• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер 15 Қараша, 2025

Қарабие қазынасы

20 рет
көрсетілді

Жаз айында облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық экспедициясы Ақтоғай ауданындағы Қара­бие қорымынан көне дәуірдің құнды мұраларын тапты.

Ақтоғай топырағынан табылған көне жәдігерлер осыдан 2,5 мың жыл бұрынғы, ерте сақ дәуіріне тиесілі дейді археологтер. Яғни бұл кезең – қазақтың этностық тамыры қалыптаса бастаған дәуір, дала өркениетінің ең кемел тұсы. Қазба барысында табылған тұтастай қоладан құйылған қанжар мен жебе ұштары, алтын фольгамен оралған сырға – ежелгі шеберлердің қолөнер мұрасын айғақтайтын олжа.

«Қорымның құрылымы күрделі әрі жақсы сақталған. Біз ашқан №1 қорған дөңгелек пішінді, үсті тастан үйілген. Қабірдің төбесін жапқан қақ­пақтастарды алған соң, шамамен 1 метр тереңдіктен толық анатомиялық тәртіпте жатқан адам қаңқасы табылды. Бұл – археологияда кездесетін сирек құбылыс. Өйткені бүгінде ежелгі жерлеу орындарының 90 пайызы тоналған. Ал бұл қорым бүлінбеген қалпында сақталыпты», деді экспедиция жетекшісі, музейдің археология және этнология бөлімінің меңгерушісі Дәурен Жүсіпов.

Жәдігерлердің ішіндегі ең құнды құралдардың бірі һәм бірегейі – қоладан құйылған болуы мүмкін ақинақ, қанжар. Ол жауынгердің оң қолында жатты. Қанжардың ұшы үшкір, жүзі қос қырлы, қимасы линза тәрізді. Ал сабының тұсы ерекше – арқардың мүйізіне ұқсата иілген, ұшар басында екі бүркіттің бейнесі бедерленген.

Қарабие қорымындағы екін­ші маңызды табылым – төрт­қанатты бес қола жебе ұшы. Олар батырдың сол аяғының тізесінен төмен орналасқан. Мұндай үлгілер 2010–2011 жылдары Қарқаралы маңындағы «Талды-2» қорымынан табыл­ған «Алтын адам» маңынан да кездескен. Бұл сәйкестік өңір ішіндегі мәдени сабақтастық­тың барын көрсетеді.

«Жәдігерлер Орталық Қазақ­стан тек металлургиялық емес, мәдени орталық болғанын көрсетеді. Мұнда ежелгі дала өркениетінің қолтаңбасы, стилі бар. Қарабие қазынасы – соның айқын дәлелі», дейді ғалымдар.

Мұнымен қоса, археологтер бассүйектің сол жағынан алтын фольгамен қапталған темір негізді сырға тапты. Бұл әйел адамға тиесілі болуы мүм­кін деген болжам бар. Бірақ жынысы мен жасы нақты антропологиялық сараптама нәтижесінде анықталады дейді археологтер.

Қазір табылған жәдігер­лердің нақты жасын, құра­мын және жасалу технология­сын анықтау үшін металло­графиялық, радиокөміртекті және антропологиялық талдау жұмысы жүріп жатыр.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар