• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2015

Көлеңкелі экономикамен күрес жоспары

364 рет
көрсетілді

Қалалық әкімдікте мемлекеттік кірісті ұлғайту мен көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша 2015-2016 жылдарға арналған шаралар жоспары таныстырылды, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі. Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің басшылығымен өткен бұл жиналыста экономика, мемлекеттік сатып алу тәртібі, еңбек мигранттарын тіркеу мен сол бойынша мониторинг жүргізу бағыттарындағы көлеңкелі өндірісті азайту мәселесі талқыланды. Жиналыс барысында қала әкімі елорда өміріндегі басым бағыттың бірі ретінде қалалық бюджетке түсетін кіріс көлемінің артуын атады. Бұл салада жұмысты үйлестіретін негізгі орган салық пен кеден және экономикалық тергеу қызметтерін біріктірген Мемлекеттік кіріс департаменті болып табылатынын атап көрсетті. Елорданың тартымдылығын сөз ете отырып, әкім бұл салада да кемшіліктердің жоқ еместігіне тоқталды, солардың нәтижесінде экспорттық әлеует толыққанды пайдаланылмайды және сыртқы нарыққа шығу жолдары жоқ. Сондай-ақ, жиналыста қала бюджетіне еңбек мигранттары тарапынан түсетін кірістің 25 пайызы ғана ресми түрде тіркелетіні айтылды. Еңбек мигранттарының мыңдаған саны болғанымен, бюджетке түсетін ізі жоқ. Олар құқық қорғау органдарындағы жемқорлардың табыс көзі болып табылады. Қала басшысы жылжымайтын мүлік пен тұрғын үйлерді бағалау мәселесінде де орын алған келеңсіздік көп екенін тілге тиек етті.