• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2015

Құнды қазына

491 рет
көрсетілді

Елбасының тапсырмасы орындалып, қазақ тілінің терминологиялық қоры жасалды ХХІ ғасыр, жаһандану заманында, жан-жақты негізделген тіл саясаты еліміздің орнықты дамуының басты кепілдіктерінің бірі деп батыл тұжырымдауға болады. Біздер үшін барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілі – қазақ тілі руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып табылады. Бүкіл дүниежүзіндегі тіл ахуалын зерделей қарасақ, қазіргі уақытта 7 мың 48 тіл бар екен. Ғалымдардың пайымдауынша сол тілдердің 40 пайызы жойылу қаупінде, себебі екі апта сайын жер бетінде бір тіл жойылып отырады. Демек, тіл проблемасы аса күрделі проблемалар санатына жатады. Ол жеңіл болса, қай ұлт өз тілінен айырылуға мүдделі дейсіз. Демек, оның жойылуына әсер ететін, көзге ілінбейтін бір жойқын күштің болғаны және ол күшті сол елдің уақытында байқап, оның алдын алмағанынан болса керек. Қоғам дамуымен бірге тілді де дамытып отыру керек. Қазіргі қоғамда болып жатқан орасан өзгерістер, ғылым мен техниканың дамуы, қандай болмасын тілге өзіндік салмақ салады. Сондықтан келешегін ойлаған халық өз тілін, оның терминологиясын дамытуға ерекше көңіл бөлуі қажет. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Тіл – ұлттың жаны» десе, тілдің тер­минология саласы – оның күре­тамырларының бірі болады. «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай бай терминологиялық қорын жасаған соң, оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек», деп атап өтті. Елбасының тапсырмасы орын­далып, қазақ тілінің терми­но­логиялық қоры жасалды. Енді осы мақсатта қандай еңбек атқарыл­ғанына тоқталайық. Елімізде Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қазақ тілі терминологиясын дамыту, тер­миндерді біріздендіру және үй­лес­тіру мақсатында қомақты жұмыс атқарылғаны белгілі. Бұл жұмыс қазір де жалғасуда. Атап айтқанда, 1999-2000 жылдары министрліктің тапсырысымен еліміздің тарихында алғаш рет 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық ғылыми терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көрді. Әрбір томы 5 мыңдай салалық терминді қамтитын бұл сөздіктерді шығаруға 400-ден аса сала мамандары мен ғалымдар атсалысқан болатын. Бұл терминология саласындағы қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын бірінші кешенді еңбек еді. Мұндай ерен еңбек кемшіліксіз болмақ емес, әйтсе де ол қазақ терминологиясын реттеу мен жүйе­леуде өлшеусіз рөл атқарған, жалпы қазақ тілінің даму процесіне мол үлес қосқан үлкен еңбек болды. 2012-2014 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы негізінде Педагогикалық ғылымдар академиясы осы сөздіктерді әрі қарай жетілдіру және толықтыру жұмыстарын жүргізді. «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында ғылым мен техниканың, өндіріс пен мә­де­ниеттің барлық салаларын қамти­тын 30 томдық салалық қазақ­ша-орысша, орысша-қазақша терми­но­логиялық сөздіктер топтамасы әзір­ленді. Басты мақсат бұрын жарық көрген сөздіктер топтамасын са­рап­тамадан өткізіп, өңдеп, әр том­да­ғы терминдер санын 9000-ға, тіп­ті, 11-12 мыңға дейін толықтыру болды. Терминология – әдеби тілдің өркениетке иек артқан аса маң­ызды, әрі өте қомақты саласы. Егер егемендіктің мәні, қазақ хал­қы­ның тағдыры мемлекеттік тіл қызметін өтеуге тиісті қазақ тілінің тағдырымен қосақтаулы десек, ана тіліміздің тағдыры өзінің дамыған, сындарлы, жүйелі, осы заманғы өркениет талаптарына сай ұлттық терминологиясына тәуелді. Әдетте, ғылым дүниесінде бел­гілі бір ұғым, құбылыс, заңдылықтың қасиеттерін, арақатынастарын зерттеу нәтижесінде бұрын бел­гісіз жаңа ұғымдар дүниеге келеді. Тіл байлығынан осы ұғым­дардың табиғатын, ішкі сырын жете өрнектейтін сөз іріктеліп, сұрыпталып алынып, оған атау беріледі. Мұны жаңа ұғымның атауы, термин дейміз. Әрбір жаңа ұғымның бұрын белгісіз жаңа сыры, жаңа қыры, өзіндік жаңа бояуы болады. Міне, осынау сан алуан табиғи байлықты өрнектей отырып, тың мағыналы жаңа термин сөз дүниеге келеді немесе алғашқы мағынасына қосымша жаңа мағынаға ие болады. Сапалы термин жасау үшін осы күнге дейін бірнеше ұрпақ қазақ зиялыларының талантты да қажырлы еңбегімен жасалған терминдердің өскелең өмір, жаңа заман талабына жарайтындарын ғасырлар қойнауынан заман талабына үйлесетіндей етіп таңдап, екшеп алу қажет. Осынша жауапты әрі өте күрделі іс үлкен еңбек ұжымы асқан жауапкершілікпен жұмыла жұмыс жасаған жағдайда ғана сапалы атқарылатын болады. 30 томдық сөздіктер топтамасын дайындауға 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғы­лыми-зерттеу институттарында, академияларда, министрліктер мен Парламентте, салалық ведомстволарда жұмыс жасайтын 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты атсалыс­ты. Жалпы 350-дей адам жұмыс жасады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалым­дары барлық авторлық ұжым мүше­лерімен бірлесе отырып еңбек етті. Салалық терминдер қалып­тас­тыру алдымен сала мамандарының ісі дейтін болсақ, Тіл білімі инс­титутының ғалымдары терминдер түзуде қазақ тілінің заңдылықтарын сақтай отырып, олардың дұрыс жазылуларын басты назарда ұстады. Сөздіктерді сапалы дайындау мақсатында «Қазақша-орысша және орысша-қазақша (екі тілді) салалық ғылыми терминологиялық сөздіктер топтамасын әзірлеу прин­циптері (ұстанымдары)» әзір­ленді, осы уақытқа дейін жарық көрген барлық салалық терминологиялық сөздіктер, жалпы сөздіктер, тіл дамыту проблемаларына және терминологияға қатысты ғылыми еңбектер кеңінен пайдаланылды. Авторлық ұжым мүшелері өз сөздіктерін дайындап болғаннан кейін жақын салалар анықталып, топтастырылып, ортақ талқылау жұмыстары жүргізілді. Талқылауға бірнеше баламалары берілген терминдер анықталып, ұсынылды. Мысалы, Физика және Астрономия, Математика, Информатика және Есептеуіш техника, Энергетика, Электроника, Радиотехника және Байланыс сөздіктері (1741 термин), Химия, Биология, Медицина, Экология, Дене тәрбиесі және спорт сөздіктері (2114 термин), Тарих, Мәдениет және өнер, Философия және саясаттану, Педагогика және психология, Әдебиет және лингвистика сөздіктері (1656 термин) бірге талқыланды. Мақсат ортақ терминдерді біріздендіру болды. Сонымен бірге, авторлық ұжымдар сөздіктерді дайындау барысында өздері бір шешімге келе алмаған терминдерді де ортақ талқылауға ұсынып отырды. Жалпы осындай отырыстарда 20 мыңға жуық термин талқыланды. Талқылаулар Педагогикалық ғы­лымдар академиясының басқар­ма төрағасы бекіткен кесте бойынша қатаң тәртіпте жүргізіліп отырды. Әр талқылауға 20-30, кей отырыстарға 35-40 адам қатысты. Осынша терминдерді талқылауға шамамен 1000-нан аса сағат, 10-11 ай уақыт жұмсалды. Мұндай талқылаулар өте нәтижелі өтті. Ұзақ жылдар бойы қазақ тілінде дәріс беріп, сала терминологиясын қалыптастырумен шұғылданып жүрген мамандар мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары бірге отырып, әр терминді жеке-жеке талқылағанда термин жасау мәселесінің ғылыми негіздері, сала терминдерін қалыптастыру жолдары, шетел терминдерін дұрыс алу реті, сөзжасам мәселелері, көне сөздерді пайдалану тәсілдері, сала терминдерінің қамтылуы, қазақ тілі заңдылықтарының сақталуы, жалпы термин жасау проблемалары және т.б. көптеген мәселелер кеңінен талқыланды. Осы отырыс­тар сөздік авторлары үшін үлкен термин жасау мектебі болды. Мұндай отырыстарды өткізу бір жағынан өте қиын болса, екінші жағынан оңай болды. Себебі, сала терминдерін қалыптастырумен ұзақ жылдардан бері шұғылданып жүрген танымал ғалымдардың әрқайсысы өз терминдерінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысты, ал екінші жағынан ол кісілердің барлығы да сала терминологиясын дұрыс қалыптастыруға мүдделі болды. Сондықтан әр отырыс­та тартысты жағдайлар туын­дап тұрғанымен, барлық автор­лардың терминологияны дұрыс қалыптастыруға деген адал ниет – басты ұстанымдары ортақ шешімге келудің түп қазығы болды. Біз ақылдаса отырып, осындай отырыстарда сала терминдерін жүйелеп жазып талқылау әдісін пайдалануды жөн көрдік. Бұл тәсіл өзінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, техника салалары бойынша «Кесу» құралдарына қатысты 12 термин, «Қысу» құралдары – 17 термин, «Егеу» құралдары – 13 термин, «Бөген» – 33 термин, «Арыққа» қатысты 63 термин жеке жазылып талқылданды. Осылай 2000-нан аса термин талқыланды. Физика және астрономия, Ма­тематика, Информатика және есеп­теуіш техника, Механика және машина жасау, Энергетика, Электроника, Радиотехника және байланыс, Машина жасау, Көлік және жол торабы, Сәулет және құры­лыс, Геология, геодезия, геогра­фия, Химия, Биология, Медицина, Ауыл шаруашылығы, Су шаруашылығы, Экология, Кен ісі және металлургия, Тамақ өнеркәсібі және тұрмыстық қызмет, Іс жүргізу және мұрағат ісі, Дене тәрбиесі және спорт, Статистика, стандарттау және зияткерлік меншік, Әскери іс, Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі, Философия және саясаттану, Тарих, Педагогика және психология, Мәдениет және өнер, Әдебиет және лингвистика, Экономика және қаржы, Заңтану салалары бойынша дайындалған сөздіктер 2014 жылдың соңында «ҚазАқпарат» баспа корпорациясында басылып шықты. Бұл сөздіктердің бұрын дайын­далған сөздіктерден ерекшелігі қазақ ұлтына ғана тән салт-дәс­түрімізге, мәдениетімізге, тұрмыс-тіршілігімізге қатысты, өзге тіл­дерде, соның ішінде орыс тілінде мүлдем кездеспейтін көптеген термин сөздердің жүйеленіп берілуі болды. Бұл қазақ тілінің әлем тіл­дерін байыта түсуге мүмкін­дігінің де мол екендігін көрсетуге тырысқан талпыныс еді. Шын­­дығында өзге тілдерде ұшы­рас­пайтын, ал аударма нұс­қалары қазақ тіліндегі түсінігін дәлме-дәл бере алмайтын көптеген қазақ сөздері бар. Мысалы, «Бесті қымыз», «Езген құрт», «Жаппа нан», «Майқуырдақ», «Айналайын», «Жігіттік», «Жеңгетайлық», «Сүй­інші», «Бас табақ», «Құда табақ», «Күйеу табақ», «Жоралғы», «Бәйге қамшы», «Білеу қамшы», «Дүре қам­шы», «Қара шаңырақ», «Түндік», «Астау», «Күбі», «Ақса­қал», «Әмең­гер», міне, осылай ұлт­тық құн­дылықтарымыз бен салт-дәс­түрі­мізді нашықтай түсетін термин­дер ретін жалғастыра беруге болады. Біздер осындай терең мағыналы терминдерді жиып алып, оларды ғылыми айналысқа нақ қазақ тілінде енгізуге тырыстық. Оларды орыс тіліне аудармай, орыс тілінің орфографиясына сәйкестендірілген қазақ сөзі түрінде бердік. Мұны қалың жұртшылық дұрыс түсініп, құптар деп ойлаймыз. Қазақ тілін жетік білмеген жандарға бұл тер­мин­дердің орысша жазылып берілуі түсініксіз болуы мүмкін, сондықтан алдағы уақыттарда түсіндірме сөздіктер жазу негізінде, оларды жалпы қолданысқа қосу керек деп ойлаймыз. Сонымен бірге, шетел халықтары да ол сөздердің шын мағынасын терең түсініп, оларды өз тілдерінде қолданысқа алып жатса, бұл қазақ тілінің мәртебесін көтерер еді. Жалпы, терминжасам ісі – бү­кілхалыққа ортақ іс. Терминдер жасау сала мамандары мен терминолог ғалымдардың ісі болғанымен, оған жалпы жұртшылықтың да араласқаны дұрыс. Сондықтан 2012–2014 жылдары «Ана тілі» газетінің №23 санында «Оқырманмен ойласу» атты айдармен «Тер­минжасам: Ұсыныс. Пікір» деген тақырыппен 2500-ден аса термин жарияланды. Сонымен бірге, 1000-ға жуық термин Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтындағы «Терминдер» айдарында жарияланды. Оларға тілге шын жанашыр жандардан пікірлер келіп жатты. Дайындалған сөздіктердің сапасын арттыруға Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мүшелері мол үлес қосты. Әр сөздік алдын ала анықталған Терминкомның бір мүшесіне тапсырылды. Терминком мүшелері: Ербол Әбдірәсілов, Қабылсаят Әбішев, Сауытбек Абдрахманов, Мәди Айымбетов, Сарқыт Әлісжан, Жарылқап Бейсенбайұлы, Кеңесбек Демеш, Самат Ибрайым, Дәуітәлі Омашұлы, Шәмшиден Пәттеев, Нәсіпқали Сейітов, Кеңес Юсуп сөздіктерді мұқият қарап, мыңдаған терминдерге қатысты ұсыныс-пікірлер айтты. Айтылған барлық ұсыныс-пікірлер бойынша авторлар ол кісілермен ақылдаса отырып, тиянақты жұмыс жүргізді. Терминком мәжілісінде сол отырысқа төрағалық жасаған Сауытбек Абдрахмановтың ұсы­ны­сы бойынша дайындалған сөздік­терді халықтың кең талқысына салу мақсатында оларды Педагогикалық ғылымдар академиясының сайтына ілу жөнінде шешім қабылданды. Ол ұсыныс министрлік тарапынан қолдау тауып, барлық 30 сөздік академия сайтына ілінді. Ол туралы «Егемен Қазақстан» және «Ана тілі» газеттеріне арнайы хабарлама жарияланды. Тілге қамқор жандар бұл сөздіктердегі терминдерге қатысты да өз пікірлерін жіберді. Авторлық ұжым мүшелері сөз­діктерге қатысты барлық айтылған ұсыныс-пікірлермен танысып, мұқият жұмыс жүргізді. Елімізде осындай көлемді ең­бек алғаш рет атқарылды. Бірде-бір ТМД елінде 30 томдық ғылы­ми салалық терминологиялық сөздік­тер топтамасы дайындалған емес. Мұндай ауқымды еңбек салалық министрлік тарапынан нақты қолдау болған жағдайда ғана іске асырылары сөзсіз. Бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М.Құл-Мұхаммед, қазіргі Мәдениет және спорт министрі, кезінде Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып жүргенде «Мәдениет және өнер» саласы сөздігін сапалы дайындау мәселесін өз қамқорлығына ал­ған А.Мұхамедиұлы, бұрынғы Тіл комитетінің төрағасы М.Сқа­қов, комитет төрағасының орынбасары, терминолог ғалым Ш.Құр­ман­байұлы, қазіргі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің төрағасы Д.Таумұрат ақыл-кеңес беріп, осы жұмысты асқан жауапкершілікпен атқару қажеттігін айтып, қолдау көрсетіп отырды. Сала терминологиясын қа­лып­тастырумен шұғылданып жүрген сала мамандары мен ғалымдары, тілші ғалымдар, республикалық терминологиялық комиссия мүшелері бірлесе отырып атқарған және жалпы жұртшылық пікірі ескеріле отырып дайындалған осындай көлемді жұмыс негізінде қазақ тілінің 250 мыңнан аса салалық ғылыми терминдер қоры жасалып, қазақ тілі терминологиясының ғылыми негізде дамып, кемелдене түсуіне нақты негіз қаланды. Алдағы уақыттарда салалық терминологиялық сөздіктер жасайтын ғалымдар мен мамандар тыңнан сүре салмай, осы қорды негізге алып, оны жетілдіріп, толықтыру мақсатында жұмыстар жүргізетін болса, онда қазақ тілі шын мәнінде өркениетке иек артқан, қай уақытта болмасын заман талабына сай дамып-жетіліп отыратын тілдердің санатында болар еді. Бұл бәріміздің ортақ асыл арман-мұратымыз емес пе?! Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, 30 томдық салалық ғылыми терминологиялық сөздіктер топтамасын дайындау жобасының ғылыми жетекшісі.