Жамбыл облысындағы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандардың 10 пайызы білім саласына қатысты болып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа салыну жағынан білім беру мен денсаулық сақтау салалары топ басында тұр. Бұл екеуі де ел дамуының аса маңызды салалары болып табылады. Себебі, дені сау, білімді ұрпақ – ел болашағы. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшылары жақында денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесу өткізді. Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы 147 сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша іс қозғалған. Тәртіптік құқық бұзушылықтар көрсеткіші де 196 дерекпен 2013 жылдың деңгейінде қалып отыр. Оның ішінде, білім саласы бойынша 2013 жылы – 30, ал, 2014 жылы 46 құқық бұзушылық орын алған. Яғни, жалпы орын алған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жылдық көрсеткішінің 23 пайызы мектептер мен балабақшалардың еншісінде. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандардың 10 пайызы білім саласына тиесілі.
«Бұл бір жағынан көңілге жағымсыз болса, екінші жағынан бұдан «ұстаздардың беделі неге төмендеді?» деген сұраққа жауап табылады. Жасөспірімдердің тәрбиесінде отбасылық тәрбиенің орны ерекше. Өкінішке орай, адамзаттың сана-сезімі таза және адал еңбектен гөрі, оңай жолмен нәпақа табудың жолына ауып бара жатқандай. Отбасы тәрбиесінің өзінде білім алуға, жұмысқа орналасуға қатысты әңгімелер жемқорлық көріністерінің аясында өрбитіні жасырын емес. Сондықтан, Тараз қаласы мен аудандардағы білім беру мекемелеріндегі ата-аналар комитеттерінің жұмысы да назарға алынатын болады. Әр үйде кемінде бір оқушы бар. Отбасы тәрбиесінде олардың бойында жемқорлықты қабылдамау қасиетін қалыптастыру қажет. Сонда ғана қоғам сауатты, ал ұстаздардың мерейі үстем болары анық» дейді бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев.
Денсаулық сақтау мекемелеріне келер болсақ, ақ халатты абзал жандардың әрбір заңсыз әрекеттері адам саулығына кері әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Сырқат адамға ақша емес, денсаулық қымбат. Осы орайда, барлық денсаулық сақтау мекемелері тарапынан халықты олардың құқықтары туралы ақпараттандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс. Былайша айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір азаматтың азаматтық борышы.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.