Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қызылшаға қарсы жаппай вакциналау басталғаннан кейін республикада туындаған жағдай бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, туындаған эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 15-19 жас аралығындағы адамдарды қосымша иммундау үшін қызылша моновакцинасының 1 млн. дозасы сатып алынған. 15-19 жас аралығындағы жас ерекшелік топтарын іріктеу қызылшаға сезімталдығы бар жасөспірімдер арасында жоғары көрсеткішпен байланысты болған.
2015 жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша республикада вакциналауға жататын 881мың баланың 59,4%-ы екпе алды. 2015 жылғы 24 ақпандағы ахуал бойынша медициналық көмекке 185 адам жүгінген, ол вакцина алғандардың жалпы санынан 0,03 %-ды құрайды. Жүгінген балаларды қарап-тексеру нәтижелері бойынша балалардың шағымдарының басым бөлігі балалар организмінің вакцина енгізуге жеке сезімталдығымен байланысты екені белгілі болды.
Балаларға медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі, қажеттілігіне қарай оларды динамикалық байқау үшін стационарға емдеуге жатқызу жүзеге асырылуда. Қазіргі сәтте қызылшаға қарсы вакциналау республика бойынша тоқтатылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Б.Сапарбаев вакцинаға сапалы сараптама жүргізілуін, сондай-ақ жаппай вакциналау кезінде және вакциналаудан кейінгі әсерлер себептерін белгілеу бойынша талаптардың сақталуына тексеру жүргізу бөлігінде өңірлік комиссиялар қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жұмыс тобының құрылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, вице-премьер Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес одан әрі иммундаудың жүргізілуіне бақылауды күшейтуді міндеттеді.