АҚТАУ. 25 ақпан. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен заңсыз балық аулаған Әзербайжан республикасының азаматтарына қатысты сот шешімі шықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Еліміздің шекарасын кесіп өтіп, заңсыз осетра тұқымды балықтарын аулаған Әзербайжан республикасының үш азаматын табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері қолға түсірген болатын. Құзырлы орындардың хабарлауынша, олардың заңсыз әрекетінің салдары мемлекетке кең көлемде шығын әкелген.
Түпқараған аудандық соты шешімімен кінәлі болып табылған үш заңсыз балық аулаушы шетелдіктің әрқайсысы екі жыл бас бостандығынан айрылып, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуге үкім шықты. Әзербайжандық үш азаматтың келтірген экологиялық зардабы 390 млн. теңгеге есептеліп отыр, сондай-ақ олардан тәркіленген үш жүз кило. остера тұқымды балық, «Байда» типтес жүзгіш құрал мен өзге де айғақ заттар мемлекет пайдасына тәркіленді.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: «ҚазАқпарат».