Астана – тәуелсіз еліміздің бойтұмары, халқымыздың мақтанышы. Сондықтан да жыл сайын қазақстандықтар оның шілде айындағы мерейлі мерекесін жарқын көңіл-күймен атап өтті. Өз болашақтарын ару шаһардың ертеңімен, оның гүлденіп, көркеюімен байланыстырады. Осының дәлеліндей, ақындар мен батырлардың мекені саналатын Жамбыл ауданының жұртшылығы “Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі” атты тақырыпта салтанат шырайын шалқытты.
Қарасай батыр атындағы орталық алаңда өткен мерекеге үлкен-кіші жиналып, егемен еліміздің мемлекеттік рәміздерін көкке көтерді. Астанамен құрдас 70 балғын, осынша домбырашылар мен әнші-бишілер тобы жиналған жұртшылық алдында өнер көрсетіп, көпшілік көрерменнің зор ілтипатына бөленді. Алаңда жыр алыбы Сүйінбай мен Жамбылдың, Үмбетәлінің, баһадүр батырлар Қарасай, Наурызбай, Сұраншының бейнелері асқақтап, “Отаның – біреу, жүрегің – біреу, Ту – біреу”, “Арман қала, ақ қала, көркейе бер, Астана”, “Бар әлемді қаратқан, достығымыз жарасқан”, тағы басқа айшықты безендірулер мерекенің мән-маңызын аша түсті.
“Бірлігіміз жарасқан” акциясы аясында өткен мерекеде Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев Елбасының биылғы Жолдауындағы айтылған тапсырмалардың тиянақты орындалғанына тоқталды. Ауданда орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықтың алдын алу, халыққа қызмет көрсететін нысандардың қатарын көбейту және басқа шаралар ауқымы ойдағыдай орындалып жатыр деуге болады. Бүгінде аймақта мыңдаған кәсіпкер аудан экономикасының нығаюына өзіндік үлесін қосуда. Осылайша Астана күніне лайықты тарту әзірлеген жамбылдықтардың мерейі үстем шықты.
Астананың қарыштап дамуы, сән-салтанатының жарасымы бізге де өнеге. Мәселен, іргетасы сонау 1903 жылы қаланған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің көне ғимараты орнына жаңадан сәулетті құрылыс бой көтеріп, ел игілігіне берілгенін айтсақ болады. Сондай-ақ, Жамбыл аудандық орталық кітапханасы да күрделі жөндеуден өтті.
Бұдан кейін аудан орталығындағы Абай, С.Бердіқұлов, Ш.Уәлиханов, Т.Рысқұлов, Наурызбай Құттымбетұлы атындағы орта мектептердің оқушылары ару қала Астананың тарихын бейнелейтін “Сәулетті шаһардың құрдастары”, “Бейбітшілік пен келісім сарайының салтанаты”, “Жасыл желекті жас қала” атты тақырыптар бойынша бейнекөріністерді жұртшылықтың назарына ұсынды. Бүлдіршіндер жиналған қауымды “Астанадан тарайды елге бақыт шуағы”, “Астана – бейбітшілік пен достық қаласы”, “Астана – жастық жалыны”, “Туған күніңмен, еңселі, елорда!” деген ұранмен рухтандырды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Суретте: Астана күнінің өту салтанатынан көрініс.
КӨҢІЛ КӨККЕ ШАРЫҚТАҒАН КҮН
Қызылжар өңірінде Астана күні кеңінен аталып өтті. Оның үстіне Петропавл қаласының туған күні осынау айшықты мерекемен тұспа-тұс келіп, петропавлдықтардың көтеріңкі көңіл-күйінде шек болған жоқ. Мерекелік шара “Жаңа дәуірдің жаңа Астанасы” атты бағдарламамен ашылып, ол тағылымды шараларға, шығармашылық ұжымдар мен әншілердің концерттік бағдарламасына жалғасты. Астанаға және отбасына сыйлық, аталымдар бойынша марапаттау, Астана күні сәби туған отбасылар мен отау тіккен жас жұбайларды құрметтеу, қалыңдықтар шеруі, тағы басқа жарасымды рәсімдер кеңінен көрініс тапты. Көшелер көздің жауын алардай безендіріліп, адамдар барынша әсем киініп, елордаға деген құрмет барынша асқақталды.
“Көктөбе” сауда үйінің алдында шағын бақтың тұсауы кесілсе, қалалық мәдениет және демалыс саябағында “Достық субұрқағының салтанатты ашылуы болды. Мұнда “Дуслык” татар-башқұрт қоғамының “Сабантой меймандарды қарсы алады” ойын-сауығы жалғасса, облыстық Ассамблея ғимараты алдында этномәдени бірлестіктердің халық шығармашылығы қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі өтті. Мерекелік алаңдарды авитралды безендіру жөніндегі жеке кәсіпкерлердің “Шар” фестивалі, өңдеу кәсіпорындары өнімдерінің саудасы да қызып сала берді. Тарихи-өлкетану мұражайында өткен “Астанаға арналған суреттер” балалар суреті конкурсын, жас суретшілер вернисажын, театрландырылған қойылымдар бағдарламасын, спорттық жарыстарды тамашалаушылар да көп болды. “Гүлдене бер, Астанам” акциясы, “Ол күндердің даңқы өшпейді” әдеби-сазды композиция, “Саланг”, “Алғыс” әскери-патриоттық клубтардың көрме экспозициясы да тартымдылығымен ерекшеленді.
Қазақстанның эстрада жұлдыздары Мақпал Исабекованың және “101” тобының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаның соңы мерекелік отшашуға ұласты.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
АҚЖАЙЫҚТА АЛАУЛАҒАН АЛТЫ КҮН
Батыс Қазақстан облысының орталығында Елбасы жүлдесі сарапқа салынды
Орал қаласында Елбасы – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өткізілген ІV Халықтық спорт ойындары мәреге жетті. 1-6 шілде аралығында еліміздің батысындағы Қазақстанның көне де жаңа қаласы Оралды мерекелік көңіл-күй ауаны кернеп тұрды.
Жарыстың ашылу салтанаты кішігірім олимпиадаға пара-пар болғандай күй кештік. Еліміздің барлық облыстарынан, Астана мен Алматы қаласынан келген спортшылардың салтанатты шарадағы киім үлгілері мерекенің шырайын келтіре түсті. Төрт жылда бір өтетін халықтық ойындар бәсекесін тұрғындар сағынып-ақ қалған екен. Ағайын-туысы, жақыны мен жұрағатына жанкүйер болып келген жұртта есеп болмады. Халықтық спорт ойындары сонысымен ерекше, сонысымен ыстық.
– Дүбірлі доданың төртінші рет өткізілу құрметі біздің облысымызға бұйырды. Өйткені, өлкемізде спорттың бұқаралық сипатын арттыруға, бәсекеге қабілетті резерв даярлауға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге мемлекеттік тұрғыдан үлкен көңіл бөлінген. Халықтық спорт ойындары – бұл саламаттылық пен парасаттылықты көтеру, денсаулықты нығайту мен өмір жасын ұзарту, жалпы алғанда ұлт саулығының кепілі. Еліміздің спорттық әлеуетін нығайту арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қол жеткіземіз. Отбасы ынтымақтастығын насихаттау да осы жарыстың еншісіне тиіп отыр.
Еліміздің атақ-абыройын қорғап жүрген еркін күрес шебері, Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Таймұраз Тигиев, самбо күресінен екі мәрте әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, грек-рим күресінен әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев, еркін күрестен Азия чемпионы Гузель Манюрова, шахматтан халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажығалиев сынды спорт саңлақтары тек батысқазақстандықтардың ғана емес, бүкіл Қазақ елінің мақтанышы. Осындай спортшылары бар өлкеге қош келдіңіздер! Елбасы жүлдесі үшін өтетін жарыстың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жарыстың ашылу салтанатында.
Алдымен жарысқа қатысушы әр облыс пен қала командалары шеру жасап өтті. “Бірлігіміз жарасқан!” жалпы ұлттық акциясы аясында өткен жарыстың Астана күнімен тұспа тұс келгені көпшілікке мәлім. Сөз алушылар осы айтулы датамен құттықтауды да ұмытпады. Жарысқа қатысушы командаларға ұйымдастыру комитеті атынан естелік кәдесыйлар табыс етілді.
– Елбасымыз биылғы Жолдауында 2020 жылға дейін еліміздің тұрғындарының 30 пайызын спортқа тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Сондықтан осындай бұқаралық спорт түрлерін көбейтудің мәні зор. Халықтық спорт ойындары төрт жылда бір өткізілсе, келесі жылы ұлттық спорт фестивалі ұйымдастырылады. Бұл фестиваль да ең әуелі ауылдық жерлерден бастау алады. Аудандық, облыстық, ең соңында республикалық жарыс өткізіледі. Осылайша жылма жыл қалың бұқара арасынан спортқа тартылатындардың қатары көбейеді. Мен өз кезегімде жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне, туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына рахмет айтамын. Олардың мұндай ірі жарыстарды өткізуге жинақтаған тәжірибесі мол. Оралда әлем кубогы, әлем чемпионаты, тағы бірнеше ірі халықаралық жарыстар өткен болатын. Сондықтан халықтық спорт ойындарының республикалық жарысын осында өткізу жөнінде шешім қабылданған еді. Ұйымдастырылу деңгейі көңілімізден шықты. Барлық командаларға табыс тілеймін! – деді Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.
Жарыстың алауын жағу және туын көтеру құрметі самбо күресінен екі мәрте әлем чемпионы Ерболат Байбатыровқа бұйырды. Салтанатты шараның соңы мерекелік отшашуға ұласты.
Сонымен, 14 спорт түрінен мықтыларды анықтау бәсекесі басталды. Қазақ күресінен Қызылорда облысынан келген балуандар бабында екен. Әп-дегеннен жарыстың жалауын қолдан бермейтінін бірден байқатты. Сөйтіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Амангелді Сатыбалдиев, Дархан Өрікбаев, Қуаныш Мұратов сынды балуандардың арқасында Шығыс Қазақстан облысы жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Үшінші орын Қарағанды облысының еншісіне тиді. Самбо күресінен Батыс Қазақстан облысында мықты мектеп барын өзге облыс мойындап болғалы қашан. Бұл жолы да Ақжайықтың сайыпқырандары осы биігінен көрінді. Медет Оңдағанов, Асхат Шайхиев, Бағдат Жарылғасов, қыздардан Айжарқын Еслямова, Гүлсезім Әубәкірова, Алмагүл Орынғалиева сияқты балуандарымыз жалпыкомандалық есепте Батыс Қазақстан облысын алға шығарды. Екінші орын Оңтүстік Қазақстан облысы, үшінші орын Ақтөбе облысына бұйырды.
Кір тасын көтеруде Қостанай, қол күресінде Жамбыл, бильярдтан Павлодар, тоғызқұмалақтан Алматы, үстел теннисінен Алматы қаласы, шағын футбол, дойбы және отбасылар арасындағы жарыста Батыс Қазақстан, жазғы Президенттік көпсайыста Қостанай облысы бірінші орынды иеленгенін айта кеткен орынды. Осылайша жалпы командалық есепте Батыс Қазақстан облысы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын Қостанай, үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысы иеленді.
“Тойдың болғанынан боладысы қызық” дегендей, көп қырлы, сан-салалы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді қажет еткен байрақты бәсеке бір күнгідей болмай өте шықты. Республиканың әр қиырынан келіп Ақжайық топырағында бас қосқан спортшылар Оралдағы қонақжайлылық пен құрметке ризашылықтарын білдірді. Олар аттанар алдында Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне, оған қарасты туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағановқа Елбасы жүлдесі үшін өткізілген сайысты ұйымдастырудағы ілкімділігіне, алымдылығы мен шалымдылығына оң баға берді. Бұл жарыстың жоғары деңгейде өткенінің бірден бір дәлелі болса керек. Аз күнде туыс-бауырдай жақындасып кеткен спортшылар бір бірімен қимай қоштасты.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлт спортының үлкен жанашыры, қолдаушысы ғана емес, сонымен бірге өзі де жақсы спортшы екені белгілі. Мұның өзі Елбасы жүлдесі үшін өткізілген республикалық сайыстың мәні мен мазмұнын, Елбасы өнегесінің барша қазақстандықтарға тигізетін ықпалды әсерін одан әрі тереңдете түскені анық.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.
Суреттерде: Елбасы жүлдесі үшін өткізілген сайыстардан көріністер.
Суреттерді түсірген Сайлау Майлыбаев.
АВТОКЕРУЕН ШЕРУІ
Солтүстік Қазақстан облыстық іскер әйелдер ассоциациясы түрлі қоғамдық-саяси шараларға белсене қатысуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы аясында “Әйелдер ел қуатын еселей түседі” атты шараны бастамашылдықпен қолға алып, жұртшылықтың үлкен қолдауына ие болды. Ассоциацияның төрайымы, облыс әкімі жанындағы іскер әйелдер және отбасы-демографиялық саясат ұлттық комиссияның мүшесі Бақытжан Сәмиеваның айтына қарағанда, осындай игі істердің өз дәрежесінде өтуіне түрлі салаларда жұмыс істейтін өңірдің қыз-келіншектерінің үлесі зор. Олардың қатарында Н. Пирожкова, Ж. Мейрембаева, Т. Чепухина секілді белсенді әйелдер бар.
“Петропавл – Бескөл – Смирново” бағыты бойынша ауылдарды аралауға шыққан автокеруен академик М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан мәре алды. Акцияны тамашалауға келген студент-жастар, қала жұртшылығы алдында облыс әкімінің орынбасары Александр Чжен сөз алып, мұндай ауқымды шаралар еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін арттыруға бағытталатынын атап көрсетсе, Бақытжан Мағжанқызы Елбасының гендерлік саясатының мән-маңызын түсіндіріп берді. Бұдан кейін әсем безендірілген әртүрлі маркалы 15 жеңіл көлік сап түзеген күйі жолға шықты. Көшті өңірімізге белгілі диқан, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченконың келіні Валентина Николаевна бастап жүрді.
Бескөл кентінде автокеруен шеруін Қызылжар ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев бастаған көпшілік ән-жырмен қарсы алды. Жергілікті ассоциацияның белсенді мүшесі Күлшара Асқарқызы бастаған көлік жүргізушілері автокеруенге қосылып, Аққайың ауданын бетке алып жүріп кетті. Жолай оларды Астрахан ауылының тұрғындары тосып алып, өз құрметтерін көрсетті. Мұнда автокеруенге 5 көлік қосылды. Осылайша Смирнов кентіне де келіп жетті.Аудан әкімі Рүстем Елубаев жұртшылықтың қатысуымен өткен митингіде “Бірлігіміз жарасқан” акциясы аясында шаралардың көп жүргізіліп жатқанын, оның түпкі мақсаты адамдардың қоғамдық белсенділігін арттыру, саламатты өмір салтын, халықтар арасындағы достықты насихаттау, жасампаз істерді жан-жақты таныту болып табылатынын атап көрсетті. Жергілікті әнші Дәулет Балтабаев бірнеше ән орындап берді.
– Іскер әйелдер ассоциациясының жұмыс ауқымы кең. Құрамымызға кәсіпкер әйелдер де тартылғандықтан, көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға, аз қамтылған жандарға, қарт адамдарға материалдық көмек көрсетуді мұрат тұтамыз. Осыған орай “Әйелдер ел қуатын еселей түседі” шарасы бойынша қайырымдылық акциясын өткізгелі отырмыз, – деді Б. Сәмиева сөзінің соңында.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
БІЛІМ МЕН ЕҢБЕК БӘРІН ДЕ ЖЕҢБЕК
Жамбыл облысының әкімі Қ. Бозымбаев 70 талапкерге білім грантын тапсырды
“Бірлігіміз жарасқан!” атты республикалық әлеуметтік акцияны қолдау одан ары жалғасуда. Жақында Жамбыл облыстық қазақ драма театрында осы өңірдегі жоо білімгерлері, колледж, мектеп оқушылары мен түлектері, қала мен облыс тұрғындары, соғыс және еңбек ардагерлері, жастар мен үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері тағылымды іс-шараның куәсі болды.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев тұрмысы төмен отбасылардан шыққан дарынды жастарды қолдау мақсатымен 2010 жылғы мектеп түлектеріне Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде оқу үшін өзі бөлген білім гранттарын тапсырды.
– Мектеп бітірушілер арасында ұлттық бірыңғай тестілеуден өте жоғары балл алмаса да, жақсы оқыған, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 70 түлекке Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде оқуға облыс әкімінің білім гранттарын тапсырғалы отырмын. Білім гранттары облыстың еңбек рыногына қажетті мамандықтарға оқыту үшін беріледі. Яғни, бұл гранттар болашағы зор жастарға қолдау ретінде беріліп отыр. Ендеше, баршаңызды елорда күнімен және облыстағы бүкіл жоғары және орта оқу орындарының түлектерін өмірдің үлкен жолына түсулерімен шын жүректен құттықтаймын! – деді облыс әкімі.
Бүгінде облыста 6 жоғары оқу орны бар. Онда 26 195 студент 60-тан астам мамандық бойынша білім алуда. Жоғары білікті мамандар даярлау мақсатында облыстық бюджет есебінен орта-кәсіби білім алуға жыл сайын мемлекеттік оқу гранттары бөлінуде. Соған сәйкес бүгінде 39 мыңға жуық жастар кәсіби және техникалық білім алу үстінде десек, биыл оның 7.756-сы диплом алып отыр.
Жамбыл гуманитарлық-техникалық универсиеті – облыстағы белгілі алты жоо-ның бірі. Универсиет ректоры, профессор Жомарт Қошқаров студенттерге білім берудің әлемдік биік деңгейіне ұмтылып жүрген білікті басшылардың бірінен саналады.
Әлбетте, жастарды қолдау гранттар бөлумен шектелмейтіні белгілі. Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту, оларға қолдау көрсету де мемлекет тарапынан жасалып отырған игі шаралардың бірі. Бүгінде Елбасының бастамасымен “Дипломмен ауылға” жобасы өз нәтижесін бере бастады. Қазір ауылдық жерлердегі жұмысқа жас мамандар көптеп тартылуда. Өткен жылы 200 маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналасса, биылғы жылы 140 дәрігер, 84 мұғалім, 11 мәдениет қызметкерлерін тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл Елбасының жастарға деген қамқорлығы.
Облыс басшысының өз қолынан білім гранттары мен ауылдық жерлерге барып еңбек етуге жолдама алған жастар егемен елінің ертеңі үшін оқу мен еңбекте үлкен табыстарға жететіндеріне жиналғандарды нық сендірді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
Суретте: облыс әкімі Қ.Бозымбаев пен ЖГТУ ректоры Ж.Қошқаров білім гранттарына ие болған бір топ түлектермен бірге.