“Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” (ҚПО) компаниясы Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылатын екі бірдей инновациялық жобаның тұсауын кесті. Бұл “Қарашығанақ-Орал” газ құбыры мен облыс орталығының жанында таяуда салынған 54-мегаваттық газтурбиналы электр стансасынан тартылған электр және жылу желілері құрылысының жобасы.
“Қарашығанақ-Орал” газ құбырының құрылысы туралы уағдаластық Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің және Қарашығанақ жобасы бойынша әріптес – “Би Джи Групп”, “Эни”, “Шеврон” және “ЛУКОЙЛ” компаниялары арасында қол жеткізілді. Аталған жобаны жүзеге асыру туралы ресми Меморандумға кейіннен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қол қойылды.
Оралдан Новопавловка кентіне дейін өтетін және Федоров ауданының елді мекендерін газбен жабдықтайтын газ құбырының бастапқы учаскесінің құрылысы 2009 жылғы желтоқсанда аяқталған болатын. Бұл газ құбырының учаскесі сондай-ақ, Ақсайға, Бөрліге және Тұңғышқа тартылған тармақтарды құрамына кіргізеді. 2009 жылғы қазанда ҚПО компаниясы Жымпиты кентіне 116 шақырымдық 10-дюймді газ құбырының қосымша бөлгіші құрылысын бастады. Ол жұмыстардың бастапқы жоспарланған көлеміне қарай қосылды. “Қарашығанақ-Орал” газ құбыры құрылысы жобасының бағдарланған жалпы құны 300 миллион АҚШ долларына жуық соманы құрайды. ҚПО-ның тапсырысы бойынша газ құбырының құрылысын қазақстандық “Казстройсервис” мердігер компаниясы жүргізуде.
Жымпиты кентінде 28 маусымда болған ресми рәсімде ҚПО-ның бас директоры Джузеппе Пази сөйлеген сөзінде былай деп мәлімдеді: ““Қарашығанақ-Орал” газ құбыры таяу болашақта Батыс Қазақстан облысындағы бес ауданның жүз мыңнан астам тұрғынына экологиялық отынды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ететінін хабарлауға қуаныштымын. Оның құрылысы аяқталу сатысында тұр. Бұл жетістік экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік маңызға ие. Өйткені, маңызды құрылыс Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ жобасы бойынша әріптес-компаниялардың бірлескен ынтымақтастығының нәтижесі болып табылады. Ол Батыс Қазақстан облысының одан әрі дамуына елеулі ықпал етеді. Ауқымды әлеуметтік жоба табиғи газдың ішкі нарығын дамытуға және Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына ең қажетті қуатты жеткізуді қамтамасыз ете отырып, өнеркәсіптік өсуге одан әрі ықпал жасайды”.
“Қарашығанақ-Орал” газ құбырының құрылысы толық аяқталуы Қарашығанақ кен орны мен Орал қаласының аралығындағы аумақтағы, Жайық өзенінің сол жағалауына орналасқан елді мекендер халқының үйлеріне табиғи газды жеткізуді қамтамасыз етеді. Табиғи газды тұрақты жеткізуге қосымша ретінде, аталған жобаны жүзеге асыру жұмыс орындарын құруға, жергілікті әлеуетті дамытуға, технологияларды беруге және жергілікті инфрақұрылымды тиісті дамытуға қол жеткізеді.
ҚПО ұсынған жобаның бірі, Оралдағы 54-мегаваттық газ турбиналы электр стансасының жанында таяуда салынып, одан бастау алатын электр желісінің құрылысы. Аталған жоба шеңберінде ҚПО қосалқы стансаны және 110/10kV электр беру желісін салады, сондай-ақ 110/35/10kV қолданыстағы екі қосалқы стансаны қайта жаңғыртуды жүзеге асырады. ҚПО-ның тапсырысы бойынша бұл жобаны Оралдағы “Элмо” компаниясы іске асырады.
Бұдан басқа, таяу болашақта ҚПО аталған газ турбиналы электр стансасынан жылу желісін тартады. Жоба шеңберінде сонымен бірге, облыс орталығындағы қолданыстағы жылу желілерінің бірнеше учаскелерін қайта жаңғыртуды жүргізбек.
Электр және жылу желілерінің құрылысы ҚПО-ның әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. ҚПО-ның бұл жобаларға құйған инвестицияларының жалпы көлемі 23 миллион АҚШ долларынан асып жығылады.
“Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” (ҚПО) “Би Джи Групп” (қатысудың 32,5%), “Эни” (32,5%), “Шеврон” (20%) және “ЛУКОЙЛ” (15%) бірлескен кәсіпорындары болып табылады. ҚПО әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсатты кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игеруге және дамытуға басшылық жасайды. Мұнайдың, газдың және конденсаттың бастапқы теңгерімдік қоры 9 миллиард баррель конденсатты және газдың (HІІP) 48 триллион текше футын, жалпы қордың есептік жағдайында 2,4 миллиардтан астам баррель конденсатты және газдың 16 триллион текше футын құрайды.
Қарашығанақта қазіргі кезде өндірудің рекордтық деңгейіне қол жеткізілді. Кен орны Қазақстандағы ең ірі газ өндіру кәсіпорны екендігі баршаға аян. Өндіру көрсеткіштері республикада өндірілген барлық газдың 44% жуығын және сұйық көмірсутегінің жалпы өндірісінің 14,5%-ға жуығын құрайды. 2009 жылы Қарашығанақта шамамен 139,4 миллион баррель мұнай эквиваленті өндірілді.
Марат АҚҚҰЛ, “Егемен Қазақстан”.