• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2015

Мұнай өндіру көлемі арта бермек

248 рет
көрсетілді

Еліміз егемендігін алғалы бері, 1991 жылдары 25 миллион тоннадан бастау алған мұнай өндіру көлемі бертін келе артып, 2014 жылдың есебі бойынша 80,8 миллион тоннаға өскен. Ол дегеніміз, бастапқыдан 3 есеге ұлғайғанын көрсетіп отыр.  Бұл көлеммен тоқтамай, әлемде болып жатқан экономикалық ахуалдарға қарамастан, біздің елде мұнай өндіру көлемін арттыру жоспарда бар. Айтар болсақ, 2017 жылы 86 миллион тонна, ал 2020 жылдарға қарай 104 миллион тонна өндіруге жағдайлар жасалуда. Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.  Сонымен қатар ол, мұнай өндіруден алда тұрған еліміздегі бірқатар көшбасшы өңірлерді  атап өтті. Оның айтуынша, бірінші орында тұрған  Атырау облысы, бір жылдық мұнай өндіру көлемі  32,2 миллион тонна, одан кейінгі – 18,5 миллион тонна көлем көрсеткішімен Маңғыстау облысы тұр, сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы 13,1 миллион тонна мұнай өндірген. Сонымен бірге, Ұ.Қарабалин мұнай көлемінің артуы жағынан алда тұрған бірнеше компанияларды да хабарлады. Атап айтқанда, бірінші орында «Теңізшевройл» ЖШС тұр, ол өткен жылдың есебі бойынша бір жылда 26,7 миллион тонна мұнай өндірген. Келесі орынға жылына 12,2 миллион тонна мұнай өндірген «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы шықты, дейді вице-министр. Және де одан кейінгі кезектерде «ҚазМұнайГаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Ақтөбемұнайгаз», «Қазгермұнайгаз» т.б. секілді компаниялардың аттары аталды. Ұ.Қарабалин мәлім еткендей, пайдалы қазбаның мол қорының арқасында, біздің еліміз мұнайлы елдердің арасында 12-ші орынға ие.  80,8 миллион тонна көрсеткішпен мұнай өндіруден Қазақстан 17-ші орынға шықты, деді вице-министр. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».