің әділ-төрелігін сол кісі реттейтін көрінеді. Әжемнің айтуынша, байлығын берсе, қайтадан денсаулығын алады, қайырымсыз болса, ұрпағы қасірет шегеді, әйтеуір адамзат ғұмыры жатқан бір жұмбақ.
Бүгінгі егемен Қазақстан халқы тарих дөңгелегінің осы бір тұсында өмір сүріп отырмыз. Әлем таныды, көк ту биікте, көк төлқұжат бүкіл шет мемлекет есептесе қарайтын иелігімізге айналды. Әлемді шарлап қазақтың жастары кетті. Жер байлығы жағынан бәрі-бәрі қызығатын қасиетті мекен бар бізде. Енді соған ие болатын намысты ұрпақ керек. Сол жолда бейбіт күндердің қадіріне жетіп, Елбасының саясатына үн қосып, ертеңгі болашақты нұрландыру үшін еңбектену баршамыздың борышымыз деп білген жөн.
Егемендік алғалы әлемнің қай түкпіріне барсаң да жол ашық. Кеден қызметкерлері тіліңді ұқпаса да, түріңе қарап, төлқұжатты ашып жатып-ақ “Қазақстан – Назарбаев” дегенді қосып айтып, жылы қабақ танытады. Ендеше, әлем танып отырған Елбасымыз біздің бүгінгі мақтанышымыз болуға әбден лайық.
Тұңғыш Президентіміздің азаматтықтың қадірін, достықтың маңызын, сыйластықтың бәсін біліп, елін сүйіп, оның өнерін қастерлейтін қасиетін жоғары қоюымыз керек. Бұл – кез келгеннің бойында кездесе бермейтін сирек құбылыс, ерекше қасиет. Ол – ата-баба қанынан сіңген ұлттық ерекше мінезіміздің бірі. Бұл да кез келгеннің маңдайына жазылмайтын, бойына дарымайтын ерекшелік. Ендеше, ондай Президентпен мақтану – біз үшін үлкен жетістік. Сүйер ұлың болса, сүйе біл демей ме қазақ!
Ақ Жайық бойында “Аманғалидың әні” дейтін мынадай жолдар бар.
Жігітке қиын екен жұртқа жақпақ
Көңілін бай, кедейдің бірдей таппақ,
Қақ жарып қара қылды жүрсем-дағы
Кетеді біреу мақтап, біреу даттап.
Осы әнді сонау Қазан төңкерісінен бері неге ұмытпайды, ол несімен көкейлерде қалады десек, оның ішінде өмір шындығы бар. Ал шындық қашан да жоғалмайды. Біздің бүгінгі тарихи кезеңнің тізгінін ұстау Назарбаев маңдайына жазылғаны да тарихи шындық, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал тарих басқа шындықтарын да теңіз толқыны сияқты тербеп, екшеп жағаға шығарары сөзсіз. Әйтеуір көш басындағы өзінің Назарбаевымен Қазақ даласы жаңа бір дәуірге қадам басып бара жатыр, құтты қадамы болғай деп тілейік.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА.
ОРАЛ.