Үстіміздегі жылдың маусым айының аяғынан бастап Кеден одағы қызметі туралы халыққа жан-жақты толыққанды түсінік беретін ҚР ҚМ КБК call – орталығы жұмысын бастады. Бұл туралы кеше Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ө.Бейісбеков хабарлады.
Қазір Кеден одағы туралы алып-қашпа әңгімелер көп. Бірақ өмір шындығы аталған одақтың оған қатысатын елдерге берері мол екендігін күннен күнге айқындай түсуде. Ал қарапайым азаматтардың жаңа одақ туралы сұрақтарының болуы орынды. Міне, халықтың осындай көкейкесті сұрақтарына нақты жауап алу үшін жоғарыда аталған орталық қызмет көрсетуге кірісті. Кез келген адам Кеден одағы туралы өзін толғандырған сұрақтарын немесе Кеден одағы кодексінің ережелері бұзылғандығын байқаған жағдайда бұл туралы мәліметтерді осында жолдауына болады.
Кеден одағын қалыптастыру 2009 жылғы 9 маусымда Үкімет басшылары деңгейінде Мемлекетаралық кеңес белгілеген кезең мен мерзімге сәйкес жүргізілуде. Кеден одағы – бұл бірыңғай кедендік аумақты көздейтін тараптардың сауда-экономикалық ықпалдастығының нысаны болып табылады. Айта кету керек, оның аясында, яғни тауарлардың өзара саудасында кедендік баж және экономикалық шектеулер қолданылмайды. Сондықтан бұл орайда тараптар бірыңғай кедендік тарифті және үшінші елдермен сауданы реттеудің біртұтас шараларын қабылдайды. Кеден одағын қалыптастыру 2007 жылғы 6 қазанда “Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағын құру және қалыптастыру туралы шартқа” және 2009 жылғы 19 желтоқсанда “Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына” қол қойылудан бастау алған еді. Соның негізінде оның стратегиясы мен алдағы кезеңдері белгілі болды. Атап айтқанда, бастапқы алдын ала кезең – 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін болды, оны өттік. Содан кейінгі кезең, яғни бірінші кезең – 2010 жылғы 1 шілдеге дейін болатын, оны да артқа тастадық. Сөйтіп, міне, Кеден одағының 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін созылатын екінші кезеңіне де аяқ бастық.
Ал 1 шілдеден бастап жаңа Кеден кодексі қолданысқа енгізіліп, соған байланысты ішкі шекарада өзара саудада кедендік ресімдеу жойылды. Бірақ, кедендік бақылау Ресей және Қазақстан жағында да әзірге қалатындығын естен шығармаған жөн. Оның өзіндік тәртібі белгіленген. Кеден одағының екінші кезеңі аяқталғанда кедендік бақылау толығымен алынып, шекара қызметі қалады. Қазір сол 2011 жылдың 1шілдесіне дейін бекітілген жоспарға сәйкес кедендік және мемлекеттік бақылаудың басқа түрлерін сыртқы шекараға ауыстыру мәселелері қарастырылып жатыр. Санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау саласындағы, сондай-ақ техникалық реттеуде рұқсат беру құжаттарын өзара тану жүзеге асырылатын болады. Осылайша ЕурАзЭҚ аталған мемлекеттерінің Кеден одағы жұмыс істеуінің негізгі тетігі қолданысқа енгізіледі. Сөйтіп, 2011 жылғы 1 шілдеде Бірыңғай кеден аумағын қалыптастыруды аяқтау жоспарланып отыр.
Александр ТАСБОЛАТОВ.