• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2015

Атырауға Омбы кәсіпкерлері келді

320 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 25 ақпан. Атырау облысындағы әріптестерімен тығыз байланыс жасау үшін Ресейдегі Омбы облысының кәсіпкерлері келді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұдан былай сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және өзге де салалардағы қарым-қатынасты нығайтуды көздеген атыраулық және омбылық кәсіпкерлер өзара келісім аясында бір-бірімен жиі кездесуге уағдаласты. «Біз Атырауға бірінші рет келіп тұрмыз. Бұл өңірдің экономикасын дамытуда мұнай-газ өнеркәсібіне басым бағыт беріледі. Кәсіпкерлердің ісі Омбыда да, Атырауда да бір-бірімен өте ұқсас. Біздің бұл сапарымызда Атырауға Омбы облысындағы 9 компанияның өкілі келді. Әсіресе, «Газпромнефть-ОНПЗ», «Титан» секілді кәсіпорындардың Атыраудағы әріптестерімен байланысы нығайғанын қалаймыз. Біз атыраулық кәсіпкерлермен өзге де салаларда қарым-қатынасымызды кеңейткіміз келеді. Бұл сапар екі ел кәсіпкерлері үшін пайдалы әрі жемісті боларына сенемін», деді Омбы облыстық сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Андрей Титов. Омбылық кәсіпкерлердің Атырауға сапары мұнай-газ өнеркәсібі саласында кәсібін дөңгелеткен шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесуден басталды. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының басшылығы өңірді өркендету жөніндегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен таныстырды. Ресей кәсіпкерлері «АтМӨЗ», «Ембімұнайгаз» және «Рауан Налко» секілді мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы іргелі кәсіпорындарды аралап, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен жұмысымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. «Біздің жұмысымыздың басым бағытының бірі – Еуроазиялық экономикалық одақ аясында шекаралас өңірлер арасындағы байланысты кеңейту. Омбылық кәсіпорындар өнімі мен жұмысы біздің кәсіпкерлерімізді қызықтырады. Сол себептен бұдан былайғы уақытта екі облыстың кәсіпкерлері бір-бірімен тығыз байланыс жасап, өзара тиімді келісімдер жасайды деп ойлаймын», деді Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек, сурет: Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы.