• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2015

Бөрітостаған

1755 рет
көрсетілді

Тарбағатай өңірінде ерекше бір тас бар, ол сіз ойлағандай жай тас емес, айдалада жатқан алып тас, Бөрітостаған тасы десе, кейбіреулер оны «Бөрітостаған» деп атайды. Алдымен қабырғадағы пішіні бөлектеу сурет көзге оттай басылды. Бағамдай қарағанда білгенім, осы өңірдің әрбір азаматы мақтанышпен айтар жартас екенін, оны арнайы қылқаламмен әдемі күйінде өрнектеп қойғанын бірден түсіндім. Тарбағатай тауынан бөлек егістік алқабы секілді теп-тегіс жер бар, сол жерде бір қызығы айналасы алаңқай пішіндегі жерге бітімі бөлек жұмырланған үлкен алып тасты орналастыра салған сияқтанады, ол жайында түрлі әңгімелерге ұласып, сан түрлі жорамалдарға ұласып кете барады. Бөрітостаған жайында ел арасында аңыз көп, ол да қилы тақырыпқа жалғасып, түрлі әуенге ұласа түседі. Бір кезде бізді бұл өңірге сүйрелеген осы әңгіменің бізге жеткен қызықты бір тұсы еді. Тарбағатай өңірінде жаратылысы бөлектеу ғажайып бір тастың пошымы құбылған оның жатысына таңғалар едіңіз. Жақын маңдағы тау жыныстарын емге де таба алмайсыз, ең жақын жердегі тау деп, 50-60 шақырым қашықтықтағы Тарбағатайды ғана ауызға аласыз. Бұл елден елге жеткен ғажап тас жөніндегі таусылмас әңгіме аңыз болып тарады: «Тым ерте кезеңдерде осы Тарбағатай тауларының бірінде өте ірі денелі алып кейуана өмір сүріпті. Күндердің бір күнінде жарықтық алып анамыз отарлы қойын жазыққа айдап салып қаперсіз жайып отырады. Терең ойға берілген күйі бір уақ ыңылдап бір әннің қайырымын келтіреді. Ара-арасында ұршығын иіріп сол балалық шақтың қилы қызықтарын сағына еске алғандай сәтте тыныш жатқан отардың шеті  қайта-қайта дүр көтеріледі. Сондай жайсыз, әбден мазаны кетірген қапысыз кезде тау шатқалынан бейқам сәтте тосыннан шығатын көкбөрілерге жыны келген кейуана алдындағы отар тағы құлақтарын кере иіріліп қалғанда не істерін білмей, қолындағы ұршығын қияндап кеткен малға қайыру бермей мазаны алған бөрілерге құлаштап тұрып жіберіп кеп қалады. Тыныш жатқан отарына да, бейқам отырған өзіне де маза бермеген қасқырларға әбден зығырданы қайнаған алып кейуана иіріп отырған ұршығының басын лақтырып көкжал біткенді үркітіп отырған деседі. Ұршықтың тасын көз алдыңызға елестетіп көріңіз», – дейді бір аңыз. Ал кезінде өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Білім және еңбек» ғылыми журналына алматылық ғалым Тоқтар Нүркенов «Бөрітостаған» аспаннан түскен қатты зат, бұл тас метеориттік қопарылыс кезінде ұясынан шығып кеткен пергаменттік дене болуы мүмкін деген болжам айтқан. Шындығын зерттеген геологтар «Бұл өзі мол су көзін басып жатыр», – деп топшылайды. Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан». Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. Суреттерді түсірген автор.