• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2010

ТОРҚАЛЫ ТОЙҒА – ТАМАША ТАРТУ

767 рет
көрсетілді

“ХАН ШАТЫР” АШЫЛДЫ Астана күні мерекесінің іс-шаралары аясында “Хан Шатыр” сауда-ойын-сауық орталығы салтанатты жағдайда ашылды. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл, Украина Президенті Виктор Янукович, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Серж Саргсян қатысып, қазақстандық және шетелдік өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Салтанатты рәсім шалқыған “Сарыарқа” күйінің орындалуы­мен ашылды. Одан соң мәртебелі мей­мандар мен көпшілік көрер­мен­дерге театрландырылған “Көш­пелілер” қойылымы ұсыныл­ды. Қазақ үйлер жылжып барады, түйе жетектеген, сәйгүліктер мін­ген арулар келеді. Қазақ үйлерді екі жақтан батырлар күзетіп ба­ра­ды. Енді ат мініп, сауық құрған қыз-жігіттер көрінді. Олар “Мол­да­бай” әнін шырқап жатса, бас­қалары әнге қосылып, би билеуде. Сәлден кейін ат құлағында ойнаған цирк өнерпаздары бірінен соң бірі өнерлерін көрсетіп өтті. “Көшпелілер” – өткен күннің елесін көз алдыңа әкеліп, ата-ба­баларымыздың тұрмыс-салтынан хабардар етеді. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшу көшпелілердің ты­ныс-тіршілігі мен дәстүрі ғана емес, мезгіл мерекесі әрі сән-сал­та­наты жарасқан табиғи үрдісі еке­ні тарихтан белгілі. Салтанатты рә­сім барысында, сондай-ақ көш­пе­лілердің жылдар бойы қалып­тас­қан мақсат-мұраттарын жеткізетін, тарихи мұралар мен ауыз әдебие­тінде сақталған жазба деректерден алынған қойылым да көрсетілді. Көрсетілімде ұлттық ойындардың кейбір элементтері кіріктірілген, ол өткен күнге бір сәт саяхат жасауға мүмкіндік береді. Артынша Махамбет батырдың атақты “Егеулі найза қолға алмай” өлеңінен үзінді оқылып, Құрман­ғазы атындағы оркестр Махам­бет­тің “Жорық” күйін нақышына кел­тіре орындап, жиналған қау­ым­ды тәнті етті. Салтанатты рәсім әрі қарай Қазақстан өнер ше­бер­ле­рінің ән шашуымен жалғасты. Президент сарайы – Ақор­да­дан бастау алған бас қаланың ға­жайып ғимараты Астана қаласы жаңа ор­талығының дәл кіндігінде орналас­қан. Орталық қаладағы ерекше маңызды нысандардың бірі болып табылады. Бірегей ке­шен жобасының авторы – әлемге танымал ағылшын сәулетшісі лорд Норман Фостер. Атауының өзі ай­тып тұрғандай, биік­тігі 150 метрлік әсем ғимарат көшпелі халықтың қо­лымен тұрғызылған хан шатыр­ла­рының жиынтығы іспеттес. Көз алдыңа есіктерін айқара ашып тұрған хан шатырларын елестетіп, таң-тамаша қалдырады. Орталықтың бірегей сәулет-құрылысы ежелгі Сарыарқаның қатал климатына бір өзі төтеп беретіндей келісті ойластырылған. Оның ішкі жағы көздің жауын ала­тын бірнеше табиғи ландшафт­пен өрнектеліп, безендірілген. Мысалы жарық, ылғалдылық пен температура жыл бойы бапталып, бақыланады. Масатыдай құлпы­рып, жасыл желекпен көмкерілген баспалдақты дәлізді көргенде, есі­ңізге жыл он екі ай жап-жасыл бо­лып тұратын климаттық белдеулер түседі. Ал соңғы үлгідегі сапалы ма­териалдармен қапталған ғима­рат­тың құрылғылары арқылы түс­кен табиғи жарық айналаны ерек­ше бір нұрға бөлейді. Ғимараттың әрбір қабатында мей­рамханалар мен дәмханалар жұ­мыс істейді. Оларда дүние жүзі ас­ханаларының тәжірибелі аспаз­дары астаналықтар мен елорда қона­қ­тарына тіл үйіретін дәмді ас дайындайтын болады. Ал алтын­шы қабатта жүзу бассейні, аква­парк және әмбебап жабық жаға­жай ор­на­ласқан. Сондай-ақ орта­лық­қа келіп демалушылар құс жо­лы би­ік­тігінен Астананың көрікті жер­ле­рін тамашалай алады. Кө­рік­ті кел­бе­тімен көз тартатын бас қа­ламыз­дың сәулетіне сән қосатын бұл тамаша архитектуралық ны­сан­да қала тұрғындары мен қонақ­тары бос уақытын барынша жай­лы да көңілді өткізетін басқа да ойын-сау­ық орындары молынан қамтылған. Гольф кіші алаңы, шағын көл, ботаникалық саябақ, жабық жаға­жай, сән орталықтары мен кос­ме­тикалық салондар, концерт зал­да­ры, сауда орталықтары, бес жұл­дыз­ды отелі бар шыны шатырлы алып орталық шын мәнінде аста­на­лықтар мен қала қонақтарының тамаша демалыс және сауда орындарының бірегейі болып та­былады. Сондай-ақ “Хан Шатыр” әлемдегі ең үлкен нысандардың бі­рі десек, қателес­пей­міз. Ал жо­баның ерекшелігі, оның ішкі кли­маты ғимараттағы қазіргі заманғы автоматты құралдар арқылы қадағалатындығында жатыр. “Хан Шатырдың” астыңғы қабатында 700 орынды автотұрақ, бұдан бөлек орталықтың іші мен сыртында 1400 автокөлікке есеп­тел­ген автотұрақ тағы бар. Соны­мен қатар, көрмелер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізетін алаңдар, залдар да жетерлік. Ал ор­талықтың 40 мың шаршы мет­рін мейрамханалар мен дәмха­налар, дүкендер мен кинотеатрлар алып жатыр. Келушілер мұнда бі­лікті аспаздар дайындаған дәмді та­ғамдардан дәм татып, әлемнің үздік кинорежиссерлерінің туын­­ды­ларын тамашалай алады. Мы­салы, “Multіplex” кинотеатрының бір өзі 450 көрерменге есептелген. Орталық бір мезетте 10 мың адам­ды қабылдай алады. Бұдан кейін қонақтарға еліміз­дегі этно-мәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары мен балет әртіс­тері дайындаған “Күн адамдары” атты би қойылымы ұсынылды. Ал бағдарламаның келесі бөлігі қазақстандық және шетелдік өнер шеберлерінің шырқаған әндерімен әрі қарай жалғасты. Бұл мерекелік шарада мәртебелі меймандар мен көрермен қауым, сондай-ақ Мем­ле­кеттік капелланың жиынтық хоры мен “Хан Шатыр” ойын-сау­ық орталығының салтанатты ашы­лу рәсіміне арнайы шақ­ы­рыл­ған әлемге танымал әнші Андреа Бо­­чел­­лидің концертін тамаша­лады. Андреа Бочелли – көп­ші­лік­тің көкейінен шыққан танымал әндер мен классикалық музыка­ны тамаша үйлестірген дарынды әнші. Опералық туындыларды жеңіл әрі нақышына келтіре ор­ындау Бочел­­лиді әлемге мәшһүр етті. “Мен өзімнің өткеніме көз жүгіртсем, әркез музыкаға ғашық болғанды­ғым есіме түседі”, деп әнші жас­тайы­нан өнерге ессіз ғашық бол­ған­дығын айтады. Ол алты ж­а­сында фортепианода ой­на­са, кейін флейта мен саксо­фон­ды меңгереді. Бала кезінен аурушаң болған Андреа біртіндеп көз жанарының сөніп бара жатқанын сезінді. Ал 12 жасында мүлде көрмей қалады. Ата-анасы баласының тағдырға төтеп беруі үшін барынша көмек­теседі. Ан­дреа мектеп қабырға­сында жүр­генде хорға қатысып, бірнеше мәр­те конкурстардан жүлделі ора­лады. 1980 жылы Пиза уни­вер­ситетінің заң факультетіне оқуға түсіп, заң ғылымдарының докторы дәрежесін алады. Алайда, оның нәзік жаны өз­гені қалайтын. Ол Дель Монако, Джильи және Франко Корелли сын­ды танымал италиялық орын­­даушылардың арияларын ұй­ып тыңдайтын. Бос уақытында мей­рамханада фортепианода ой­нап, Фрэнк Синатр, Эдит Пиаф және Шарль Азнавурдың әйгілі ән­дерін шырқады. Сондай-ақ Ан­дреа Бочелли Лучано Пава­рот­тимен де бірге ән жазған. Ашылу салтанатының апогейі “Хан Шатыр” күмбезінен құл­ди­лаған “Алтын адамның” күм­бездің алауын тұтатуы болды. Тамаша рәсім сандаған әсем түр­ге боялған ғаламат отша­шу­мен тәмамдалды. Астана ажарын айшықтай түс­кен “Хан Шатыр” бүгін, Ел­ор­да мен Елбасы күнінде ашыл­ды. Иә, “бүгін” дегенімізге таң­данбаңыз. Президент Н.Ә.На­зар­­баев кешен­нің ашылу сал­та­наты аяқталып, құр­метті қона­қ­тарын “Хан Ша­тыр­ға” бастап жүргенде сағат тілі 00 сағат 07 минөтті соққан болатын... Қос мерекеге тамаша тарту жасалды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. --------------------------------- Суреттерді түсірген Шүкір ШАХАЙ.