• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

Аймақта айтарлықтай алға басу бар

329 рет
көрсетілді

Біраз жылдан бері жұрттың ау­зында жүрген мәселе бар еді. «Қы­зылордада шыны зауыты салына ма, салынбай ма?» деген. Міне, осы мәселе түбегейлі шешімін тапты. Қызылорда облысында жалпы құны 52 миллиард теңгені құрайтын алып құрылыс басталады! Биыл. Осының өзінде қаладағы индустриялық аймақтан қажетті орын бөлініп, бюджет есебінен инженерлік инфрақұрылымдар тартылған. Техни­калық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары толық дайындалған. Мемлекеттік сараптама жасалып, қажетті келісімдерге қол қойылған. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есептік кездесуінде мәлім етті. Солайша, талай уақыттан бері көпшілікті күпті еткен мәселенің нүктесі қойылды. Әр жылдың басында Қызылорда облысы әкімінің іс-қимыл жоспары жасалады. Он екі айдың ішінде атқарылуы тиіс жұмыстың барлығы сол жоспарға еніп, рет-ретімен атқарылады. Атқарушы биліктің нақты қадамдарынан хабардар болып отыру үшін аталған құжат жергілікті баспасөзде жарияланады. Мәселен, былтырғы іс-қимыл жоспарына 195 шара енген екен. Жыл ішінде оның 80 пайызы толық орындалған. Құрамажем шығаратын зауытты іске қосып үлгермедік. Себебі, зауытқа қажетті құрал-жабдықтар кешігіп жетті. Бірақ, бұл кәсіпорын келесі айда қосылады. Бүгіннің өзінде зауыт 95 пайыз жұмысқа дайын. Өкінішке орай, Талсуаттағы психоневрологиялық науқастарға арналған интернат үйінің құрылысы әлі бітпеді. Бұл жағдай алдыңғы жауапсыз мердігермен болған сот тартысының созылуымен байланыс­ты. Сот аяқталғаннан кейін құрылыс жалғасады, деді Қырымбек Елеуұлы. 2014 жылдың қорытындысына арналған есепті кездесудің әлқиссасы осылай басталды. Жалпы, аймақта бұған дейін 34 «сақалды құрылыс» болған. Жаңа айтылған психоневрологиялық науқастарға арналған интернат үйі соның соңғысы еді. Бұйыртса, бұл нысанның жұмысы да толықтай аяқталады. Сонда аймақта басталып, кейіннен бітпей қалған, құрылыс жұмыстары жылдан-жылға созылып келе жатқан нысан болмайды. Өткен жылы облыс бюджетін қосымша қаржы көздерімен көбей­туге қол жеткен. Аталған қаржы әлеу­меттік мұқтаждықтарға жұмсалған. Нәти­же­сінде, Қызылорда облысы адам басына шаққандағы шығыс көлемі бойынша Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысын ғана алдына салып, 4-орынға көтерілген. Ал әлеуметтік шығындардың үлесі бойынша бірінші орынға шыққан. Өңір бюджеттік шығындардың 60 пайызға жуығын әлеуметтік салаға бөледі. Мәселен, білім беруді қаржыландыру 2014 жылы 2012 жылмен салыстырғанда 1,8 миллиард теңгеге, денсаулық сақтау саласы 1 миллиард теңгеге артқан. Сондай-ақ, әлеуметтік қорғау саласына бөлінетін қаржы 2,8 есеге, мәдениет пен спортқа 40 пайыздан артық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы 2,3 есеге көбейген. Мұның барлығы ағымдағы шығындар емес. Құрылыс жұмыстарына, күрделі жөндеуге, жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалған, дамуға бөлінген шығындар. Осы арада мына мәселені айта кеткен абзал. Соңғы үш жыл ішінде денсаулық сақтау саласының қажетіне облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы 2 есеге көбейген. Денсаулық сақтау саласының осы аралықтағы жалпы бюджеті 94,1 миллиард теңгені құрады. Аталған сала бойынша жан басына шаққандағы шығын көлемі бойынша Қызылорда Астанадан кейінгі екінші орында тұр. Осыдан-ақ аймақта халықтың денсаулығын арттыруға байланысты жасалып жатқан жұмыстың ауқымын аңғаруға болады. Ал білім саласына бөлінетін қаржы облыстық бюджеттің 32 пайызын құрап отыр. Біле-білген адамға бұл үлкен қолдау. Өткен жылы облыс бойынша 93 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның 53-і аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, облыста соңғы екі жыл көлемінде 21 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 18 мыңында адамдар тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Былтыр «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының құрылысы аяқталды. Осыған орай облыс елді мекендеріне газ тарту мүмкіндігі туды. Аталған жобаны облыс орталығына жақын орналасқан жекелеген ауылдардан бастап, кезең-кезеңмен жасау ыңғайлы болғанымен, біз ол жолмен жүрмедік. Бұл жұмыс бір мезетте аймақтың солтүстігі мен оңтүстігінен қатар басталып, облыстағы барлық ірі елді мекендерді бірдей қамтуы керек деп шештік. Аталған жұмысқа облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес 23 миллиард теңге инвестиция тартылып жатыр. Бұл қаражат Арал, Әйтеке би, Байқоңыр қалалары мен Шиелі, Жаңақорған кенттеріне газ тартуға, ауылішілік желілер салуға, автоматтандырылған газ тарату стансасынан көгілдір отын алып, 5 бірдей газ құбырының құрылысын бастауға жұмсалады. Қажетті құжаттардың барлығын дайындауға облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінді. Күзде «ҚазТрансГаз Аймақ» өндірске қажетті жабдықтар алуға конкурс өткізді. Бүгінде Оралдағы «БатысМұнайГаз жабдықтары» зауытында бес авто­маттандырылған газ тарату стансалары құрастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайын болады. Аймақты газдандыру аясында мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргідей қысылтаяң кезде бұл да көңілге демеу болатын жағымды бастама деп санаймыз, деді облыс әкімі. Осыдан соң Қырымбек Елеуұлы баяндамасын үзіп, залға арнайы орнатылған экранға назар аударуды өтінді. Дәл сол сәтте Арал және Жаңақорған аудандарына газ тартудың құрылыс жұмыстары басталды. Арал ауданынан тікелей теле байланысқа шыққан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Серікхан Байзақов жұмысты бастағандарын, құрылысты нақты уақытында әрі сапалы аяқтайтындарын айтты. Ал Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағамбетов елге газ тарту арқылы үлкен сауапты істің атқарылып жатқанын, енді халықтың белі бүгіліп отын шауып, күл шығармайтынына қуанышты екендерін жеткізді. Бір жыл ішінде аймақта атқарылған істің ауқымы өте зор. Барлық сала бойынша алға даму байқалады. Дегенмен, бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені, әлем­дік дағдарыстың салқыны бізге де тиеді. Сондықтан, ықтимал қиыншылықтарға осы бастан дайындалып, етек-жеңді жимаса болмайды. Бүгінде Қызылорда облысында жұ­мысшыларын қысқартуға ниеттенген әрбір кәсіпорынмен жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүріп, мәселенің оңтайлы жолын табу қарастырылып жатыр. Жалақының үздіксіз беріліп, жұрттың айлығын уақытында алуына да жағдай жасалған. Сонымен қатар, биыл түрлі салада жаңадан 9 мың 500 жұмыс орны ашылады. «Жұмысынан қысқарған жағдайда адамдар басқа мекемелер мен компанияларға орналасуға мүмкіндік алады. Әлбетте, жұмыстан босап, жаңа орын табу оңай емес. Дей тұрғанмен, барлық мемлекеттік органдар тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесетін болады», деді Қырымбек Көшербаев. Сондай-ақ, бағаны тұрақтандыруға қатысты да нақты шаралар қолға алынған. Аймаққа сырттан тауар әкелетін ірі кәсіпорындармен меморандумға қол қойылған. Сол бойынша олар бағаның шарықтап кетіп, халықтың қалтасына артық салмауға уәде еткен. Әкімнің есептік кездесуін тек залдағы халық қана тамашалап қойған жоқ. Тікелей байланыс арқылы жеті аудандағы жұрт та көрді. Жиын соңында аудандар мен жұртшылық тарапынан сұрақ қойылып, аймақ басшысы тиісті жауабын берді. Кей мәселелерді сол мезетінде тиісті орындарға тапсырып, нәтижесін жеке бақылауына алатынын айтты. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.