• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2010

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ОРНЫҚТЫРУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ

605 рет
көрсетілді

2 шілде – Дипломатиялық қызмет күні Бүгін Сыртқы істер министр­лігінің қызметкерлері кәсіби ме­рекелері – Қазақстан Республи­касының Дип­ломатиялық қызмет күнін атап өтеді. Қазақ­стан­дық дипломаттар төл мерекелерін қызу жұмыс үстінде қарсы алуда. Айта­лық, кеше ғана Астанада жұ­мысын аяқтаған “Төзімділік және нәсілдік кем­сі­тушілікке төзбеу” атты жоға­ры деңгейдегі халық­аралық конфе­ренция Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығының жарты- жылдық жұмысын қорытын­ды­лағандай болды. Осы орайда біз Қазақстан дип­ло­матиясының бүгіні мен бола­шағы жайында Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен әңгімелескен едік. – Қанат Бекмырзаұлы, Қазақ­стан­ның қазіргі әлемдегі халық­аралық беделі мен рөлі туралы не айтар едіңіз? Осы орайдағы Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақстанның тәуелсіздігін орнық­тырудағы еңбегін қалай бағалауға болады? – Ел мен ел, мемлекет пен мем­лекет арасындағы көршілік, сая­си, экономикалық, халық­ара­лық, дипломатиялық қарым-қа­ты­настар қазіргі таңда аса маңызды. Өйткені, қазіргі жаһандану жағдай­ын­да қандай мемлекет болса да бөлек, оқшау өмір сүре алмайды. Саны екі жүзден асатын мем­лекеттер арасындағы жаһандық бәсекелестікте өз елінің мүддесін табанды әрі дәйекті түрде талап етумен қатар, оларды өркениетті қоғамдастықтың мүдделерімен ұтымды үйлестіре алатын, қазіргі халықаралық қатынастар ағымы мен болашағын дұрыс түсінетін саясаткер ғана әлемдік биіктіктен көріне алады. Қазақстанның бағына біткен осындай саясаткер – Пре­зиден­тіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Егемен Қазақстанның іргетасын қалап, саяси басшылығына келген сәтінен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы еліміз үшін нарықтық экономика және демократиялық қоғам құру жолын дұрыс таңдап, өркениетті қауымдастыққа қосылудың өршіл мақсатын қойды. Ішкі тұрақтылықты, ұлтаралық және қоғамдық татулықты сақтай отырып, халықтың болашаққа де­ген үміті мен ұмтылысын жан­дан­дыруы ұлттық жаңғыруымызға қа­жетті алғышарттар жасады. Қоғам­ның әр саласында жасаған батыл да жемісті реформалары Қазақстанды өңірдің ең дамыған мемлекеті, дүниежүзілік қауымдастықтың беделді мүшесі деңгейіне жеткізді. Президент Н.Назарбаев негізін қалаған сыртқы саясат теңгер­ме­лі­лік пен прагматизм қағидатта­ры­на сүйеніп, іргелес елдермен тарихи қа­­лыптасқан тату көршілестік пен достықты одан сайын бекітті, ішкі реформаларға қажетті қолайлы сырт­қы жағдайларды қамтамасыз етті. Әрі заманымыздың ең ықпалды  алыс-жақын мемлекеттерімен те­резе теңестіре отырып, өзара ти­ім­ді қатынастар құруға мүмкіндікке қол жеткізді. Осы орайда 1992-2005 жылғы қысқа мерзім ішінде Елбасының жетекшілігімен еліміздің қазіргі заманғы құрлықтық шекарасының айқындалып, белгіленуін ерекше атап өтер едім. Осылайша қазақ ұлтының тарихында тұңғыш рет ұлан-байтақ жеріміз халықаралық құжаттармен заңдастырылып, бұл шара Қазақстан мемлекетінің өміршеңдігі мен мызғымастығының шынайы кепілі болды. Н.Назарбаевтың тікелей басшы­лығымен жүргізіліп келе жатқан сырт­қы саяси стратегияның ел­ара­лық қатынастарда Қазақстанның ұлттық мүдделерін барынша қор­ғаудағы тиімділігін еліміздің қазіргі халықаралық аренадағы алып отырған жетекші рөлі мен жоғары беделінен көруге болады. Біздің сыртқы саясатымыздың стратегиялық бағыттары тұрақты сипатын сақтап, уақыт талабына үн­десіп отыратын мүдделерімізге сәй­кес келіп, сырт дүниемен қа­рым-қатынастарымыздың маз­мұнымен толықтырылып, мақсаты айқындала түсті. Кеше өзіміз бір шаңырақтың ас­тында болған ТМД мемлекет­те­рін алайық. Олармен өзара қаты­нас­тарды дамыту, оның ішінде көп жақты интеграциялық ықпалдастық – Қазақстанның сыртқы сая­са­ты­ның маңызды бағыты. Еліміздің не­гізгі күш-жігері тиімді сауда-эко­номикалық ынтымақтастықты да­мы­туға, энергетика саласындағы бай­ланыстарды нығайтуға, транзит­тік-көліктік әлеуетті және Орталық Азия елдерінің су ресурстарын ти­імді әрі үйлесімді пайдалануға бағытталған. Ресей Федерациясымен страте­гия­лық қатынастарымыз ерекше маңызға ие. Бұл елмен берік әріп­тестік рухын сақтауды тағдырдың өзі бізге аманат еткендей. Қазақстан-Ресей байланыстары кең ауқымды, көп салалы және терең мазмұнымен ерекшеленеді. Интеграциялық бастамалардың ойдағыдай ілгерілеуі, сондай-ақ экономикада іскер байланыстардың жоғары қарқынмен жандана түсуі тауар айналымын 20 млрд. АҚШ долларына жеткізді. Қос мемлекет басшыларының өткен жылы ғана он бір рет кез­дескені стратегиялық маңызы бар қатынастарға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын айғақтайды. Бүгінде біз Кеден одағын құ­ру­дамыз. Бұл орасан зор жоба Қа­зақстан үшін талай экономикалық табыстар әкелмек. Қазақстан Азия мемлекетте­рі­мен қатынастарды да ойдағыдай да­мытуда. Қытаймен қарым-қаты­насымыз тиімді және терезесі тең ынтымақтастық жағдайында. Қа­зақ­стан мен Қытай жаңа қауіптер мен қатерлерге қарсы тұру проб­лемаларын, сондай-ақ транс-шек­аралық сипаттағы басқа мәсе­ле­лерді бір-бірінің мүдделерін ескере отырып, бірлесіп шешіп келеді. Қытай үшін Қазақстан Орталық Азиядағы басты сауда әріптесі бо­лып табылады. Қазіргі кезде жүк тасқынының ұлғаюы ескеріліп, Қорғас-Жетіген темір жол тарма­ғының құрылысы жүргізілуде. Мәдени-гуманитарлық және білім беру саласында да ынтымақ­тастық жоғары деңгейде. Жақында, 11-12 маусым күндері Қытай Халық Республикасының Төр­ағасы Ху Цзиньтаоның Қазақ­стан­ға жұмыс сапары болды. Бұл сапар барысында екіжақты эконо­микалық қарым-қатынастың тек саудамен шектелмей, сонымен қа­тар өндіріс және инфрақұрылым са­лаларындағы нақты жобаларды іс­ке асыру дәрежесіне жеткені атап өтіл­ді. Астана мен Бейжің ара­сын­дағы стратегиялық ынтымақтастық­тың екі жаққа да тиімді негізде дамып келе жатқаны айтылды. Қазақстан мен Қытай дүниежү­зілік аренада әртүрлі халықаралық және аймақтық құрылымдарда, әсіресе Шанхай ынтымақтастық ұйымында белсенді түрде бірлесіп әрекет жасауда. Жақында Ташкентте өткен сам­миттен кейін Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымына төрағалық ету міндеті Қазақстанға өтті. Келесі жылы маусымда Астанада өтетін саммит Ұйымның 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сондықтан да қалған бір жыл ішінде қазақ­стан­дық төрағалық Ұйым тари­хында ерекше жемісті кезең ретінде қалу үшін көп жұмыстар атқармақ. Еуропалық Одақ бүгінде Қазақстанның негізгі әріптестерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары Қазақ­стан Еуроодақтың сенімді және жауапты энергетикалық әріптесі ретінде орнықты. Өткен жылы Қа­зақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 24,7 миллиард долларды құрады. Еуроодақ, міне, 5 жылдан бері Қазақстанның негізгі сауда әріптесі болып келеді. 2009-2011 жылдарға арналған “Еу­ропаға жол” мемлекеттік бағ­дар­ламасы ең алдымен, Қазақстан-2020 стратегиялық жоспарының әлеуметтік-экономикалық дамуын іске асыруды көздейді. Қазақстан сонымен бірге бір­қатар еуропалық мемлекеттермен, атап айтқанда, Франция, Испания және Италиямен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет. Америка Құрама Штаттарымен де қарым-қатынастарымыз қар­қынды дамып келеді. Сәуір айында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Вашингтонда Жаһандық қауіпсіздік саммитіне қатысты. АҚШ Президенті Барак Обамамен болған екіжақты кездесуде Ақ үйдің басшысы Қазақстан Президентінің ядролық қарусыздану саласындағы теңдессіз үлесін атап қана қоймай, еліміздің Орталық Азиядағы же­текші мемлекет, ал Еуропадағы беделді ұйымға төрағалығымызды тарихи маңызы бар құбылыс ретінде қарайтындарын айтты. Сондықтан, әлемнің ең ауқат­ты, жан-жақты дамыған, әрі қуатты мемлекеттерімен қарым-қатына­сымыз ойдағыдай деңгейде дамып келеді деуге толық негіз бар. Мұсылман әлемімен қарым-қатынастарға келетін болсақ, еліміз Ислам Конференциясы Ұйымы шеңберінде дініміз ортақ елдермен ықпалдастықты жан-жақты нығай­туды жақтайды. Осы жылғы 18 мамырда Душанбеде Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысына қол қойып, оның толыққанды мүшесі болды. Келер жылы осы Ұйымға тө­рағалық етеміз. Бұл – ел өміріндегі маңызды саяси оқиға және мұсыл­мандар дүниесіндегі елдің саяси беделінің айқын айғағы. Түркі тілдес ағайындарымызбен қарым-қатынастарымыз лайықты деңгейде дамуда. Былтыр Бакуде Түркі тілдес мемлекеттердің Пар­ла­менттік Ассамблеясының баста­масын салдық. Қауымдастығымыздың ең ірі екі мемлекеті ретінде Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының ма­ңызы бөлек десек, артық айтпаға­ны­мыз. Экономикалық және мә­дени байланыстарымыз жыл өткен сайын нығаюда. Саяси тұрғыдан қарасақ, бір жыл­дың ішінде екі елдің прези­денттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл ресми сапармен Анкараға және Астанаға барып келген болатын. Екі ел арасында стратегиялық әріптестік жөнінде келісім-шартқа қол қойылған. Елбасымыздың бастамасын Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен сонау 1992 жылы жария еткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңеске төрағалықты түрік ағайындарымыз қабылдағаны біз үшін қуанышты жәйт. Ыстамбұлда 8 маусымда өткен Кеңестің саммитінен бастап, толыққанды мүшелер құрамы 20 мемлекетке дейін ұлғайған бұл бірлестік өзінің дамуында жаңа кезеңге қадам басты. Осының бәрі жайдан-жай, оңайдан-оңай бола салған жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бұл орайдағы қолтаң­басы ерекше ерен әрі тарихи маңыз­ды. Жаңа тұрпатты мемлекет орнықтырудағы Елбасымыздың көреген де кемел саясатын енді әлем мойындап, лайықты бағасын беріп отыр. Қазақстан басшысының әлем­дік саясаттағы рөлі, ең алдымен, Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешімдерін қабылдауы сияқты дана істерімен, дара қадамдарымен ерекшеленеді. Кеңес Одағының бейбіт түрде ыдырауын қамтамасыз етуі, жа­һандық қауіпсіздік пен тұрақ­тылыққа, өркениеттер арасындағы үнқатысуға қосқан үлесі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары кеңесін құру, ғаламдық қар­жы жүйесін реформалау және аймақтық интеграцияны дамыту сияқты халықаралық бастамалар­дың бәрі де Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президентінің парасатты қайраткер, кемел сая­сат­кер ретінде әлемдік саясат төрінен орын алуына себеп болды. 2007 жылы Мадридте өткен 56 мемлекет қатысқан Сыртқы істер министрлерінің басқосуында Қа­­зақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығын беру туралы бірауыз­ды шешім біздің Президентіміздің тарихи еңбегін әділ де орынды бағалау деп білеміз. Тарихты тұлғалар жасайды де­ген осы. Және қандай тұлға! Кеңес одағынан “мұра болып қалған” қираған қоғам мен жоғы таусылмас жолды жаңа арнаға салған, жоқты барға, барды бақытқа айналдырған Елбасымыздың ерекше еңбегін біз әрқашан мақтанышпен айтамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біз­дің жаңа тарихымыздың ізашары, авторы әрі басты кейіпкері. Бір мезгілде ұлы оқиғалардың әрі авторы әрі кейіпкері болу бақыты кез келген адамның маңдайына жазыла бермейді. Тәуелсіздіктің 19 жылында Қа­зақстан қол жеткізген ұлы жетіс­тіктер мен жарқын жаңалықтардың бәрінде Елбасымыздың ерен қол­таңбасы бар. Ол қолтаңба халық­тық махаббат пен елдік ықыласқа бөленген. Біз Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баевты сол үшін құрметтейміз! – Қазақстан осы жылы Мем­лекет басшысы “жалпыұлттық стра­тегиялық жоба” атандырған ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауда. Қа­зақ­станның осы реттегі тарихи рөлі қандай және Ұйымның өзі үшін де нендей жетістіктерге қол жеткізбек? – Дұрыс айтасыз, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етуімізді Мем­лекет басшысы ұлттық жоба ретінде сипаттаған болатын. Қазақстан бұл Ұйымға жайдан-жай ие болған жоқ. Бұл көпұлтты Қазақстан халқының береке-бір­лігін, өзара достығы мен ынты­ма­ғын, саяси тұрақтылығын қамта­масыз еткен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лығы нәтижесінде жүзеге асты. Халықаралық ұйым Қазақ­станның осы қасиеттеріне басым бағыт берді. Бейбітшіл, досшыл, бауырмал мемлекеттік саясаттың жемісі бұл. Әлемдегі ядролық қару-жарақ жөнінен төртінші орын алатын мемлекеттің өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан бейбітшіл саясатының жемісі. Та­рихы мен мәдениеті әлемдік өрке­ниетке олжа салған елдің рухани-мәдени жеңісі. Өз тарихында талай зұлмат пен қасіретті көрген елдің әділетті жеңісі. Ішкі саясаттың сын­дарлылығын, сыртқы саясат­тағы көпжақты бағытты тең ұстаған саңлақ саясаткер Нұрсұлтан Әбіш­ұлының жеңісі! Досты бауыр еткен, алысты жақын еткен, көршіні тату еткен Мемлекет басшысының кемел саясатының жеңісі! Мемлекеттіліктің тұғырларын бекітіп, “Қазақстан-2030” тұжы­рым­дамасын және “экономикалық өр­леу арқылы демократиялан­д­ы­ру” қағидатының негізінде рефор­ма­ларды тиімді атқарып, нағыз жа­һандық мәні бар бастамаларды ұс­ын­ған Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­баевтың дана әрі сындарлы сая­сатының арқасында осы Ұйым­ның тарихында тұңғыш рет азия­лық, мұсылмандық, түркі және бұрынғы кеңестік елдердің ішінде біз бірінші болып төрағалық ету сеніміне ие болдық. Біз мұны мақтан етуге тиіспіз. Үстіміздегі жылғы бағдарла­ма­лық Жолдауында Мемлекет бас­шы­сы еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғының негізгі қағидалары мен ба­сымдықтарын мазмұндап берді. Ұйымның “саяси менеджері” ретінде Елбасы мәлім еткендей: “Сенім. Дәстүр. Транспаренттік. Төзімділік” төрағалықтың негізгі ұстанатын бағдары болды. Ұйым қызметінің үш өлшемінің шеңбе­рін­де, яғни әскери-саяси, эконо­ми­калық-экологиялық, гуманитарлық мәселелер бойынша қазір жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ұйымның әскери-саяси жұмы­сы­ның шеңберінде Еуропаның бо­лашақ қауіпсіздігіне қатысты “Кор­фу үдерісін” алға апаруға мүдде­ліміз. Мұны өзінің Ұйымға төра­ғалық ету кезінде Грекия бастаған болатын. 16-17 шілде күндері Алматыда ЕҚЫҰ-ның сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі болады. Сонда бұл мәселе мұқият қаралады. Қазірдің өзінде Астанада күзде өтетін Ұйым Саммитінде қаралатын нақты істердің жобалары дайын. Бұрынғы Кеңес Одағы кеңісті­гін­дегі Таулы Қарабақ, Приднес­тровье, Оңтүстік Осетия мен Аб­ха­зиядағы “созылмалы” жан­жал­­дарды реттеу мақсатында келіс­сөздер биыл отандық дипломат­тардың қатысуымен жалғасуда. Мұнда Қазақстан дауласушы та­раптардың үнқатысуына жәрдем­десуді, күш қолданбау арқылы ортақ келісімді іздестіруді көздейді. Қауіпсіздік тақырыбын айтқан­да, жаңа еуразиялық өлшемге ие болып отырған Еуроатлантикалық қауіпсіздік жүйесінің табиғатына назар аударған жөн. 17 мамырда бол­ған Кабулға сапарымыздың ба­рысында ЕҚЫҰ-ның мүмкіндік­терін қолдана отырып, Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы шекараны нығайту, құқық қорғау органдарының әле­уе­тін күшейту және есірткі трафи­гімен күрес саласындағы әріптес­тік­ті дамыту бойынша бастама­ларды реттеуге қол жеткіздік. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің 43-і Ауғанстанды тұрақтандыруға және қайта құруға қатысуда. Бұл мәселені шешуге Ұйымның барлық мүшелері мүдделілік танытуда. Ау­ғанстанға қатысты проблемаларды реттеуде гуманитарлық бастама­ларға және экономикалық дамуды ынталандыруға баса назар аударып отырмыз. Ұйым шеңберінде бұрын қа­был­данған барлық міндеттемелерді басшылыққа ала отырып, қазақ­стан­дық төрағалық еуроатланти­калық және еуроазиялық қауіпсіз­діктің болашағы жайлы, әскери сенім шаралары туралы, Орталық Азияда, атап айтқанда Қырғызстан мен Ауғанстанда, қалыптасқан жағдаймен тікелей айналысамыз. Өзіміз басшылық етіп жатқан Ұйымның еуразиялық сипаты ая­сында Орталық Азиядағы тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті нығайту, экологиялық мәселелерді шешу, әсіресе, Аралды қалпына келтіру, транспорттық әрекеттестікті дамыту бойынша Ұйым қызметіне қосым­ша міндеттер енгізуге құштармыз. Біз Ұйым қызметінде барлық үш өлшем арасында тепе-теңдік сақтауды жөн санаймыз. Атап айтқанда, әлемдік экономикадағы дағдарыс кезінде ЕҚЫҰ-ның екінші, яғни экономикалық-экологиялық өлшемі бойынша жұмысқа баса назар аударуы заңдылық болып табылады. Кезінде Германияның бұрынғы астанасы Боннда өткен ЕҚЫҰ-ның үлкен жиналысында екінші порт­фельдегі негізгі құжаттардың бірі – экономикалық ынтымақ­тастық бойынша арнайы құжатқа қол қойылды. Біз ЕҚЫҰ Саммитінде Бонн құжатының ұстанымдарын жалғастыра алатын, қазіргі кездегі дағдарыстан кейінгі жағдайды ай­қын көрсететін ұзақ мерзімді перспективаға өзіндік жол картасы болатын жаңа құжатты дайындауды ұсынамыз. Тағы бір айта кетер жағдай. Бү­гінде Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық келісімді сақтау­дағы бірегей тәжірибесі насихаттық емес, шын мәнінде қолданбалы си­патқа ие болды. Оны Қырғыз­стан­ның оңтүстігінде орын алған қай­ғылы оқиғалардан-ақ айқын көруге болады. Біз бұл жағдайды Ұйымға төрағалық ету шеңберінде барынша ескерудеміз. ХХІ ғасырдың проблемалық та­лаптарына қарай Елбасының үсті­міздегі жылы Ұйымның Саммитін өткізу туралы бастамасының мәні ерекше. Мұндай деңгейдегі басқосу соңғы рет Ыстамбұлда өтті. Содан міне, араға 11 жыл салып Қазақ­станда өткелі отыр. Осы уақыт арасында әлем біраз өзгерді, барлық мемлекеттер күр­делі қатерлерді бастан өткерді. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің жауап­кер­шілігіндегі “Ванкуверден Владивос­токқа дейінгі” аймақтағы геосаяси қатынастарды “жаңартуды” бастау қажеттігі туындап отыр. Міне, сондықтан да, Саммит өт­кізу туралы ұсыныс көптеген мем­лекеттер тарапынан қолдау табуда. Қазақстан тарихи төрағалық миссиясын абыроймен атқарып шы­­ғады деген сенім зор. Өйткені, бұл істе басты жұмыстарды үйлес­ті­руші, басқарушы, жетекші әрі бас­таушы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі. Сондықтан бұл мін­детті Қазақ­стан жоғары деңгей­де атқарып, өз тарихының жаңа бір жар­қын бетін келешекке қал­дырады. – Сіздіңше Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қандай ерекше қасиеттері айқы­нырақ көрінеді? – Мен ұзақ жылдардан бері Нұр­сұлтан Әбішұлының жанында әр жылдарда әртүрлі деңгейдегі қыз­меттер атқарып келемін. Елі­міздің тарихындағы небір тамаша да сал­танатты, күрделі де кезеңдік сәт­терді бастан кештім. Осының бәріне араласып, Елбасының сені­міне сай халқыма, еліме қолдан кел­генше қызмет жасап келе жат­қанымды өзімнің бақытым деп білемін. Нұрсұлтан Әбішұлынан көп нәрсе үйрендім, әлі де үйрене тү­семін деп сенемін. Ол кісінің адами абзал қасиеттері көп. Мүмкін­ді­гінше тұжырымдап айтып көрейін. Біріншіден, Президентті басқа­лардан ерекшелендіретін сипаты – оның жасампаздығы. Елбасымыз­дың бұл қасиетінің ең жарқын үл­гісі – бүгінде күллі әлемді таң қал­дырып отырған салтанаты сәулетті, рухани дәулетті асқақ қала Аста­намыз. Екіншіден, әрқашан оқуға деген құштарлық, жаңалық ізденісі, ескінің өзінен жаңаны іздеу, жа­ңаның жасампаздығын табу. Үшіншіден, өз халқын шексіз қа­­­дірлеушілік, оның бақыты мен бо­­лашағы үшін жанпидалыққа ба­ра­тын елшілдік, мемлекетшілдік. Әрі ел мүддесі сынға түскенде қатал қағидатшылдық, халқының мақса­ты мен көкейкесті мұратын баға­лаушылық. Төртіншіден, қай істе болмасын үнемі көрініп отыратын көрегендігі мен стратегиялық талдау қабілеті. Бесіншіден, қазіргі өмірде сирек кездесетін – парасаттылық пен адамгершілік. Бұл қасиеттердің әрқайсысын бөлек, талдап айтуға да болады. Қысқасы, Нұрсұлтан Назарбаев бүгін еліміздің Президенті ғана емес, ұлтымызға үлгі, ұрпағымызға мақтаныш Тұлға! Осындай Тұлғаға деген шынайы сый-құрмет белгісі ретінде халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлын “Елбасы” деп атап кетті. Халық ықыласы мен махаббатынан артық не бар десеңізші! Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын, Елбасы! Әңгімелескен Самат МҰСА.