Халықаралық көші-қон үдерісі ушығып барады
«Балапан басына, тұрымтай тұсына», дегендей, жаһанды жайлаған экономикалық тұрақсыздық, дүркін-дүркін әр жерде тұтанған соғыс қимылдары халықаралық миграцияны өте ушықтырып жіберді. Босқындар саны да төмендер емес. Халықаралық миграция жөніндегі ұйымның (ХМҰ) дерегі бойынша, қазір әлемдегі заңды және заңсыз мигранттардың саны 70 миллионға жетіпті. Дүние жүзінде 125 миллион адам өзі туған елінен сырт аймақта өмір сүрсе, сырттан келетін мигранттар саны 1 миллиард адамға жеткен көрінеді. Қалыптасқан осындай жағдайға байланысты жақында Еурокомиссия мигранттар жағдайын реттеу және бақылау жөніндегі «Тритон» операциясын 2015 жылдың соңына дейін созуға шешім қабылдады. Еурокомиссияның осы шешімімен бірге мигранттар тасқыны шиеленісіп тұрған Италияға 13 миллион еуро көлемінде қаржы бөлу қарастырылуда. Сонымен бірге, осы операция аясында жүзеге асырылатын шаралар көлемінде Еуропалық одақ елдерінде көші-қон мәселелері жөнінде ақпарат алмасу шараларын күшейту ойластырылуда. Осы орайда, Еурокомиссия сириялықтарға бөлінген заңды миграция мөлшерін арттыруды жоспарлаған. Еске сала кетсек, Еуропалық одақ бойынша, сириялық босқындарға 35 мың ғана орын бөлу жөнінде шешім қабылданған болатын-ды. Ал қазір Сирия мемлекетін тастап шыққан босқындар саны 3,5 миллионнан асты. Сарапшылардың пікірі бойынша, «Тритон» операциясының ауқымы бұрын Италияда қолданылып келген «Маре нострум» ұлттық операциясынан төмен көрінеді. Мәселен, Рим «Маре нострум» операциясына ай сайын 9 миллион еуро қаржы бөлсе, «Тритон» операциясына ай сайын бөлінетін қаржы одан төмен. Сонымен бірге, «Тритон» операциясының қамту аймағы да шектеулі. Италия мемлекеті өзінің «Маре нострум» ұлттық операциясы шеңберінде елдің бүкіл территориялық теңіз аймағына бақылау жасаса, «Тритон» тек 30 миль шеңберіндегі теңіз аймағына бақылау жасайды. Сондай-ақ, «Тритон» операциясы теңізде апатқа ұшырағандарды құтқару ісімен де айналыспайды. Өткен жылы Еуропаға заңсыз түрде 276 мың мигранттар келген. Оның ішінде, 207 мың адам Еуропалық одақ шекарасынан Жерорта теңізі арқылы өткен. Заңсыз мигранттар қатарының жылдан-жылға өсіп бара жатқандығы Еуропалық одақты ерекше алаңдатуда. Мәселен, 2014 жылы кәрі құрлыққа кірген мигранттар 2013 жылмен салыстырғанда 138 пайызға артқан. Еурокомиссияның мигранттар ісі жөніндегі комиссары Димитрис Аврамопулостың айтуынша, тек 2014 жылдың қыркүйек айында ғана заңсыз мигранттар мінген 12 жүк кемесі ұсталыпты. Биылғы жылдың алғашқы айында-ақ Италияның теңіз жағалауларына 5 мыңнан астам мигранттар келген. Туған жерін тастап шыққан босқындардың жағдайы адам жанын түршіктіреді. Биылғы жылдың қаңтар айында Италия жағалауында теңізшілер тастап кеткен иесіз кеме табылды. Ал оның трюмін ашқанда, аштықтан және шөлден бұралып жатқан 400 адам табылған. Ал Адриатика теңізіндегі Корфу аралының маңында Молдавияның «Блю Скай Эм» атты жүк кемесінің бортынан адам төзгісіз жағдайда тасымалданып келе жатқан 1 мыңға жуық Ирак және Сирия азаматтары ұсталған. Тек 2014 жылы ғана Жерорта теңізінде 3300 заңсыз мигранттар мерт болыпты. Заңсыз мигранттар мәселесі Венгрия мемлекетін де ерекше алаңдатып отыр. 2015 жылдың алғашқы айында ғана Венгрия шекарасынан өткен мигранттар саны 2014 жылғы бүкіл мигранттар санынан асып түскен. Венгрия полициясы қаңтар айында ел шекарасына 10 мыңнан астам мигранттар кіргенін айтады. Олардың тек 20 пайызы ғана тіркеуден өткен көрінеді. Егер Италияның теңіз жағалаулары арқылы негізінен Сирия мемлекетінің босқындары келетін болса, Венгрия арқылы Еуропалық одаққа косоволық албандар өтетін көрінеді. Заңсыз мигранттардың көздеген басты мақсаты Еуропалық одақтың Германия, Австрия сияқты бай мемлекеттеріне жету. Кәрі құрлыққа өткен заңсыз мигранттардың тағы көздеген елі Ұлыбритания болып табылады. Бұл елде әлеуметтік көмек көрсету деңгейі жоғары және медициналық қызмет тегін. Сондықтан, жыл сайын бұл елге келетін босқындар мен заңсыз мигранттардың саны артуда. Бұл елдің премьер-министрі Дэвид Кэмерон аңсыз мигранттар тасқынына тосқауыл қою үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Жақында ол Еуропалық одақтан осы елге келетін мигранттар үшін әлеуметтік жеңілдіктерді қысқарту жөніндегі министрлер кабинетінің шешімін жариялады. Осы шешімге байланысты ЕО-дан келетін мигранттар елдегі әлеуметтік жеңілдіктерді (оның ішінде салық жеңілдіктері және муниципалдық пәтер) алу үшін осы елде төрт жыл тұрақты тұруы керек. Лондонның мұндай шараларға баруына заңсыз мигранттардың жылдан-жылға артып бара жатқандығы себеп болып отыр. Тіпті, Ұлыбритания премьер-министрі ЕО-дан келетін мигранттар саны азаймайтын болса, Англияның бұл одақтан шығатынын мәлімдеп отыр. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» демекші, өз елдеріндегі соғыс пен қантөгістен қашқан босқындарды қабылдаудан кәрі құрлық та ат тонын ала қашуда.Кедейшілікке ұшырағандар саны өсуде
Еуроаймақтың ең бай мемлекеті болып табылатын Германияда да кедейшілікке ұшырағандар саны өсіп барады. Euronews агенттігінің хабарлауынша, бұл елдегі кедейлердің саны 1990 жылы Еуроодаққа біріккенге дейінгі кезеңнен бері ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Халықтың әл-ауқаты мәселелерін зерттеу жөніндегі ассоциациясының баяндамасы бойынша 2013 жылы Германиядағы кедейлер саны 12,5 миллион адамға жетіп, ел тұрғындарының барлық санының 15,5 пайызын құрады. Ал бұдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 12,1 миллион адам болатын. Бремен, Мекленбург – Алдыңғы Померания және Саксония – Анхальт федералдық жерлеріндегі тұрғындардың 20 пайыздан астамы ең төменгі жалақыға күн көреді. Мемлекеттің ең бай жерлері саналатын Бавария және Баден –Вюртемберг сияқты өңірлерде бұл көрсеткіш 11 пайызды құрап отыр. «Германиядағы кедейшілік бұл экономикалық проблема емес, саяси салақтықтың салдары, – дейді ассоциация жетекшісі Ульрих Шнайдер. – Бізде, әлемдегі ең бай бес елдің бірі ретінде кедейшілікті түбірімен жоюға болатын еді. Елімізде көпшілік тұрғындардың тұрмысы жақсарумен қатар, бірқатарының кедейшілікке ұшырауы орын алуда. Бұл негізінен табысты бөлудегі теңсіздік проблемаларынан туындап отыр». Сараптама көрсетіп отырғанындай, кедейшілікке ұшырайтындардың басым көпшілігін зейнеткерлер, жалғызбасты аналар, арнайы білім жоқ адамдар, сонымен бірге, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгендер құрайды. Жұмыссыздардың 40 пайыздан астамы әлеуметтік жәрдемақы алады. Соған қарамастан, олар кедейшілік жағдайда өмір сүруде. 3 миллионнан астам адамның жалақысы елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Сондықтан олар азық-түлікті барынша үнемдеуге мәжбүр болуда. Германияда айына 892 еуродан аз табыс табатындар кедейшілікке ұшырағандар болып есептелінеді. Екі баласы бар отбасы үшін ең төменгі табыс 1873 еуро болуы керек.Жолы болмаған жоба
АҚШ-тың беделін асқақтатқан «тақтатас төңкерісінің» аяғы ақиқаттан аңызға айнала бастаған сияқты. Америкалық Шеврон компаниясы Румыниядағы тақтатас газын зерттеу және игеру жөніндегі жобасын тоқтатты. Румынияның Agerpres мемлекеттік ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, соңғы жылдары елде қарқынды жұмыстар жүргізіп жатқан Шеврон компаниясы өз қызметін тоқтататын болды. Агенттіктің дерегі бойынша, америкалық компания Румыниядағы тақтатас газын игеру жөніндегі жұмысын Польша, Литва және Украина елдеріндегі осындай жобаларын тоқтатқаннан кейін аяқтап отыр. Басылым атап көрсеткендей, «Румыния тақтатас газын зерттеу және игеру жобасын осы уақытқа дейін жүргізіп келген ең соңғы еуропалық ел болып отыр». Компания Румыниядағы жұмысын тоқтатуға бұл жобаның бәсекеге қабілетсіздігі себеп болғандығын алға тартады. Өткен жылы қарашада Румынияның премьер-министрі Виктор Понта «Біздің елімізде тақтатас газы табылмады, біз оны іздеудің барлық жолын қарастырдық» деген болатын. Ол бұл пікірін неменеге сүйеніп жариялап отырғандығын ашып айтпады. Америкалық компанияның Румынияда тақтатас газын игеретіндігі жөніндегі науқан дақпыртқа айналды. Қазіргі таңда Румыния табиғи газға деген сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Соңғы жылдары Румыния өз сұранысының 22 пайыздан 42 пайызға дейінгі көлемін Ресейден келетін табиғи газ арқылы жауып отыр. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».