Елбасы сөзі – елдіктің көзі
Қазақстан Президентін сайлауды кезектен тыс өткізейік деген жалпы халық қолдап отырған пікірге біз де үн қосамыз. Саяси, экономикалық, қауіпсіздік ахуал күрделеніп кетті. Сын сағаты келді. Осындай жағдайда ел тізгінін берік ұстап отыратын басшыны қауіптің алдын ала сайлап алудың маңызы зор. Дәлірек айтсақ, әлемде тыныштық бұзылды, дүрбелең көбейді. Бір-бірімен соғыспай, дауласпай жатқан елдер жоқтың қасы. Үлкен қақтығыстардың қаупі де көрініс беріп отыр. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде көптеген елдермен саяси, экономикалық тығыз қарым-қатынас жүргізеді. Татулығы бұзылған, бір-бірімен мәмілеге келе алмай қылышын жалаңдатып, санкциялық соғыс майданын ашып отырған әлем елдерінің ызғары, теріс әсері біздерге де келмей қоймайды, келіп те жатыр. Қазақ елі үшін бұл үлкен қауіп. Одан да сақтанып, алдын алмаса болмайды. Әлем экономикасы дағдарыстан әлі шыққан жоқ. Осы дағдарыс, тіпті, қоюлана бастаған сияқты. Әлемде тауарға сұраныс азайды. Осының салдарынан мұнай бағасы екі есеге жуық, әртүрлі металл бағамы айтарлықтай төмендеді. Қазақстан экономикасын бұл ауыр жағдайға әкелді, өйткені, жоғарыда аталған тауарлардан алатын табыс көзі күрт тарылды. Ресей мен Украина арасындағы жағдай да екеуінің экономикасын құлдырату үстінде. Соның салдарынан олармен, әсіресе, Ресеймен экономикалық қатынас біздің шаруашылығымыздың жағдайын бұрынғыдан да қиындататын түрі бар, қиындатып та жатыр. Ел экономикасына келген осы қауіпті біз барынша сезініп отырмыз. Сондықтан да осы қауіптердің алдын алатын ауқымды шаралар жүргізіп, өз тағында уақытына алаңдамай мықты отыратын Президент керек. Кенжеғали САҒАДИЕВ, ҰҒА академигі. АЛМАТЫ.иденттік сайлауды биылШығысқазақстандық еңбек ұжымдары қолдайды
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасына шығысқазақстандық ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдары да үн қосып, қолдау білдірді. Шығыс өңіріндегі түрлі еңбек ұжымдары өкілдерінің пікірінше, президенттік және парламенттік сайлауларды бір мерзімде өткізу электоралдық науқан үшін қолайсыздық тудырады. – Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасын теледидар арқылы көрдім. Осы уақытқа дейін мемлекеттік саясат бар күш-жігерін отандастарымыздың жақсы өмір сүруі мен елдегі бейбітшілікті нығайтуға жұмсады. Бұл бағытта мемлекетіміздің келешегі үшін кезектен тыс сайлау өткізу этносаралық ынтымақты күшейте отырып, еліміздің дамуына серпін береді деген сенімдеміз. Біздің 25 мыңға жуық адам еңбек ететін компаниямыз Ассамблея өкілдерінің бастамасын толығымен қолдайды. Еліміз үшін саяси мәні зор оқиғадан тыс қалмаймыз, – деді «Казцинк» ЖШС-нің бас директоры Юрий Гусев. Аталған компания кәсіподақ комитетінің төрағасы Сергей Солдатовтың айтуынша, үлкен ұжымның бұл бастаманы бірауыздан қолдауы тегін емес. «Елбасының «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты отандастарымыздың жағдайын жақсартуға бағытталған. Жоспарды жүзеге асыру біршама уақытты талап етері сөзсіз. Сондықтан, барша қазақстандықтар үшін кезектен тыс сайлау өткізудің маңызы зор дер едім. Қазіргі әлемдік экономикадағы тұрақсыздық белең алған уақытта, бізге тұрақтылықты сақтауға кепілдік қажет», дейді кәсіподақ төрағасы. Ассамблеяның бастамасын аталған зауыттың барлық жұмысшылары да қолдап отыр. «Ассамблея мүшелері елдің жарқын болашағы үшін халыққа да, билікке де ортақ ұсыныс тастады. Біз 2007-2009 жылдары болған дағдарыс кезеңінде қалай өмір сүрсек, бүгін де, ертең де солай өмір сүргіміз келеді. Өскемендегі ірі кәсіпорынның өкілдері ретінде Ассамблеяның бастамасын қолдаймыз. Себебі, шет мемлекеттердегі қазіргі ахуалды ескергенде, елімізде ең алдымен тұрақтылық пен ынтымақтың сақталуы өте маңызды екенін байқадық. Алдағы уақытта өткізілуі мүмкін сайлау елдің жарқын болашағының кепілі деп білемін. Біз мемлекеттің қарапайым азаматтары ретінде әрдайым атар таңымыздың арайлы болуына сенімді болуымыз керек», деді «Казцинк» ЖШС электролиз цехының шебері Сергей Серов. Өскемен титан-магний комбинатының ұжымы да осы пікірді қуаттап отыр. Кәсіпорынның жөндеу шебері Дмитрий Нескладный зауыт жұмысшыларының пікірі ел мүддесі мен әрбір қазақстандықтың пайымымен тоғысатынын жеткізді. «Біз татулығы жарасқан, бірлігі бекем елде тұрамыз. Қазақстанның әр тұрғыны келешекке сеніммен қарағысы келеді. Ауызбірлігіміз әлемдік дағдарыс орын алған аумалы-төкпелі кезеңде ішкі тұрақтылығымыздың сақталуын және еліміздің одан әрі гүлденуін қамтамасыз етеді», деді Д.Нескладный. «Өскемен титан-магний комбинатында 2,5 мың адам жұмыс істейді. Әріптестерімнің әңгімесінен байқағаным, Ассамблея ұсынысын жұрт жұмыла қолдауда. Әлемдегі өзге елдердің бір-бірімен келіспеушілігі салдарынан халықаралық жағдайдың ушығып тұрғанынан хабардармыз. Сол себепті еліміз кезектен тыс сайлау өткізе отырып, болашаққа нық қадам басуы керек деп есептеймін», деді кәсіпорын жұмысшысы Талғат Құмарбеков. Өскемен титан-магний зауытының еңбек ұжымы келер жылы президенттік және парламенттік сайлау сынды екі ауқымды электоралдық науқанды қатар өткізудің көңілге қонымсыз екенін жеткізіп, президенттік сайлауды биыл өткізген ләзім деген пікірлерімен бөлісті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.Бірден-бір дұрыс шешім
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын кезектен тыс өткізу туралы бастама көтеріп, үндеу жариялауын қуана қарсы алдық. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы маңызды мәселе бойынша ұстанымын білдіруді өздерінің азаматтық борышы деп санайды. Жаhандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет. Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз. Бүгінде «Мәңгілік Ел» идеясын, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасын және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру үшін Елбасына үнемі сенім артуымыз керек. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат төңірегінде топтасу арқылы еліміздің одан әрі қарқынды дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз. Сондықтан біз барша қазақстандықтарды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төңірегіне топтасуға шақырамыз. Сонымен қатар, Елбасына жаңа мандат беру арқылы Қазақстан халқын оның төңірегіне тығыз топтастырып, еліміздің дамуына, мемлекеттілігімізді нығайтуға, елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті күшейтуге, Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыруға қол жеткізетініміз анық. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатқа қолдау білдіру еліміздің қарқынды дамуына, халқымыздың жақсы өмір сүруіне қолдау білдіру деп ойлаймыз. Тәуелсіздік алғанына 23 жыл ғана болған Қазақстан Республикасының абыройын аспанға асқақтатып, әлемдегі алпауыт елдермен иық тіресетіндей әлеуетке жеткізген Елбасының сарабдал саясатының тереңдігін, көз түгіл көңіл жетпес көкжиекті болжай алған көрегендігін, ел алдындағы ерен еңбегін, отандық қана емес, жаhандық саясаттағы жетекші орнын, бүкіл дүниежүзінің әйгілі саясаткерлерінің мойындап отырғанын біз зор мақтаныш тұтамыз. Ел экономикасының гүлденуіне кедергі келтіретін қаншама қиындықтарды жеңуге, халқымыздың еңсесін көтеріп, болашаққа нық сеніммен қарайтын бүгінгідей жағдайға жеткізуге, әдебиет пен мәдениетін, білімі мен ғылымын биіктете түсуге, көпұлтты мемлекетіміздегі береке-бірлікті нығайтып, саяси, әлеуметтік тұрақтылықтың берік орнығуына ұйытқы болып келе жатқан Тұңғыш Президентке Қазақстан халқы шексіз риза. Оның Қазақстан Республикасын гүлденген елге айналдырып, халқымыздың қасиет-құтын барша әлемге танытып, еліміздегі әр азаматтың патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын тереңдете түсу мақсатындағы әрбір қадамы, жаңа бастамалары жарқын болашаққа жетелейді. Әлемдік өркениетке туған халқын адастырмай апаратын дана тұлға, дара азамат әр елге керек. Сондықтан қазақстандықтар Н.Ә.Назарбаевты Елбасы деп бекерден-бекер ардақтап жүрген жоқ. Бұл халқымыздың оған деген шынайы құрметі, шексіз сенімі. Бізде Елбасы біреу, біз оған қай уақытта да сүйеу бола білуіміз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің Қазақстан Республикасы Президентін сайлауды кезектен тыс өткізу туралы бастамасын Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері толық қолдайды. Елбасына сенімді ел болашағына берілген кепілдік және орынды да бірден-бір дұрыс шешім санайды. Менболат ТІНӘЛИЕВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы. ОРАЛ.Елдіктің тірегі – тіл
Жақында Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшелері бас қосып, барша қазақстандықтарды толғандырып отырған бүгінгі таңның басты мәселесі – президенттік сайлау өткізу бастамасын талқылады. Қоғам төрағасы, ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы өз сөзінде Ұлытау төрінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлтымыздың тілі мен діні, мәдениеті мен тарихы туралы айтқан ұлағатты сөздерін еске салып, ширек ғасырдан бері мемлекеттік тіліміздің даму жолдарының жетістіктері мен көлеңкелі тұстарын сараптай келе, ана тіліміздің бірте-бірте қарқындай дамып, мемлекеттің басты ұйыстырушы негізіне айналып келе жатқанын атап өтті. Одан кейін де сөз алған қоғам қайраткерлері елдіктің басты тірегі – тіл екенін тағы да бір нақтылай түсіп, татулық пен бірліктің арқасында экономикамыз өсіп-өркендеумен қатар, ұлтымыздың рухани-мәдени түлеуі де еселей түсетініне сенім білдірді. Тіл жанашырлары Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын мақұлдап, мұның уақыт талабы екенін атап көрсетті. Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.Қоғамды оятатын бастама
М.Әуезов атындағы жалпы орта мектеп ұжымы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдайды, мұны халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол» Жолдауы елімізді қазіргі дағдарысқа ұрындырмайтын жарық жол деп білеміз. Қазақстан Президенті «Әр баланың өз нәсібі бар», деп халықтық пайымға жаңа ұғым беріп, біздің кәсіби қызмет өрісімізді кеңейтті. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», деп Елбасымыз айтқандай, жаппай білім мен тәрбие жолында, рухани-мәдени майданда аянбай еңбек етеміз. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынғаны құптарлық жәйт. Бұл біздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асырылуын қамтамасыз ете отырып, бұдан да қуатты, бұдан да тас түйін бола түсуімізге мүмкіндік береді. Қысқасы, барлық қазақстандықтарды Қазақстан халқы Ассамблеясы Кенесінің үндеуін қолдауға шақырамыз. Бұл қоғамды оятты. Тың серпін берді. Айнұр ӘЛШЕРІ, М.Әуезов орта мектебінің мұғалімі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы.Салиқалы саясаттың нәтижесі
Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Парламент Мәжілісіндегі депутаттық топқа, саяси партияларға, үкіметтік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына ел Президентінің сайлауын кезектен тыс өткізуге бастама көтеру туралы үндеуін мұқият оқып шықтым. Ассамблея мүшелерінің бұл бастамасын құптарлық, қолдауға лайық бастама деп түсінемін. Шын мәнінде қазіргі дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың тұсында бір жылда, яғни 2016 жылы президенттік және парламенттік қос бірдей сайлауды қатар өткізу мемлекетіміздің бюджетіне ауыр салмақ түсіретіні анық. Сондықтан ел Президентін сайлауды биыл, 2015 жылы өткізген дұрыс. Елімізді сонау 2007 жылдан бастау алған әлемдік қаржы дағдарысына, өткен жылдың соңына қарай мұнай бағасының құлдырауына қарамастан, дамытып қана қоймай, оның ішінде әлеуметтік салаларда қолға алынған жұмыстарды арттыра түсуге бағыт-бағдар беріп отырған еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жаңа президенттік мандат беру туралы мәселе көтерілгені орынды деп білемін. Әлемдік экономикалық дағдарыстың жақын қалғанын сезген Елбасы оның алдын алып, 2014 жылдың аяқталуын күтпей-ақ «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын халыққа жариялады. Бұл Жолдауда ұлттық қордан қомақты қаржы бөлініп, инфрақұрылым саласы қолға алынатындығы, сөйтіп, әлемдік дағдарыс тұсында халқымыз тұрақты жұмыстармен қамтылатындығы туралы нақты көрсетілген. Мұндағы айтпағым, осындай қиын-қыстау күрделі кезеңде, халқына тұйықтан шығудың жолын нұсқап, болашақтың бағдар шамын іздестірумен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қасына топтасып, оның жүргізіп отырған ішкі, сыртқы саясатын қолдауымыз қажет деп түсінемін. Еліміздің қазіргі ахуалына қарап шүкіршілік етемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш жағдайда өмір сүрудеміз. Жұмыс істеймін, кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржысы жоқтарға несиелер беріліп жатыр. Осының нәтижесінде жұмысын дөңгелетіп, өзінің тұрмыс-жағдайларын жақсартып жүрген азаматтар көптеп саналады. Ал зейнет жасындағы біз сияқтылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, мемлекеттік қызметтің басы-қасында жүрген азаматтар, ұстаздар мен дәрігерлер өздерінің еңбекақылары мен зейнетақыларын уақтылы алып отыруымыз мемлекетіміздің іргетасының мықтылығы, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының дұрыстығының нәтижесі дер едім. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ұсынған президенттік сайлауды кезектен тыс, яғни биыл өткізу туралы бастамасын бар ықыласыммен қолдайтынымды білдіремін. Осыған отандастарымды да шақырамын. Бектұрған ЖАМБАБАЕВ, ардагер журналист. Жамбыл облысы, Меркі ауданы. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің үстіміздегі жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы жұртшылық тарапынан қызу талқылану үстінде. Белсенді пікірталастарға қарағанда, бұл үдеріс жалпыхалықтық қолдауға ие болып отыр. Түрлі мамандық иелері – кәсіпорын жұмысшылары мен ауыл еңбеккерлері, мұғалімдер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қоғамдастық және үшінші сектор өкілдері, кәсіпкерлер мен түрлі саяси партиялар мүшелері, қысқасы, барша халық сайлау өткізуді қолдау туралы өздерінің пікірлерін білдіріп жатыр. Қазақстандықтардың бұл ұстанымдарынан қоғамдағы тұрақтылық пен келісім ғана елімізді жаңа биіктерге бастайды деген ой анық аңғарылады. Нұриддин КАЮМОВ, Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы: – Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны кеңінен тарап келеді. Жағдай геосаяси қысымдармен де айтарлықтай күрделене түсуде. Осы орайда, тіпті, дамыған елдердің өзінде ксенофобия, діни төзімсіздік, радикалды қозғалыстар өсіп отыр. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі жариялаған 2015 жылы президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы уақтылы және орынды шешім болып табылады. Қазақстанда президенттік сайлау өткізу бұған дейін белгіленген бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, ел экономикасының өсімін одан әрі қамтамасыз ететін болады. Мұның шетел инвестициялары үшін де үлкен кепілдік атқаратыны күмәнсіз. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің өңірлік ынтымақтастығына да оң ықпал ететін болады. Сәуірбай ЕСЖАНОВ, «Астанаэнергосервис» АҚ басқармасының төрағасы: – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы негізсіз емес. Әлемде байқалып отырған қазіргі күрделі жағдай Қазақстанға Мемлекет басшысы нұсқаған бағыттан таймаған жағдайда ғана тиімді даму мүмкіндігін беретіні ақиқат. Сонымен қатар, қалыптасқан жағдайда ғана Қазақстан өсіп-өркендеп, елдегі тұрақтылық пен келісімді толық көлемінде сақтай алады деп білемін. Ал біздің кәсіпорынға келетін болсақ, ол Астанадағы коммуналдық қызмет көрсетуде үлкен басымдыққа ие. Холдинг табыстарының маңызды қырының бірі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы десем, еш артық айтқандық емес. Бұл қолдау ұжымымызды тек тиімді жұмысқа ғана ынталандырып қоймай, әлеуметтік міндеттемелерін орындауға да алғышарт жасап отыр. Владимир ТОЛОКОННИКОВ, Қазақстан орыс қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры: Қазіргі таңда Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі ең тұрақты және орнықты дамып келе жатқан республика. Біз қалыптасқан нарықтық экономика құрып, жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейіне қол жеткіздік және азаматтарымыз өмірінің сапасын жоғарылата отырып, әлеуметтік салада айтарлықтай биіктерді еңсердік. Қазақстан табыстарының негізінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана да сара саясаты жатыр. Мұндағы ең басты базистердің бірі – ұлттар достығы мен қоғамдық келісім. Осының арқасында елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар Қазақстанды өздерінің ортақ Отаны санайды. Мен кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерген Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесіне де үлкен ризашылығымды білдіремін. Орыс қоғамының Қазақстандағы филиалы бұл ұсынысты бірауыздан қолдайды. Бекболат ТІЛЕУХАН, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті: – Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын жан-жақты қолдайды. Бұған нақты себептер бар. Бірінші кезекте бұл елде бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Отанымызды дәйектілікпен дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастыру үшін қажет. Ұлттық спорт түрлері елімізде жақсы дамып келеді. Бұған бір ғана мысал келтірейін. 2014 жылы Түркістанда өткен әлем чемпионатына Қазақстанның барлық 14 облысынан, сондай-ақ, Астана мен Алматыдан құрама командалар толық құрамында қатысты. Бұл нені білдіреді? Бұл жер-жерлерде дәстүрлерімізді жалғастыруға жан-жақты назар аударылып келе жатқанын білдіреді. Атап көрсететін бір жайт, мұнда Мемлекет басшысының орасан зор рөлі бар. Әлия САЛИЕВА, кәсіпкер, Батыс Қазақстан облысы: – Президенттік сайлау – бүгінде ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Осы ұсыныстың пайдасына көптеген дәлел-дәйектер келтіруге болады. Еліміз әлемдік қоғамдастықта айтарлықтай жоғары бедел алып үлгерді. Оның үстіне, өзінің ерекше даму жолының дұрыстығын әркез айғақтап келеді. Бұл – барлық қазақстандықтардың, бірінші кезекте, халықты жалпыұлттық идея төңірегінде топтастыра білген Президенттің еңбегінің нәтижесі. Бизнес-қоғамдастықтың кез келген өкілі тұрақтылық пен келісім жағдайында ғана табысты дамуға қол жеткізуге болатынын жақсы біледі. Отанымыздағы татулықтың арқасында қазақстандықтар, тіпті, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы ең қиын кездердің өзінде оған төтеп беріп қана қоймай, экономикалық өсімге де берік іргетас қалады. Сондықтан да ҚХА Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы жан-жақты қолдау тауып отыр. Тимур НАҚЫПБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы департаментінің жетекшісі: – Қазақстанның әлемдік экономикадағы күрделі жағдайларды еңсеруіне «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты жәрдемдеседі. Қазіргі таңда басты мақсаты шикізаттық экономикадан кету болып табылатын индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру қатарласа жүруде. Осы мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру үшін Президенттің жеке бақылауы мен қатысуы ауадай қажет. Өйткені, олардың бастамашысы да Елбасының өзі болып табылады. Бизнес жақсы даму үшін тұрақты экономикалық бағыт пен саяси кепілдік қажет. Көптеген дамушы елдерде президенттік сайлаулардың алдында инвесторлар әдетте қандай да бір мерзімге тайм-аут алады. Себебі, елдегі саяси ахуал қай жаққа қарай бұрылатынын білмейді. Үстіміздегі жылы сайлау өткізу инвесторларға одан әрі сенімді түрде жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік береді. Рубен АНДРИАСЯН, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Қазіргі кезде әлемдегі саяси жағдай тұрақсыз екендігін көріп отырмыз. Әлемдік дағдарыс өзінің шыңына қарай жақындап қалды. Біз дағдарыс көріністерін қалай еңсеруді ойластырып жатырмыз. Ал бізді асау тасқыннан Президент Н.Ә.Назарбаев болмаса, кім алып өтеді? Мен елдегі барлық этностар өкілдік ететін Ассамблеяның бастамасын толық қолдаймын. Өзгелерді де қолдауға шақырамын. Біздің бәріміз ел болып бірігіп, алда тұрған бірінші кезектегі міндеттерді шешуге кірісуіміз керек. Бұл тек сайлау ғана емес, онда халық пен ұлттың тағдыры шешілетін болады. Мемлекет басшысына сенім мандатын беру халықаралық саясаттың ең бір күрделі кезеңінде жұдырықтай жұмылудың жалғыз жолы болатыны күмәнсіз. Жексенбек ӘДІЛОВ, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі: – Қазақстан Республикасы Президентінің басшылығымен еліміз нағыз нарықтық экономикалы егемен мемлекет бола отырып, үлкен табыстарға қол жеткізді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйелі қайта жаңғыртуларды жалғастырғаны біздің ортақ мүддемізбен сәйкес келетінін түсінуіміз қажет. Осымен байланысты, ҚазҰТУ-дің сан мыңдаған ұжымы ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасына тұтастай қолдау білдірді. Еліміздегі индустрияландыру үдерістерін қамтамасыз ету үшін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында білікті маман-кадрлар дайындауға 10 техникалық ЖОО іріктеп алынғаны белгілі. Олардың арасында біздің университет те бар. ҚазҰТУ ұжымы алға қойылған міндеттер үдесінен шығуға бар күш-жігерін жұмсайтын болады. Юрий ЦХАЙ, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті: – Соңғы 20 жылда Қазақстанда спортты дамыту үшін көп жұмыс жасалды. Біздің Көк байрағымыз отандық спортшылардың олимпиадаларда, әлемдік біріншіліктерде қол жеткізген табыстарына орай барған сайын жиі-жиі көтерілетін болды. Бұған қоса, еліміз ірі халықаралық жарыстар өткізетін орынға да айнала бастады. Болашақта да осылай болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл үшін баршамыз ел басшылығын қолдауға тиіспіз. Бұл Қазақстан бағыты бұрынғысынша тұрақты, жеңістерге бет бұрған қалпында қалуы үшін керек. Біздің боксшыларымыз әлемде жетекші орынға сенімді тұрақтаған. Қазақстан боксы қазіргі таңда бүкіл әлем танитын брендке айналып отыр. Бізде қашанда әлеует жоғары, яғни талантты спортшылар көп. Соңғы жылдары ол Мемлекет басшысының спортты дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуінің арқасында бұрынғыдан да табысты дами түсті. Қысқасы, біз жаңа биіктерді бағындырдық, алда кезекті шыңдар тұр. Роза КӘРІБЖАНОВА, «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бас директоры: – «Дана мемлекет мыңдаған жыл өмір сүреді», деген жақсы тәмсіл бар. Мұндай табыстың іргетасы дамудың тереңнен ойластырылған стратегиясы екені түсінікті. Нақ осындай стратегия Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жасалып отыр. Халықаралық сарапшылар бүгінде тарихи қысқа мерзімде әлемдегі аса дамыған 50 мемлекеттің қатарынан ойып тұрып орын ала алған еліміздің тамаша трансформациясын оқып-үйренуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді дәйекті ілгерілетуінің алгоритмі «Қазақстан-2050» Стратегиясында нақты көрініс тапқан. Бұл Қазақстанды өсіп-өркендетуге апаратын жол болып табылады. Бұл мақсат қашанда біздің ата-бабаларымыздың басын біріктіріп келсе, қазіргі кезде де Елбасының басшылығымен осы бағытты бетке алып жүріп келеміз. Отанымыздың болашақ дамуын да Нұрсұлтан Әбішұлының атымен тікелей байланыстырамыз. Зарема ШӘУКЕНОВА, Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, «Нұр Отан» партиясы Алматы филиалы саяси кеңесінің мүшесі: – «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты, сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» кем дегенде дағдарыстан кейінгі дүниенің контурларын айқындап беретіндей. Бұл арада мен біздерге, барлық қазақстандықтарға, балаларымыз бен немерелерімізге қатысты айтып тұрмын. Осылайша Елбасы ешкімде де жоқ деп айтсақ қателеспейтін нақты іс-қимыл бағдарламасын белгіледі. Сондықтан бізге Мемлекет басшысына бұған дейін де талай мәрте жасағанымыздай, сенім көрсетіп, әркім өз орнында барынша көмектескені жөн. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда осы күнге дейін сенім үдесінен шығып келе жатқан Елбасына сенбегенде, кімге сенеміз? Біз тарихи әділеттілік пен уақыт байланысын қалпына келтіріп, халқымызды тату-тәтті тірлікке бастай білген Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге егемен Қазақстанды әрі қарай күшейтуді жалғастырайық дегім келеді. Анастасия ЛУШПЕЙ, Ақтөбе белгі беру және байланыс дистанциясының механигі: – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасы туралы өткен демалыс күндері ғаламтордан оқып білдім. Бастамашы топ Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз деп хабарлады. Ассамблея өкілдері «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасын және «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді біріктіру керек деген ұсыныс айтады. Менің ойым да осыған саяды. Еліміздің саяси өмірінде нендей өзгерістер болса да, тек оптимистік көзқарастамын. Өйткені, барлығы қарапайым халық игілігі үшін жасалып жатыр деп ойлаймын.